Маңғыстаулық нейрохирургтер ауыр жарақат алған науқасқа шұғыл ота жасады

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирург дәрігерлері 30 жастағы науқасқа шұғыл түрде жарақаттан кейін пайда болған омыртқа жарығын (грыжа) алып тастау операциясын сәтті жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нейрохирург Думан Мырзабековтың айтуынша, науқас құлап, мойнын құбырға қатты соққан. Салдарынан қатты ауырсынумен ауруханаға жеткізілген. Уақыт өте келе оның жағдайы нашарлап, аяқ-қолы ұйып, қозғалысы шектелген, сондай-ақ көру қабілеті төмендеген.
Диагностикалық тексеру кезінде (КТ, МРТ) науқастың 5-ші және 6-шы мойын омыртқалары арасында жарақаттан кейін пайда болған жарық анықталды. Ол жұлынды қатты қысып, науқастың өздігінен жүруіне мүмкіндік бермеді. Осыған байланысты шұғыл операция жасауға шешім қабылдадық, - дейді Думан Мырзабеков.
