Жаңалықтар

Маңғыстау облысында биыл 20 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады

Маңғыстау облысында биыл 20 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады
05.08.2023 13:55 1582

Жаңа оқу жылында Маңғыстау облысы бойынша жиырма мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа бармақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыстық білім басқармасы қазіргі уақытта жиырма мыңға жуық баланың құжаты қабылданғанын атады. Алайда бұл әзірге соңғы көрсеткіш емес. Басқарма мамандарының айтуынша, алда бұл нәтиже тағы да артуы тиіс.

Айта кететін бір жайт, облыс бойынша балалар санының өсуі соңғы жылдары ерекше байқалады. Тіпті, ол тиісті межеден асып, Қазақстанда ең жоғары көрсеткішке жеткен. Сонымен қатар, өңірде үш ауысымды білім беру жағдайы да аса өзекті мәселеге айналғалы қашан.

Маңғыстау бойынша үш ауысымды 15 мектепте оқушылар білім алып жүрсе, апатты жағдайдағы 2 білім ошағы бар. Ал үш ауысымды мектептерде 3677 оқушы оқитын көрінеді. Сондай-ақ, өңірде 24 мектепте 9056 орын тапшылығы байқалады.

2018 жылдан бері Маңғыстау өңірінде 16 мектеп және 6 мектепке қосымша құрылыс пайдалануға берілді. Былтырғы оқу жылындағы дерекке сәйкес, өңірде 183 мектеп жұмыс істеді. Оның ішінде 145-і мемлекеттік болса, 29 білім ордасы жекеменшік санатқа жатады. Сонымен қоса, 4 кешкі және 5 арнайы білім беру ұйымдары бар, - деді Маңғыстау облысты білім басқармасының мамандары mangystaumedia.kz-ке берген жауабында.

Облыста барлығы 175370 оқушы білім алып жүрсе, оның ішінде күндізгі мектептерде 165509 бала оқиды екен.

Қазіргі уақытта 4800 орындық төрт мектеп, оның ішінде Ақтау қаласы 18 ш/а, 19 А ш/а, Мұнайлы ауданында Басқұдық, Алау және Қызылтөбе ауылдық округінің Қызылтөбе-2 тұрғын алабында құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 625 орындық 3 мектепке 3 қосымша құрылысы жалғасуда, - деді білім басқармасының жауапты мамандары.

Соңғы үш жылдағы көрсеткіш бойынша, орта білім беру саласындағы жеке сектордың үлесі жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу есебінен жүзеге асырылып келеді. Жаңа оқу жылында Ақтау қаласында 6 және Мұнайлы ауданында 3 жекеменшік мектеп есігін айқара ашпақ.

Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 22 900 орынға есептелген 21 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Егер жоспар толық жүзеге асқанда аталған білім ордаларында 22900 оқушы білім алмақ. Оның ішінде, алдағы жылы 13 мектеп салынса (Ақтау – 6, Жаңаөзен – 1, Бейнеу – 2, Мұнайлы – 3, Маңғыстау - 1), 2025 жылы 8 мектеп құрылысы (Мұнайлы – 3, Ақтау – 2, Жаңаөзен – 2, Маңғыстау - 1) аяқталмақ.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға