Жаңалықтар

Маңғыстаудағы жер асты мешіттері

Сұлтан үпі, Шақпақ ата, Бекет ата жер асты мешіттері
Маңғыстаудағы жер асты мешіттері
08.09.2017 15:38 31752

«Қазақстанның киелі 100 нысанының» қатарына Маңғыстау жеріндегі бірнеше ежелден келе жатқан жер асты мешіттері кіреді.

Cұлтан үпі

Маңғыстау жеріндегі бірнеше діни орындар сoпылық ілімді таратушы Қoжa Aхмет Яссауимен тікелей байланысты болып келеді. Түпқараған аталатын ауданда, Сарытас шығанағына жақын маңда Сұлтан үпімен байланысты жер асты мешіті де ілгеріде айтқан ойшылға тікелей қатысты. Тас қабатты ойып жасаған мешіттің 11 бөлмесі бар. Оған саты тәріздіс кіретін жол жасалған. Ал бөлмелердің ішінде тіреп тұру мақсатында бірнеше тастан қашалған бағандар тұрғызылған, төбесі жарық түсуге ыңғайланып ойылған.

Бұл орынның діни сипаты XIII-XV ғасырларда салынған сопылардың ғибадатханасына ұқсайды. Мешіттің айналасында сағанатамдар, сандықтастар, арнайы құлпытастар салынған қойтастар, сол секілді қабір үстіндегі әр қилы құрылыстар бар. Бұл кешеннен неолит кезеңінен қалған бірнеше кремний сынықтарs да ұшырасады.

Енді, "Сұлпан үпі деген кім? Қандай адам? Өмірде болған ба?" деген сұрақтарға тоқтала кетсек. Бұрынғы заманнан бізге жеткен нақты тарихи дерек болмаса да, халық аузында айтылып жүрген аңыздар бар. Ол аңыздар тіпті бірлі-екілі басылымдарда дерек ретінде кездеседі. Аңызда Яссауимен замандас болған Хакім атаның (Сүлеймен Бақырғанидің) үш ұлы болады. Олар: Мұхамед қожа, Әскер қожа және үйдің кенжесі Құбби қожа. Атаның кенже ұлы кейін келе ел арасында Сұлтан үпi атанып кeтeді. Ол заманда білім алу үшін халық саны аз молдаларға балаларын жіберіп отырған. Міне, Хакім атаның да үлкен екі ұлы он бес шақырым алыстағы мектепте білім алады, ал  кенже бала Құбби қожа ата-анасының қолында, үйде болады. Ол өзінің әкесін керемет құрметтеген, киік аулап әкеліп, әрдайым соның етінен дәмді тағамдар әзірлеткен. Тіпті, Сұлтан үпi әкесі қайта-қайта Меккеге сабылмасын деп, үйіне қағбаны әкеп қойғаны туралы айтылады. Сол секілді Құбби қожаның ел арасында теңізде апатқа ұшырағандарға қолдау көрсетіп, оларды аман алып қалғандығы туралы әңгіме бар. Бір күні ол Аралда апатқа ұшыраған адамдарды құтқарамын деп, көп күн үйіне бара алмайды, ал әкесі баласының бұл жақсылығын дұрыс түсінбей, жақтырмай қалған екен.

Кейін ұлының бойындағы ерекше қасиеттерді байқаған Хакім ата екі қошқардың басы бір қазанға сыймайтынын айтып ескертеді. Бірде айт мерекесінде сойылған малды Сұлтан үпі келгенше, әкесінің шәкірттері бәрін жеп тауысып, оған жұғым да қалдырмайды. Осындай қатпар боп жиналған реніштен соң, бала бұдан ары үйінде жүре алмайтынын біліп, ешкімге ескертпестен кетіп қалады. Ай артынан ай өтіп, жыл артынан жыл жылжыса да, Сұлтан үпі үйіне оралмайды. Бұл оқиғадан хабардар болған Ахмет Яссауи Хакім атаға ренжіп, «қабіріңді 40 жыл боы тоқтамай су шайсын» деп теріс бата беріпті. Хакім ата өмірден өткен соң, оның жерленген орнына қарай, Әмудария ағысын өзгертіп, арнасынан тасып шынымен сонша жыл бойы тасыған өзен моланың бетін шайып тұрған. Содан қабірдің үсті ашылып қалыпты. Уақыт өте Сұлтан үпіні екі ағасы іздеп, Маңғыстау жеріне келеді. Олар да елге белгілі, діни сауатты кісілер болған екен.  

Сұлтан үпі мүлде жоғалып кеткен соң, бір ғасыр уақыт өте, батыста ноғайлар көшіп-қонып жүрген заман орнапты. Сүлтан үпі аталатын сайда орналасқан бірнеше үйлердің бірінде балаларды оқытатын молда болған деседі. Оның оқушыларының ішінде Хайролла атты аурушаң, әлжуаз бала бар екен. Байғұс баланы отбасында туған-туыстары ұрып-соқса, мектепте ұстазы, одан қалса қатарластары қорлық көрсетіп әдбен шаршатыпты. Қатты қорланған Хайролла өмірден безіп, өзіне қол жұмсағысы келіп, сайын даланы кезіп кетеді. Жүре-жүре әбден шаршаса керек, бір жерге келіп көзі ілініп, ұйқы басыпты. Хайролла құдайдың құдіретімен бір тамаша түс көреді. Оны түсінде бейтаныс кісі келіп, аузына түкіріп, мол білім мен ақылға кенелтеді. Сосын оған ұйқысынан тұрып, осы даламен жүре берсе, бір тастың үстіне жайғасқан бүркітті көретінін айтып, сол тұсқа мешіт тұрғызу керектігін қадап айтады. Сонда бала: «мен болсам тым әлжуаз, күш-дәрменім жоқ, тас түгілі өзімді көтеруге қауқарым жетпейді» – деп налиды. Түсіндегі бейтаныс кісі: «Мен Cұлтан үпі боламын, сен қолыңа тас аларда «қолдай гөр, Cұлтан үпі» деп айтсаң болғаны, бойыңда тас көтеретін күш пайда болады», – дейді. Оянған соң Хайролла өзі ұйықтап қалған даланы кезіп жүре береді, әбден әлі құрығанда алыстан таста отырған бүркітті көріп, қуанып қасына жетіп барады. Бүркіт болса «Сұлтан үпі» деп қанатын қағып ұшып кетеді. Бала уақыт өте келе, құс отырған жерден тастан мешіт салған екен. Ол молдаға барып, оның көрсеткен барлық кітабын судыратып оқып шығады, сол түстен кейін-ақ, жұрттың бәрін таңдандырған жаңа қасиет бойына қонады.

Қазақтар арасында қатты тасқын жүргенде Сұлтан үпіден көмек сұрайтын ерекше ырым бар. Ол осы Каспий маңын мекен етіп, қиыншылыққа ұшырағандарды әркез желеп-жебеп отырады дейді халық.

Сол секілді, тамаша сақталған, ерекше сәулетке ие жер асты мешітінен бөлек Сұлтaн үпiнің сайы мен құдығын айтып кетуге болады. Құдық жардан ойып жасалған. Суы дәмді, салқын және мөп-мөлдір. Бірақ, бұл құдық жайлы еш жерде өнімді дерек кездеспейді. Стилі бойынша ғалымдар оны XIX ғасырға жатқызады, нақты кім қаздырып, ашқаны жайлы ақпарат кемде-кем. Құдық аса шеберлікпен жасалынған, оны қоршаған тастар біртегіс, бір шебердің қолынан өткендей, жоғары қарай тарыла, тегістеліп салынған.

Сұлтaн үпi сайы табиғаты аса сұлулығымен ерекшеленеді. Мұнда бүлдірген, бабажапырақ, мойыл және тағы басқа бұталар өседі. Сондай-ақ, түлкі, қарсақ секілді аңдармен қатар, құстардың бірнеше ерекше түрлері мекен етеді.

Жер асты мешітке 2003 жылы арнайы археологтар зерттеу жүргізіп, мұндағы діни, тарихи ескеркіштердің әрқайсысын жеке-жеке қарап, тоқталып, зерделеп шықты, жаңа объектілерге де іздеу шаралары қарқынды жүргiзiлді. Ал 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ғылыми-реставрациялық жұмыстар жасалып, мемлекеттік қорғауға алынып отыр.

Сұлтaн үпi кешені мемлекетіміздегі туризм саласына елеулі үлес қоса алатын орын болып табылады. Жеті жыл бұрын Н. Жұмағұловтың бастауымен мұнда келушілер үшін демалатын жай салынып, барлық жағдай қарастырылып отыр. Міне бүгінде, жер асты мешіті Қазақстанның киелі 100 орындарының қатарына енді. 

Шaқпaқ aтa

Шaқпaқ aта жер асты мешіті Маңғыстау облысы, Түпқapaған aуданы, Тayшық аулынан жиырма бес шақырым жерде орналасқан. Мешіт  Қазақстанның киелі 100 нысандарының қатарына кіреді.

Шақпақ ата мешітінің ішкі бөлмелері дүниенің төртбұрышына қаратылып салынған. Күншығысындағы кіреберісте орналасқан үшқырлы арканың сырт жағында қабірханалар жатса, арғы үлкен бөлмеде маңдайшасы бар ұстындар тұр. Төбедегі күмбездің дәл ортасынан жарық түсу үшін ойық тесілген. Ол ойықтың бетін жаңбыр-судан қорғайтын құрылғы көлеңгейлеп тұр. Биіктігі үш метрге жететін ортада тұрған намаз оқитын бөлменің қабырғалары түрлі ою-өрнектермен көмкерілген. Кіреберістің қос қапталында араб әліппиімен жазылған түрлі адам аттары мен діни сүрелер, сопылық өлеңдермен қатар адам қолының ізі жатыр.

Мешіттің күнбатыс тұсында Шақпақ ата есімімен аталатын қорым орналасқан. Мұнда да Шопан ата, Қараман ата қорымдарындағыдай түрікмен ескерткіштері бар. Олар шамамен XIII-XVII ғасырларға жатады. Сол секілді қазақ руларының да сағанатамдары мен құлпытастары қойылған. 

Үңгірге кіретін есік безендіріліп, оның қасында дін уағыздайтындарды жерлеуге арналған бірнеше текшелер ойылған. Жалпы, ол жерде Шақпақ атаның ұрпақтары жерленуге тиіс болған делінеді.  Осы жерлеуге арналған текшелердің қабырғалары әр кезеңдердегі жазулармен, жылқылардың, адам алақандарының, өсімдіктердің түрлі өрнектерімен безендіріліп жасалған. Бұлардың ішінде өмірдің бес күндік өткінші екені айтылатын өлең мен алақандар ерекше көзге ұрылады. Шақпақ атаның өзі нақты қай тұсқа жерленгені беймәлім.

Таудың борлы жартасында қаланған мешіттің ішінде сопылар ауру-сырқау адамдарға ем жүргізіп, олардың айығуына көмектескен. Бір рет осында түнеген адамның басына рух келіп, оның бойын жайлаған дертінен емдейді деген түсінік қалыптасқан. Қазіргі кезде де халық өз сырқаттарына дауа іздеп, осы үңгірге ағылады. Ғалымдардың пікірінше, жер асты мешіті IX-X ғасырларда салынуы мүмкін. Бұл мешітте Шақпақ ата өмірінің соңғы жылдарын өткізіпті.

Шақпақ атаның атына байланысты көптеген аңыз-әңгімелер кездеседі. Бұл есім оған шақпағынан шығатын отының құрметіне қойылған. Ол жауға қарсы осы құдіретін пайдаланып, олардың бетін қайтарып отырған. Кей деректерде, Шақпақ ата тіпті жыландар әміршісі ретінде көрсетіліп, қайтыс болғандардың да сүйеніші болған делінеді. Шын мәнінде Шақпақ ата Шопан атадан тараған, оның немересі болып келеді. Шопан атаның Шағырық және Исан атты екі ұлы болған. Шахрух атымен танымал Шағырықтың Қапаш және тастан от шығара алатын қасиетке ие Шахмардан атты балалары болады. Бірақ Шақпақ атаның өмір сүру жылдарын әр ғалым әр түрлі болжайды. Кейбірі IX ғасыр десе, басқалары Өзбек ханның тұсында XIV ғасырда ғұмыр кешкен дейді. Ол кісі де Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттерінің бірі болып, діни біліммен сусындаған.

Шақпақ ата – бұл күнге дейін жақсы сақталған діни сәулет ескерткіші, мұнда келушілердің аяқ алысы басылған емес. Қазіргі таңда, Қазақстанның 100 киелі орындарының қатарынан табылып, мемлекеттік қорғауда тұрған жер асты мешіті.

Бекет ата

Маңғыстаудағы, нақты айтқанда Оғлындыдағы Пір Бекеттің жер асты мешіті еліміздегі ерекше киелі орындардың бірі болып есептеледі.  Оның негізі шамамен XVIII ғасырда қаланған.

Бекет ата тек көріпкел, әулие ғана емес, адам емдейтін қасиетке ие, физика мен математиканы, одан қала берді астрономияның заңдарын жетік білген адам болған. Оның туған жері ретінде қазірге Атыраудағы Құлсары жері көрсетіледі. Ол бірінші мүшелге толғанда Шопан атаға келіп, одан дәріс алып, ары қарай білімін Хиуадан толықтырады. Білім жинап, ілім теріп қырықтың қырқасына шыққан Бекет ата артынан еретін шәкірт дайындауға көшеді. Өз өмірінде көп жерлерді аралып, ел көрген Бекет ақыры Маңғыстауға оралады. Ол тек өзінің сопылығымен қатар, қалмақтарға шапқыншылық кезінде көзге түскен батыр болған.

Тарихи деректерде Пір Бекет 1813 жылы көз жұмып, Оғыланды жеріндегі мешітке жерленген делінеді. Жалпы ол өз өмірінде бес мешіт салдырған екен. Алғашқысының атауы Ақмешіт, ал келесісі Бейнеудегі жер асты мешіті, үшіншісі – Үстірттегі Байшағыр аталатын жерде, соңғылары – Бозащы түбегіндегі Тиген аулыннан қырық шақырымдай жерде орналасқан мешіт және өзінің мәңгі мекені болып тұрған Оғыланды жартасындағы киелі орын.

Осылардың ішіндегі ең үлкен Оғыланды жеріндегі мешіт, Ол биік таулы жартастың орта тұсына таман салынған, төменнен көтерілген саты мешіт алдындағы алаңға әкеп тірейді. Онда бірнеше жайлар орналасқан, оның біріншісінде күмбездің жоғары тұсынан күн сәулесі түсуге ыңғайланған ойығы бар. Одан кейін михрабы бар намазхана орын тепсе, тағы бір жайда Пір Бекеттің өзі жерленген, ол жай мешіттің оңтүстік-шығысында тұр.

Мешіттің жалпы пішіні дөңгелек болып келеді. Ішкі көрінісі қазақтың күйіз үйінен аумайды. Михрабы бар намаз залының артқы тұсынан қойма немесе сол секілді кішігірім, жартылай салынған тағы бір жай бар. Негізі мешіттің барлық қабырғаларына тегіс тақтайшалар жапсырылған, сондай-ақ, жарық түсіретін шамдар қойылуға тиіс текшелер бар, бұдан артық безендірілмеген. Бұл мешітте Бекет атадан бөлек немересі Мұрын мен қызының да денелері жатыр.

Мұндағы киелі орынның басты ерекшелігі деп акустикасын айтуға болады. Себебі, онда оқылған намаздардың даусы кәдімгідей анық естіледі. Мешітті салушылар ғылымнан ерекше хабар болған жандар болуы мүмкін. Кей ғалымдардың айтуынша, Бекет ата сол орыннан аспан әлемін бақылаған. Аспан денелерінің анық көрінуі, алда келе жатқан нөсерді, қар мен боранды немесе аптап ыстықты білуге мүмкіндік берген секілді.

Бекет ата мешіті – сәулет өнерінің ерекше туындысы, сондай-ақ, тарихи және рухани орын. Мұнда келушілер міндетті түрде өз ауруларынан айығады деген сенім бар. Сондай-ақ, Бекет ата мешітіне арнайы ниетпен келгендерді ғана қабылдайды дейді. Яғни, бірде жолдан соға кетейік деген келушілердің тікұшақтары жерге қона алмай әбден қиналған екен. Бұл орын салынғаннан бері екі жүз жылға жуық уақыт өтсе де, тек отандастарымыз ғана емес, шетелдіктер де тәу етуге келетін  кие тұнған мекенге айналды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға