Жаңалықтар

Маңғыстауда 8 балаға бір қасықпен тамақ берген тәрбиеші жұмыстан босатылды

Маңғыстауда 8 балаға бір қасықпен тамақ берген тәрбиеші жұмыстан босатылды
Фото: Видеодан кадр 09.02.2025 13:24 411

Маңғыстаудың Мұнайлы ауданындағы балабақшалардың бірінде 8 бала екі ыдыстан бір қасықпен тамақтанып отырғанын ата-аналары бейнежазбадан көріп, жаға ұстаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Қызының есімін атамауды өтінген ана бүлдіршіннің қолы шығып кеткенін кешкісін әкесі балабақшадан алып кетуге барғанда бір-ақ білген. Жеке бөбекжайға барып жүрген кішкентай қыздың қолы зақымдалғанын дәрігерлер де растады. Анасы сол күні ауруханадан шыға сала мектепке дейінгі білім беру орталығына барып, камера жазбасын қараған. Нәтижесінде тәрбиеші баланы қолынан жұлқып, көтеріп қалғанын көреді.

Сондай-ақ кадрларда бір дастарқан басында 8 бүлдіршін отырғаны көрінеді.

Алдарына екі сорпа ыдысы қойылған. Ал тәрбиешісі жалаң қолмен нанды турап, сол ыдысқа салып береді. Бергенде де жеке-жеке емес, бір қасықпен 8 баланы бірден тамақтандырады, - деп жазылған мәліметте. 

Тіркелген келеңсіз жағдайға байланысты бөбекжай директоры пікір білдірген. Балабақшаның қос қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылып, жұмыстан босатылған. Ал балалардың ас мәзіріне қатысты мәселені былай деп түсіндіріп берді. 

Ол артық ыдыс-аяқты жуғысы келмей, жұмысын жеңілдету үшін солай жасаған. Сол күні мен жұмыста болмадым, жылдың басы болған соң балабақшаға өзгерістер енгізейін деп орталықтың шаруасымен сыртқа шығып кеттім. Негізі бала санына қарай керек құралдар жеткілікті, тамақ та аз емес, - деді жеке балабақшаның директоры Раушан Аяпбергенова.

Ал аудандағы білім бөлімінің басшысы ата-ана құқығын түсіндіріп, балабақшаға қатысты қандай шара қолданылғанын жеткізді.

Болған жағдайға байланысты қызметкерге арнайы айыппұл салынды. Қазір кемшіліктерге байланысты құзырлы органдарға шара қолдану жөнінде хат жолданған. Қазіргі таңда ол бала басқа балабақшада тәрбиеленіп жатыр, - деді Мұнайлы ауданы білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға