Жаңалықтар

Маңғыстаулық бір топ қызметкерлерге мемлекеттік наградалар табысталды

Маңғыстаулық бір топ қызметкерлерге мемлекеттік наградалар табысталды
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі 31.12.2024 19:44 1340

Маңғыстаулық энергетиктер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Энергетиктер» және «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері» күніне орай, саналы ғұмырын саланың дамуына арнаған бір топ ардагерлер мен сала мамандарына мемлекеттік наградаларды табыстады. 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде елдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен еңбек ардагері Сайлау Байбатыров және «Сенек» ЖШС бас маманы-зоотехнигі Аманжол Тасмағамбетов марапатталды.

 «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Жеті лақ» ШҚ басшысы Александра Григолова мен «Тұрланов Балтабай» ШҚ басшысы Балтабай Тұрланов марапатталды.

Сонымен қатар, энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» ордені «Ақтау-Восток» ЖШС бас инженері Александр Булгаковке табысталды. 

IІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК шебері Парахат Есениязовке,  «Ерен еңбегі үшін» медалі «МАЭК» ЖШС слесарі Сағидолла Әділов пен «МАЭК» ЖШС цех бастығы Ибадолла Жылхайдаровке берілді.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай марапат иелерін құттықтап, олардың еңбегінің ел дамуына қосқан үлесі мен маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында өңірімізде ауыл шаруашылығы мен энергетика салалары тұрақты дамып келеді. Әрқайсыңыздың табанды жұмыстарыңыз – болашақ ұрпақ үшін үлгі. Осы орайда, баршаңызды алған наградаларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы қызметтеріңіз табысты болсын!, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға