Маңғыстауда мұнай кәсіпорындарында миллиард теңгеге жымқыру дерегі анықталды
Маңғыстау облысының прокуратурасы мұнай-газ саласының бес кәсіпорнында тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Айталық, «ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС-нің («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) лауазымды тұлғалары тауар жеткізушіден 1,5 млрд теңгеден астам сомаға техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін автобустарды қабылдағаны анықталды. Бұл ретте олардың құны 400 млн теңгеге жоғарылатылған.
Сонымен қатар жұмыс істелмеген арнайы техника қызметтері үшін 110 млн теңге мөлшерінде қаражат аудару дерегі белгілі болды.
«West Oil Software» ЖШС-де («ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС мердігерлік ұйымы) жұмыс істемеген адамдарға 400 млн теңгеден астам жалақы төлеу, компания басшылығының жақын туыстарын қоса алғанда негізсіз жалақы есептеу деректері орын алған. Аталған бұзушылықтар бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде беру немесе жымқыру) бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Процестік прокурорлар тағайындалды, - делінген прокуратура мәліметінде.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде аталған ұйымдардың төрт лауазымды тұлғасы ұсталды.
Қылмыстық істер облыстық экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде.