Жаңалықтар

Маңғыстау облысында теңізге кеткен балықшылар жоғалды

Маңғыстау облысында теңізге кеткен балықшылар жоғалды
Фото: Маңғыстау облыстық ТЖД 05.04.2024 15:16 3252

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізіне балық аулауға шыққан екі адам хабар-ошарсыз кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, екі күн бұрын Форт Шевченко қаласының екі тұрғыны Қызыл Өзен ауылы бағытына қарай ашық теңізге қайықпен шығып, кейін оралмаған.

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Пірімжан Дінмұхаммед қазір аталған екі азаматты іздеудің кешенді жұмыстары жүргізіліп жатқанын атады.

3 сәуір күні сағат таңғы 07:40 шамасында Түпқараған ауданының орталығы Форт Шевченко қаласынан Қызыл Өзен ауылы бағытына қарай Үрдек (Асан) теңіз жағасынан шамамен 25-30 шақырым қашықтықта 1985 және 1982 жылдары туған екі ер адам шыққан. Екі азамат ашық теңізге түнгі 22 сағат 30 минут шамасында үрлемелі қайықпен балық аулауға кетіп, оралмағаны туралы Төтенше жағдайлар департаментіне хабарлама келіп түсті. Ақпаратқа сәйкес екі азаматта балық аулау торы болған. Шақырту түскен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары басталып, жүргізіліп жатыр. Бірақ әзірге нәтиже жоқ, - деді Пірімжан Дінмұхаммед.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстарына Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамынан 13 адам, 4 бірлік техника, 3 бірлік жүзу құралы, 1 бірлік ұшқышсыз ұшу аппараты, ҰҚК Шекара қызметінен 21 әскери қызметкер, 1 кеме, «Қазавиақұтқару» АҚ 3 адам, 1 бірлік Ми-8 тік ұшағы жұмылдырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға