Маңғыстауда жасөспірімдерге волонтерлік бағытта дәріс оқыды
Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Жалын PRO» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «QOLDAU» фронт кеңсе жобасы аясында аймақтағы жасөспірімдер мен жастарға арналған волонтерлік оқыту өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Шараның мақсаты – аймақтағы жасөспірімдер мен жастарға волонтерлік қызмет туралы толық түсінік беру, жаңа дағдыларды меңгеруге қолдау көрсету және әлеуметтік жобаларда белсенді болу жолдарын үйрету. Бəсекеге қабілетті волонтер жастардың санын арттыру, олардың бойындағы жан-жақты қабілеттерді ояту.
Оқытуға колледж студенттері, мектеп оқушылары мен жетекшілері және волонтер болуға ниетті өңір жастары қатысты. Оны Маңғыстау облысының волонтерлар қозғалысының амбассадоры, «Рухтан» қоғамдық қорының директоры Гулнур Кушанова мен «BY QAZAQ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белсенді волонтер Хасан Сардарұлы жүргізді.
Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, әлеуметтік жобаны жазу және оны жүзеге асыру жолдарын үлгілеу алгоритмін үйренді және әр топ өз жобаларын қорғады.
Шараға Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай қатысып, жастарға сәттілік тілеп, арнайы сертификаттарды табыстады.