Жаңалықтар

Маңғыстау облысында онкологиялық патологияны ерте анықтау 37%-ға ұлғайды

Бұл туралы ДСМ мәлім етті
Маңғыстау облысында онкологиялық патологияны ерте анықтау 37%-ға ұлғайды
Фото: gov.kz 21.01.2023 10:41 1422

Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бірқатар медициналық объектілерді  аралап, бас дәрігерлермен бірлесіп денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерін талқылауға қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Өңірдің онкологиялық қызметі жұмысының қорытындысы бойынша өткен жылғы негізгі көрсеткіштердің оң динамикасы атап өтілді. Егер 2021 жылы 855 жағдай немесе 100 мың тұрғынға  шаққанда 117,2 жағдай анықталса, 2022 жылы 1000 жағдай немесе 100 мың тұрғынға  шаққанда 132,4 жағдай анықталды.  Мәселен, онкопатологияның динамикада анықталуының өсуі 2021 жылмен салыстырғанда 12,9%-ды құрады.

Әрбір төртінші пациент немесе жағдайлардың 25%-ы аурудың бірінші сатысында анықталды, өсу динамикасы 37,4 %. Ауру құрылымында сүт безі обыры - 11,0%, жатыр мойны обыры – 8,3%, коллоректалдық обыр -7,4%, асқазан обыры – 6,9% және өңеш обыры – 6,8% сияқты нозологиялар басым.

Онкологиялық науқастардың жартысынан көбі (53,4%) бес жылдық өмір сүру шегінен асады және бұл көрсеткіш жыл сайынғы оң динамикаға ие. Обырдан болатын өлім-жітімнің төмендеу динамикасы 17,3%-ды құрайды. Егер 2021 жылы өлім-жітім 368 жағдайды немесе 100 мың адамға шаққанда 50,5-ті құраса, 2022 жылы - 312 жағдайды немесе 100 мың тұрғынға шаққанда 41,3 жағдайды құрады.

Скринингтік бағдарламаларды іске асыруға келетін болсақ, өткен жылы 2021 жылға қарағанда әйелдердің саны 39%-ға көп сүт безі обырын анықтау скринингінен өтті, жатыр мойны обырын скринингпен қамту 161,6%-ға өсті.

Бірінші вице-министр қызмет кураторларына қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтау бойынша жұмысты күшейтуді, пациенттерге уақтылы медициналық көмек алу үшін «жасыл жолды» қамтамасыз етуді, сондай-ақ ахуалдық орталық жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды.

2022 жылы Маңғыстау облысында жабдықтары, оның ішінде - желілік үдеткіш, брахиотерапияға арналған аппарат, С-доға, жоспарлы жүйесі бар КТ, МРТ, стереотактикалық жүйесі және томосинтезі бар цифрлық маммограф, эндо-УДЗ, ашық және аз инвазивті тәсілмен операциялар жүргізу үшін қажетті жабдықтармен,  сондай-ақ емдеу-диагностикалық қызметке арналған басқа да жабдықтармен  жарақтандырылған әрленген операциялық бөлмелері  мен  реанимация бөлімшесі бар  онкологиялық диспансердің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

2022 жылы онкодиспансерде 4009 науқас емделді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20,1%-ға артық.  Өткізілген химиотерапия сеанстарының саны 3032 немесе 2021 жылмен салыстырғанда 15,4%-ға көп болды, хирургиялық емдеу 412 жағдайда қолданылды, бұл  өткен жылғы операциялар көлемінен екі есе асып түсті.

Маңғыстау облыстық диспансерінің дәрігерлері бүгінде басқа өңірлерден келген пациенттерге мамандандырылған көмек көрсететінін, бұл ретте науқастардың республикалық клиникаларға кетуі 3 есеге төмендегенін айта кеткен жөн.

Онкодиспансердің базасында бұрын жергілікті деңгейде көрсетілмеген жоғары технологиялық медициналық қызметтер, онкоурология, бас-мойын, рентгенхирургия (химиоэмболизация және РЖА) енгізілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға