Жаңалықтар

Маңғыстауда ғасыр жасаған әже дауыс берді

Маңғыстауда ғасыр жасаған әже дауыс берді
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 05.11.2023 15:52 918

Елдегі қоғамдық-саяси үдерістерді үнемі назарында ұстайтын 101 жастағы кейуана Сырға Қалиева Бейнеу ауданы әкімінің сайлау науқанында таңдау жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңірлік қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап. 

1922 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген Сырға Қалиева 11 құрсақ көтерген. Ол сұм соғыс зұлматын көзбен көріп, қилы кезеңді бастан өткерсе де мойымаған асыл текті ардақты ана. Ғасыр ғұмырды еңсерген ерен ерік-жігер иесі  кісілік ғибраты мен өнегесін    60-тан астам немересі мен 40-тан астам шөбересіне, ізінен ілескен өскелең ұрпаққа өсиеттеп келеді. 

Тағдырдың талайына қажыр-қайратын қарсы тосқан ғасыр әже бүгінгі сайлауда бейбіт күніміздің ғұмырлы болуын тілеп, ақ батасын берді.

Осындай тыныш заманда тек еліміздің абыройы асқақтап, деніміз сау болып, сайлаудан сайлауға жете берейік! Сайланғалы тұрған жаңа басшымыз да құтты болсын! Біздің заманда бұндай болған емес, сондықтан болашақ ұрпақ бейбіт өмірді бағалап, дендері сау болып, тек күліп ойнап жүрсін" - деді Сырға Қалиева.

Бүгін алғаш рет Бейнеу ауданында аудан әкімінің сайлауы өтіп жатыр. Сайлауға 3 үміткер түсті. Ауданда барлығы 30 сайлау учаскесі жұмыс жасап тұр. Комиссия құрамына барлығы 188 адам тартылған. Сондай-ақ, 40 134 азамат таңдау құқығына ие. Тұрғындар 20.00-ге дейін тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесіне барып дауыс бере алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға