Маңғыстаудағы теңіз порттары қалай дамып жатыр
Көлік министрлігінің теміржол және су көлігі комитетінің басшылығы Ақтау және Құрық порттарының даму барысымен және «Ерсай» және «Саржа» терминалдарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Порттардың басшылығы аймақтық және халықаралық сауданы кеңейтуге бағытталған даму жоспарларын ұсынды. Ақтау портында контейнерлік хабтың құрылысы басталды. Қазіргі уақытта топырақты әкелу және нығыздау жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс алаңында 20-дан астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жобаны 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Бұл жоба жүзеге асқан соң порттың өткізу қабілеті жылына 240 мың ЖФЭ-ге дейін артады. Сонымен қатар, портта қайта тиеу техникасы жаңартылған. Оның ішінде 4 тиегіш және салмағы 63 тоннаны құрайтын кран сатып алынды. Келесі жылы Ақтау портының су айлағында тереңдету жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.
Құрық портында биыл қараша айында жылдық қуаты 1 миллион тоннаны құрайтын жаңа астық терминалы іске қосылды. Биыл Иранға 2 800 тонна арпа жөнелтілді. 2024 жылдың мамыр айында «Ерсай» терминалы іске қосылып, Өзбекстанға 153 ірі габаритті жүк жіберілді. Сондай-ақ, Құрық портында теңіз кемелерінің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін кеме қозғалысын басқару жүйесі (КҚБЖ) енгізілді. 2024 жылдың алғашқы 10 айында Ақтау порты арқылы 4,2 миллион тонна жүк тасымалданды, ал Құрық портының паромдық кешені арқылы жүк тасымалы 22%-ға өсіп, 23 134 бірлікті құрады, - деп жазылған Көлік министрлігі таратқан мәліметте.
Бұл жобалар Қазақстанның халықаралық логистикадағы орнын нығайтып, Транскаспий бағытының дамуына ықпал етеді. Сапар соңында Жәнібек Тайжанов Ақтау теңіз портының жұмысын жақсартуға қатысты бірқатар тапсырма берді. Теңіз порттары арқылы астық пен контейнерлерді тасымалдау көлемін ұлғайтуға баса назар аударылды