Жаңалықтар

«Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдаудың аяқталуына 5 күн қалды

«Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдаудың аяқталуына 5 күн қалды
Фото: Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасы 05.01.2025 01:28 378

Маңғыстау облысы әкімдігіне қарасты жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамасымен «Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау аяқталуға жақын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Өтінім қабылдау 9 қаңтар күні, яғни 5 күннен соң аяқталады. Айта кетейік, бағдарлама аясында қатысушыларға Ақтау қаласы бойынша 15 миллион теңге, Жаңаөзен қаласы мен аудандар үшін 10 миллион теңгеге дейін несие беріледі. 18 бен 35 жас аралығындағы облыс жастары бастапқы жарнасы 10 % құрайтын, ал жылдық төлемі 6 % мөлшерлемемен, несие мерзімі 20 жыл болатын тұрғын үй сатып ала алады.

Бағдарлама қатысушыларына бірнеше талаптар қойылады. Атап айтар болсақ: 
* Қатысушы мен оның отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек.
* Олар соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан аумағында сатып алу құқығы мен жалға берілетін немесе меншік құқығындағы тұрғын үйге ие болмауы тиіс.
* Қатысушының (жұбайын қоса алғанда) жасы 18-ден 35 жасқа дейін болуы керек. Бағдарламаға қатысуға тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана өтініш бере алады.
* Қатысушының соңғы 2 жылда Маңғыстау облысында тұрақты тіркеуі болуы керек. Сол сияқты, өтініш берген кезде оның отбасы мүшелерінің де Маңғыстауда тұрақты тіркеуі болуы тиіс.
* Қатысушының Маңғыстау облысында кемінде 1 жылдық ресми жұмыс өтілі болуы керек.
* Қатысушы бағдарлама аясында сатып алатын тұрғын үйді тіркелген мекенжайы бойынша ғана ала алады.

Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім және ғылым, мәдениет, ауылшаруашылық, спорт және дене шынықтыру, ақпарат және байланыс, көлік-логистика, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласының жас мамандары, сондай-ақ, аймақтағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мен әлеуметтік сала мамандары қатыса алады. 

Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар тізіміне тоқталсақ: 
* Бағдарламаға қатысу жөнінде өтініш жазу.
* Азаматтық жай-күйін растау құжаттары. Яғни:
-неке қию немесе бұзу туралы куәлік;
-баланың тууы туралы куәлігі;
-егер бар болса, мүгедектігі туралы анықтама.
* Өтініш берушінің және отбасының барлық мүшелерінің жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама.
* «Электрондық үкімет» уеб-порталынан алынған соңғы 6 айдағы зейнетақы есептеулері туралы үзінді көшірме 
* Лауазымы, жұмыс кезеңі, жалақысының мөлшері көрсетілген ресми бланкіде немесе ұйымның мөрімен расталған жұмысқа орналасу туралы анықтама
* Еңбек өтілін растайтын құжаттар, мемлекеттік қызметшілер үшін eQyzmet порталынан алынған анықтама
* Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтiк жағынан осал топқа жататындығын растайтын құжаттар
* Қажет болған жағдайда уәкілетті органның басқаларды сұратуға құқығы бар құжаттар.

Жастар бағдарлама ережесі жөнінде толық ақпаратты www.mangystauzhastary.kz сайтынан біле алады. Бағдарламаға қатысты өзге сұрақтар бойынша 8 (7292) 335520 нөміріне хабарласуға және «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «@mangystau_jastar_basqarmasy» парақшасынан танысуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға