Маңғыстауға өзге өңірлерден 15 тонна картоп жеткізілді
Маңғыстаудың тұрақтандыру қорына өзге өңірлерден 15 тонна картоп жеткізілді. Оған қоса, 5 тонна сәбіз бен 7 тонна жуа әкелінді. Жергілікті органдар мен 12 ірі сауда желісі арасында осындай әлеуметтік маңызды тауарларды белгіленген бағада сату жөнінде келісім жасалған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өңірлік қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, жауапты тұлғалар азық-түлік бағасының шамадан тыс шарықтауы көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлерге тікелей байланысты екенін мәлімдеп отыр.
ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша өңірімізде апталық картоптың орташа бағасы – 250 теңгені құрайды. Облыс тұрғындарына тұрақтандыру қорынан бөлек 70-80 тонна картоп Павлодар, Қарағанды және басқа қалалардан жеткізілген. Бұған дейін Маңғыстау өңірінде картоптың келісі - 350-400 теңгеге жеткен.
Атап өтетін нәрсе, алыпсатарлар негізгі құнға 10-15 пайыз қосуға құқылы. Кәсіпкерлер картоптың келісін 310-350 теңгеден саудалауда. Себебі алыпсатарлар өздері қымбатқа алдырып, оған жеткізу құнын және 15 пайыз тағы қосады. Бұл жағдайға қатысты Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Яхияұлы пікірін білдірді
Өңірдегі АСАР-С көтерме тарату базарындағы картоптың көтерме бағалары 320-350 теңгені құрайды. Ал бөлшек саудада 177-380 теңгені құрап отыр. Баға өсімінің басты себебі - Өзбекстан мен Ресей тарапынан қазақстандық картопқа экспорттық сұраныстың артуы әсер етуі. Себебі, Өзбекстанға картоп экспорты 3 есе, ал Ресейге 4 есе өсіп кетті. Одан бөлек Ресейде картоп егістігінің көлемі былтырғы деңгеймен салыстырғанда 16%-ға дейін төмендеуіне байланысты көтерме баға 2 есеге өсті,- деді Дастан Яхияұлы
Сонымен қатар, жабдықтардың қымбаттауына байланысты минералды тыңайтқыштар мен химия өнімінің өзіндік құны да 25-30% өсті.
Тұтынушыларға тұрақтандыру қорының тауарлары сатылатын бағалар (Картоп: 177 теңге/кг, Сәбіз: 192 теңге/кг, Пияз: 187 теңге/кг).
2024 жылдың қазан айынан бастап бүгінге дейін сауда орындарына интервенция жүргізілген көкөністер (Картоп:98 тонна, Сәбіз:32 тонна, Пияз: 74 тонна, Қырыққабат: 78 тонна). Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында: Картоп: 36 тонна, Сәбіз: 29 тонна, Пияз: 14 тонна, Қырыққабат: 6 тонна. Одан бөлек сауда орындарында картоп қоры: шамамен 250 тонна, сәбіз 150 тонна, жуа 130 тонна, қырыққабат 80 тоннаны құрап отыр.