Маңғыстауда үш биге бюст орнатылды
Бейнеу ауданында Төле би, Әйтеке би, Қазыбек биге арналған бюсттің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Салтанатты шараға аудан әкімі Рахымжан Шалбаев қатысып, бюсттің дәл осы орында бой көтеруі де даналық пен әділдіктің нышаны екендігін атап өтті.
Бүгінде басымызға Тәуелсіздік орнап, еркін де егеменді ел болып, тарихымызды тану арқасында жоғалғанымызды тауып жатырмыз. Ата - бабаларымызға тағзым етіп, есімдерін еске алып, сақтаудамыз. Осы мақсатта тағылымы мол үш биімізге арнайы бюст орнаттық. Олар сөз құдіретімен жүз бен ру арасындағы алауыздықты жойып, парасаттылық пен ынтымақ – бірлікке ұйыстыра білген. Қара қылды қақ жарып, әділдіктің ақ туын аспандатқан осынау ерен тұлғалардың бейнесі - енді аудандық сот ғимаратының алдында жарқырап тұрады, - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аталған жиынға ардагерлер кеңесінің төрағасы Шайхы Азанов, мәслихат төрағасы Ардақ Бораш және аудандық сот төрағасы Еркебұлан Аппасов қатысып, аудан тұрғындарын жаңа бюсттің ашылуымен құттықтады.
Бұл ескерткіш баршамызға ортақ мұра екендігін атап өтіп, келешек ұрпаққа маңыздылығын түсіндіруге, оны аялап сақтауға шақырды. Жиын соңы аудан тұрғындарына арналған мерекелік шарамен жалғасты.