Жаңалықтар

Маңғыстау облысының әкімі 100 жасқа толған қарт ананы құттықтады

Маңғыстау облысының әкімі 100 жасқа толған қарт ананы құттықтады
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі 08.03.2025 19:44 363

8 наурыз күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданы Аташ елдімекенінде тұратын Сүйген Кентанованы мерейлі 100 жасымен құттықтап барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңір басшысы соғыс жылдарынан бастап еңбекке ерте араласып, екі ғасырдың жүзін көрген ер ананың еңбегін ерекше атап өтіп, алғыс білдірді.

Ғұмырыңызда талай қиындықтарды жеңіп, елге, ұрпаққа өнеге боларлық еңбек атқардыңыз. Сіздің адал еңбегіңіз, парасаттылығыңыз бен қайраттылығыңыз – кейінгі ұрпақ үшін үлкен тағылым. Бұл ғасырлық ғұмыр – сіздің еңбекқорлығыңыз бен төзімділігіңіздің және Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіңіздің жемісі, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Әз ана облыс әкіміне алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Кентанова Сүйген 1925 жылы Жармыш ауылында дүниеге келген. Соғыстың қасіретін тартып, тылдағы ауыр еңбектің азабын арқалаған жансебіл ана. Соғыс жылдары ұжымшарда еткен. Кейін Форт-Шевченко қаласына көшіп келіп, «Маңғышлақ ревком рыбный цехта» ұн шығарумен айналысып, зейнет жасына дейін осы мекемеде жұмыс істеген. Жолдасы Мақаш Кентанов Ұлы Отан соғысына қатысып, үш жерден оқ тиіп жаралы болып оралған. Соғыстан келгеннен кейінгі жылдары әртүрлі қызмет атқарған. Майданда алған жарақат әсерінен 1971 жылы 45 жасында дүниеден өтті.  

Ешқандай қиындыққа мойымаған Сүйген әжей бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, ұл-келін, немере-шөберелерімен бірге бақытты ғұмыр кешуде. 4 ұл, 2 қыздан 10 немере, 12 шөбере, 5 жиен сүйіп отырған аяулы әже.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға