Жаңалықтар

Маңғыстауда жартасқа атын ойып жазған азаматтың мәдениет саласының басшысы екенін Ақтөбедегі құзырлы орын растады

Маңғыстауда жартасқа атын ойып жазған азаматтың мәдениет саласының басшысы екенін Ақтөбедегі құзырлы орын растады
Фото: Бейнежазбадан скриншот 27.08.2023 09:18 1186

Бұл мәліметі Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы біздің сайтымыздың тілшісіне растап, пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Басқарма басшысы Алтынай Юнисқызы шулы оқиғадан соң Ақтөбе қалалық зағиптар мәдениет үйінің директорымен сөйлескенін алға тартты. Дауға қалған азамат бұл қадамға белгілі бір себеппен барғанын атаған. 

Бұл туралы желіде тараған бейнежазбаны көрдім. Расымен де ол кісі Ақтөбе облысының азаматы. Қазіргі уақытта қалалық загиптар мәдениет үйінің директоры болып жұмыс істейді. Бүгін арнайы түрде ол жігітпен сөйлестім. «Облыстың мәдениетіне нұқсан келтірдің ғой» десем, ол «жартаста дөрекі сөз жазылып тұрды. Соны түзеттім» деп отыр. Өзінің айтуынша, сол сөзді алдын ала бейнежазбаға түсіріп алмаған көрінеді. Өз еңбек демалысына шыққан. Ақтөбе қалалық мәдениет бөлімінің өкілдері дауға қалған директор жұмысқа шыққан соң тиісті шараларды қабылдайтынын айтып отыр», - деді Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисева. 

Алайда Маңғыстау облысының тұрғындары онымен сөйлесуді талап етпей, оның табиғатқа келтірген залалы үшін жауапкершілікке тартып, айыппұл салуды сұрап отыр. 

Бұдан бірер күн бұрын Маңғыстауда жартасқа атын ойып жазған адам туралы бейнежазба желіде кеңінен тараған болатын. Кейін желі қолданушылары есімін тасқа ойып қалдырмақ болған азаматтың көрші облыста мәдени ұжымды басқарып отырғанын жазған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға