Жаңалықтар

Маңғыстаулық жас ғалым шалғай ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етудің амалын тапты

Маңғыстаулық жас ғалым шалғай ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етудің амалын тапты
Фото: Видеодан кадр 19.01.2024 09:18 810

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек маңғыстаулық жас ғалымның ашқан жаңалығы туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қазіргі әлемде ғылымсыз бір қадам алға баса алмасың ақиқат. Нарық заманында экономиканың ілгерілеуі, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы сияқты маңызды міндеттер ғылыми ізденістер мен зерттеулердің белсенді жүргізілуіне тәуелді. Баршаңызға белгілі, қазіргі таңда еліміздің ғылыми қызметкерлеріне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Жыл сайын ғылымды қаржыландыру ұлғаюда. Ғылымды, техниканы және инновацияларды дамыту – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі бағыттарының бірі, - деді министр Саясат Нұрбек.

Министр ғалымдарды қолдау бойынша жасалып жатқан жұмыстардың бірқатарын баяндады.

Бүгін өздеріңізге Маңғыстау өңіріндегі жалғыз жоғары оқу орны – Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті ғалымының жетістігі туралы айтпақпын. Yessenov University ғалымдары жыл сайын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобалары аясында белсенді ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде, - деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Самал Сырлыбекқызы – Yessenov University PhD докторы, қауымдастырылған профессор. ҚР ҒЖБ министрлігінің 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру негізіндегі «Жылу сорғысы негізінде күн-жылу тұщыландыру қондырғысын әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми жобаның жетекшісі.  
Университеттегі ғылыми қызмет бағытының бірі – өңірдің аса маңызды ғылыми-техникалық проблемаларын шешу болып табылады. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Сарапшылардың болжамы бойынша, жиырма жылдан кейін Қазақстанда су тұтыну 56%-ға өседі, ал су тапшылығы жылына 20 шаршы километрден асуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Жолдауында 2025 жылға қарай ел халқының 100%  ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Осы мәселелерді шешуде ғылыми жоба бойынша әзірленіп жатқан шағын (мобильді) автономды тұщыландыру қондырғысы қазіргі таңда орталық коммуникацияларға қол жеткізе алмайтын шалғай елді мекендер мен ауылдық жерлердегі ауыз сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп есептеймін. Жоба аясында шалғайдағы елді мекендер үшін тұзды суды тұщыландыруға арналған жылу сорғысы мен күн дистилляторы негізіндегі шағын күн-жылу тұщыландыру қондырғысы әзірленген. Жергілікті климаттық және әлеуметтік жағдайлар негізінде су буының конденсациялану жылдамдығын арттыру мақсатында күн-жылу тұщыландыру қондырғысын пайдаланудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, тұщыландыру қондырғысының өнімділігі тексеріліп, сыналған, - дейді ол.

Маңғыстау облысында күн жылу энергиясының ресурстарының айтарлықтай жоғары болуына сай жылу сорғысының тиімділігі де жоғары болған. Күн-жылу тұщыландыру қондырғысын жылу сорғысы жүйесімен біріктіру нәтижесінде өнімділігі 80%-ға артқан.

Самал Сырлыбекқызы ҚР «ЖОО үздік оқытушысы-2017» мемлекеттік сыйлығының иегері. 2022 жылы ҚР ҒЖБМ «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ, 2023 жылы Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атанды. h-index – 5.

Жас ғалым алдағы уақытта дайындалған автономды тұщыландыру қондырғысын ары қарай ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл өңірдің су тұщыландыру баламаларына инновациялар әкеледі деп есептеймін, - дейді Ғылым және жоғары білім министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға