Маңғыстау облысында биыл жастарға арналған 7 жоба жүзеге асады
2023 жылы Маңғыстау облысында өңірлік жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен 7 жоба жүзеге асады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Солардың бірі – «Риза ана» қоғамдық қорының әртүрлі салада жұмыс істейтін жастарға арналған «Quiz» ойыны мен студенттерге арналған «Не? Қашан? Қайда?» ойыны. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Риза ана» қоғамдық қорының директоры Бибігүл Рамазанова хабарлады.
Бибігүл Рамазанованың айтуынша, жоба биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Мақсаты жас көшбасшылардың пікірталас клубын құру және оның жұмысын үйлестіру нәтижесінде жастар үшін жаңа орта қалыптастыру. Сондай-ақ жас буын өкілдері арасында тұрақты қазақша «Брейн ринг» зияткерлік ойындарының лигасын ұйымдастыру.
Сондай-ақ өңірде 2023 жылы «Ақтау студенттер Альянсы» корпоративтік қоры «Student life» жобасын жүзеге асырады. Жоба аясында «Студент көктемі – 2023» облыстық студенттер фестивалі және «Жыл студенті-2023» облыстық студенттер байқауы өткізіледі. Бұдан бөлек жастарды толғандыратын өзекті мәселелерге мониторинг жасалып, студенттер арасындағы суицид, кибербуллинг деңгейін төмендету мақсатында ақпараттық жұмыстар тұрақты жүргізілетін болады. Облыстағы студенттік клубтардың жұмысы таныстырылып, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріледі. Студенттердің ортақ қызығушылығын анықтау мақсатында облыстық деңгейде жәрмеңке өтеді.
Брифингте жастардың шығармашылық дамуына арналған іс-шаралар да аталып өтті. Мәселен, «Aktown» бірлестігі жастарды қолдау және дамыту мақсатында «Жиналайық» шарасын ұйымдастырады.
Мамыр айында 4-шағынаудандағы алаңда «Жиналайық» шарасы өтеді. Онда музыкалық топтар мен солистер бақ сынайды. Ал бишілер маусым және шілде айларында 7-шағынауданның жағалауында өз өнерлерін паш етеді. Басты іс-шара тамыз айында өтеді. Бұл кезде қатысушылар Ақтау жағажайындағы амфитеатрдағы үлкен сахнаға шығады, - дейді Нұрсұлтан Мұрзабек.
Жастарға арнап жүзеге асатын тағы бір шығармашылық жоба «JasART» жеке меншік мекемесінің өңірдегі 14-35 жас аралығындағы талантты жастардан құралған «Жастар театры» жобасы.
Жоба аясында актерлік шеберлігі сабағы және шешендік өнер шеберлігі, яғни сахна тілі сабағы жүргізіледі. Әуесқой актерлерге арнайы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының кәсіби театр мамандары дәріс береді. Сондай-ақ өңірде әлеуметтік мәселерді шешу және жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған 2 спектакль және 1 ертегі сахналанады, – дейді Әлия Исаева.
Сонымен қатар биыл жастарға арналған ерекше жобалардың бірі «Жайдарман» ойындары қайта жанданады. Аталған жобаны «Боранқұл» командасы» ҚҚ іске асырады. Жоба аясында жайдарман ойындарынан облыстық «Маусымашар-2023» фестивалі, Маңғыстау облысының ашық чемпионаты, «StandUp Mangystau» жобасы, жайдарманшыларға арналған шеберлік сағаты және жас авторларға арналған арнайы оқыту шаралары ұйымдастырылады.
Тағы бір ұйымдастырылатын жоба «Қолдау» орталығы» жекеменшік мекемесінің Маңғыстау облысы аумағында «Жастар керуені» әлеуметтік жобасы. Мақсаты өңір жастары арасында қаржылық, құқықтық және діни сауаттылықты арттыру. Жастарға неке және отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында кешенді ақпараттық-ағартушылық жұмыстар жүргізу.
Сондай-ақ «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің «Өңір жастарының көшбасшылық қабілетін дамыту және жас көшбасшылардың әлеуетін арттыру» атты әлеуметтік жобасы. Бірлестік облыс жастарының қатысуымен 7 көп компонентті оқыту өткізу, оқытудан өткен жастардың ішінде 20 жасты тренингтерге арналған тренер жаттықтырушысы етіп дайындайды.
Сонымен қатар өңірде белсенді жастардан, жастар ұйымдарының жетекшілерінен, жас депутаттардан құралған жас көшбасшылар пулын құрып, пулдың жұмысын ұйымдастырады.
Айта кетейік, барлық жобаны Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мемлекеттік гранты аясында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ іске асырады.