Маңғыстауда ауыл әкімі сайланды
Екінші маусымда өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Құрық ауылының әкімі болып Сыдиық Есенкелдіұлы сайланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz аудан әкімдігіне сілтеме жасап.
Аудан әкімі Сымбат Төретаев сайлауда көпшіліктің дауысымен басымдыққа ие болған Сыдиық Есенкелдіұлын жаңа қызметімен құттықтады. Ауыл тұрғындарымен ашық түрде кері байланыс орнатып, ауылдың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жүйелі жұмыстар атқаратынына сенім білдірді.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ахмет Мееров сайланған әкімге қызметтік куәлігін табыстады.
Сыдиық Есенкелдіұлы 1991 жылы 12 сәуірде Қарақия ауданы, Құрық ауылында дүниеге келген. 2013 жылы «Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг» университетін және 2016 жылы «Қазақстан инновациялық және телекомуникациялық жүйелер» университетін аяқтаған. Отбасылы.
Алғаш еңбек жолын 2012 жылы Қарақия аудандық кәсіпкерлік бөлімінде инспектор болып бастаған.
2013 - 2017 жылдары Құрық ауылы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінде жетекші, бас маман.
2017 - 2019 жылдары жеке секторда қызмет етті.
2020 жылы - Қарақия аудандық кәсіпкерлік бөлімінде жетекші маман, 2020 - 2022 жылдары Құрық ауылы әкімі аппараты мемлекеттік мекемесінде бас маман қызметтерін атқарды.
2022 - 2023 жылдары Құрық ауылы әкімінің орынбасары қызметінде болды.
2023 жылдың қыркүйек айынан осы уақыт аралығында Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы лауазымын атқарды.