Жаңалықтар

Маңғыстаулық 87 жастағы кейуана Димаш Құдайбергенге ерекше сыйлық жасады

Маңғыстаулық 87 жастағы кейуана Димаш Құдайбергенге ерекше сыйлық жасады
Фото: Видеодан алынған кадр 06.04.2025 20:07 457

Танымал әнші Димаш Құдайберген 87 жастағы маңғыстаулық қолөнер шеберімен кездесіп, өзіне арнап жасаған шашақты сыйға алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Маңғыстаудың 87 жастағы қолөнер шебері Шархат Төлемісова Димаш Құдайбергенге арнап жасаған шашағын табыстау үшін «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» мерекелік шарасының ашылу салтанатына арнайы келіп, 2 күн бойы қатысты.

Бұған дейін біз 90 жасқа таяған кейуананың Димашқа арнап шашақ жасап, оны өз қолымен табыстағысы келетінін айтқан болатынбыз.

Біз - қазақпыз. Қазақтың кішкентай қызы болып өстік, қазір ана болдық, ауылдың данасымыз. Димаш – өзіміздің баламыз. Ақтауға келеді дегенді естіген соң, «неге бір тал шашақ байламасқа?» деп ойладым. Сондықтан кездесіп, домбырасына өз қолыммен тағуды жөн санадым, – деді қарт ана.

Бүгін Димаш Құдайберген ақ тілеулі анамен арнайы кездесіп, өзіне арнаған шашақты алды.

Әлеуметтік желіден әжеміздің маған арнайы шашақ жасағанын оқып білдім. Кеше концерттен соң әжемізбен кездесе алмағаным ойымнан кетпеді.  Бүгін ағаларыма айтып, арнайы кездесіп отырған жайым бар, - деген Димаш әженің қасына еріп келген 10 жасар шөбересіне алқасы мен жүзігін сыйға тартты. 

«Елдің де, ердің де тілеуін тілеп отырған ана болғандықтан, қазақты әлемге танытып  жүрген осы балама арнайы шашақ жасап, оны тапсыру арманым еді», деген шеберқол ана шашақтың бойына жасырылған мағынаны түсіндіріп, Димашқа ақ батасын берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға