Жаңалықтар

Маңғыстауда әскери міндеттілер қалаға төнген қауіптің алдын алды

Маңғыстауда әскери міндеттілер қалаға төнген қауіптің алдын алды
Фото: Ашық дереккөзден 18.10.2023 22:26 685

Маңғыстау облысында «Батыл тойтарыс-2023» атты әскери міндеттілердің қатысуымен оқу-жаттығу жиыны мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Өңір әкімінің ұсынысымен өткен кешенді іс-шараға жаңаөзендік 78 адам әскери міндеттілер тартылды. Сондай-ақ, оған құрлық әскери, әскери теңіз күштері, әуе қорғанысы әскерлері мен басқа да арнайы әскерлердің техникалары жұмылдырылған. 

Алдын ала жоспар бойынша қарулы топ «Құрық» портына «шабуылдауы» тиіс болды. Оқу-жаттығу кезінде арнайы көлікпен құрлықтан және тауар тасымалдайтын кеме арқылы теңізден келген жау жасағына әскери міндеттілер тойтарыс беруі тиіс еді. 

Дер кезінде қағылған дабылдан кейін олар дереу әрекет етіп, бірден тойтарыс беруге кірісті. Нәтижесінде, көлікпен келген жау жасағы бірден «жойылса», теңіз арқылы келгендерді жағалаудағы жасақ бірден «қолға түсірді». 

Маңғыстау облыстық жұмылдыру және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Ғалым Андалиев оқу-жаттығу жиыны  іс-қимылдары толық қанағаттандырарлық деңгейде өткенін айтады. 

Бұл тактикалық арнайы оқу-жаттығу жиыны жыл сайын қорғаныс министрлігінің келісімімен өткізілетін шара. Яғни, біз биыл көктемгі кезеңде осы оқу-жаттығуды өткізген болатынбыз. Дегенмен, тағы да қосымша күзгі уақытта тактикалық арнайы оқу-жаттығуды өткізу жөніндегі Қорғаныс министрлігіне облыс әкімінің ұсынысы түсті. Соның негізінде қазан айының 9-18 күндері аралығында Маңғыстау облысы әкімдігің қаулысымен күзет ротасы оқу-жаттығу жиынына шақырылып, күні бүгінге дейін оқу-жаттығу өтуде. Бүгін соңғы күніне сәйкес әскери міндетілердің алған дағдыларын еске түсіру мақсатында яғни, өздеріңіз көргендей қолдана алды.Жоспар бойынша «Құрық» портына жасалған «шабуыл» кезінде тойтарыс беру эпизодын көрдіңіздер. Ойдағыдай өтті. Ұрыс іс-қимылдарына әскери міндеттілеріміз өздерінің дайын екенін көрсетті. Өз мәресіне жетті деп ойлаймыз. Бұл жалпы, қатысып жатқан әскери міндеттілер аумақтық қорғаныс әскерилері болып есептеледі. Соғыс жағдайында барлық әскерилер ұрыс алаңына кеткен жағдайда қаладағы барлық стратегиялық бекеттерді запастағы әскери міндеттілер қорғайды. Бүгін олар өздеріне тапсырылған нысанды қорғау мақсатында оқу тәжірибесін көрсетті. Бұған дейін әскер қатарында жүрген тәжірибесін қайта жетілдіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Оларға қатысты барлық шығында жергілікі әкімдік тарапы көтереді. Осы әскери міндеттілердің күнделікті тамақтануы, жататын орны, киер киім, өзге де қажетті қаражаттар әкімдіктен төленді. Бұлар әскери қызметші болмағандықтан олардың іс-қимылдары толық қанағаттандырарлық деңгейде, - деді ол. 

Жаңаөзен қаласында тұратын Мұхамед Доқтырбаев осыдан 10 күн бұрын әскери міндетті ретінде шақырылған. Ол өзге де жерлестерімен бірге әскери дағдыларды меңгеріп, арнайы оқу-жаттығу барысында жүзеге асырғанын жеткізді.  

Өзім Жаңаөзенде тұрамын. Әскери міндетті болып бізді қалалық әскери комиссариат шақырған болатын. Осында келіп, көптеген нәрсені үйретдік. Дайындық 10 күнге созылды. Шешуші сәтте біз өз білгенімізді қолдана алдық деп ойлаймын. Бұрын Оралда жоғары білім ала жүріп, әскери кафедрада оқығанмын. Ақтөбедегі полигонда болып, қару ұстадық. Бұл біздің алғашқы оқу-жаттығуымыз. Ер азамат ретінде бәріне дайын болуымыз керек. Ел қорғау ісі ол әркімнің парызы, - деді Мұхамед Доқтырбаев «Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығуынан кейін. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға