Маңғыстауда үздік стартап жобалары анықталды

Маңғыстауда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Jastar Startup – 2025» байқауы аясында жобаларды қорғау кезеңі өтіп, үздік жобалар анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Байқау барысында қатысушылардан әлеуметтік-инновациялық бағыттағы 20 идея қабылданды. Техникалық іріктеу нәтижесінде 10 жоба финалға жолдама алып, арнайы комиссия алдында өз жобаларын таныстырды. Қатысушылар жобаның сипаттамасын, бейнепрезентациясын және Pitch Deck форматындағы материалдарын ұсынған болатын.
Нәтижесінде үш жоба жүлделі орындарға ие болды:
І орын — Yessenov University ұсынған «Mangystau Adventure» туристік жобасы;
ІІ орын — Бейнеу политехникалық колледжінің «TechBilim Mobile» жобасы;
ІІІ орын — Yessenov University ұсынған «Еркетон» жобасы.
Жоба аясында жастар әлеуметтік және технологиялық бағыттағы идеяларын ұсынып қана қоймай, олардың практикалық маңыздылығын да көрсете білді.
Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Бурхандинова бұл байқаудың жастар үшін маңызына тоқталып өтті.
«Jastar Startup – 2025» — өңіріміздегі жас таланттардың әлеуетін ашуға, олардың әлеуметтік және технологиялық бағыттағы тың идеяларын қолдауға арналған маңызды бастама. Биылғы жобалар – жай идея емес, нақты жүзеге асыруға дайын, өміршең бастамалар. Мәселен, Бейнеу политехникалық колледжінің “TechBilim Mobile” жобасы — балалардың робототехника арқылы дамуына бағытталған, әлеуметтік құндылығы зор жоба. Алдағы уақытта да осындай жаңашыл идеяларға қолдау көрсету жалғасады. Себебі болашақ — білімді әрі белсенді жастардың қолында, - деді ол.
«TechBilim Mobile» жобасының авторлары робототехника негізінде балалардың даму қабілетін арттыруға бағытталған курс ұйымдастыруды көздеп отыр. Екінші орын иегері, Бейнеу политехникалық колледжінің студенті Нұрсұлу Қалилаева жобаларын сәтті жүзеге асырып жатқанын жеткізді.
«Біз “TechBilim Mobile” атты курс жобасын қорғадық. Жобамыздың басты мақсаты – әлеуметтік осал топтағы балаларды заманауи технология арқылы оқыту. Альфа-1 деп аталатын робот балаларға сабақ оқуға, эссе жазуға, есеп шығаруға көмектеседі, оларға серіктес бола алады. Болашақта Бейнеуде осы бағытта онлайн және офлайн түрде оқу кабинеттерін ашқымыз келеді. Қазір бізде шағын 2-3 адамдық кабинет бар, соған қазір мектеп оқушылары келіп жүр. Осы салада бізге бір жылдан астам уақыт бойы жетекшіміз Индира Атшыбаева мен Анар Өмірзақова апайымыз қолдау көрсетіп келеді», - деді Нұрсұлу Қалилаева.
