Жаңалықтар

Мандар мен адамдар

Расында да әңгiме қай пайғамбар жайында болуы мүм­­кiн?
30.06.2014 12:02 3591

Расында да әңгiме қай пайғамбар жайында болуы мүм­­кiн? Қарапайым қисынға алсақ, Нұхтан өзге жебiрей немесе араб пайғамбарының бұл өңiрде iз тастауы мүмкiн емес. Әлде әңгiме шынында да Нұх пайғамбардың өзi жөнiнде ме? Олай болса, Ман түбiрiнiң тасасында қандай құпия жасырулы?

Ағылшын тiлiнiң маманы осы да жұмбақ болып па, адам деген сөз ғой дер (man – адам). Бiрақ манның құпиясын шешуге бұл тым аз. Қазiргi тiл ғылымына санскритте де адам деген ұғымды бiлдiретiн ману сөзiнiң бар екендiгi мәлiм. (Мифология, Москва, «Большая Российская энциклопедия», 1998, стр 343). Көне үндi мифологиясындағы Ману, сондай-ақ алғашқы адам, яғни адамзаттың арғы атасының есiмi ретiнде де белгiлi. (Бұл арада дүниенiң, адамзаттың дамуы туралы үндiлiк түсiнiктiң ерекшелiгiн ескерте кеткен жөн. Олардың түсiнiгiнде адамзат тiршiлiгi 71 махаюга, яғни әрбiр 306720000 жыл сайын әртүрлi апаттардың салдарынан опат болып, өлмей аман қалған Манудан қайта бастау алып отырады. Үндi мифологиясында 14 Ману бар. Олардың жетеуi өткен дәуiрлерде болған, жетеуi болашақта өмiрге келмек. Яғни, үндi түсiнiгiнде адамзатты алда күтiп тұрған әлемдiк деңгейдегi тағы да жетi апат бар). Үндi мифологиясындағы Нұғымыз осы Ману. Дүниенi топан су қаптарда құдайдың мейiрiмi осы Мануға түседi. Құдайдың балық сипатында көрiнетiнi ғана болмаса, үндi аңызы оқиғасы жағынан «Тәураттық» нұсқаға жақын. «Тәуратта» бүгiнгi адамзат Ной мен оның әйелi Наамадан тарайды. Үндiлiк нұсқасында мұндай мәртебеге Ману мен әйелi Ила (Ида) ие. Үндiлердiң атақты «Махабхарата» эпосында дүниенi топан су басқанда Манумен бiрге тағы жетi адамның тiрi қалатындығы туралы да желi бар (бұл нұсқа Өлген мен Ерлiкхан туралы көнетүркiлiк мифтi еске түсiредi). Сондай-ақ, тек үндi емес, герман мифологиясындағы алғашқы адам есiмi де Манн. Менiңше, есiмдердiң дыбысталуында мұндай үндестiктiң болуы кездейсоқтық емес. Ол үндi және герман аңыздарының шығу төркiнi бiр екендiгiн, яғни екеуiне де ортақ бағзы арийлер дәуiрiн еске түсiрсе керек.

Қазығұрт-Манқұрды үндi аңызындағы осы Манумен байланыстыра қарастырған жөн. Өйткенi, Манқұр да, Ману да топан су жайлы аңыздың кейiпкерлерi. Бiрi жер атауы, бiрi адам есiмi. Әрi түбiрлерi ұқсас. Яғни, Манқұрдың Ману немесе Адам тауы болуы мүмкiн деп жорамалдауға болады (Манқұр атауының екiншi буынындағы шумерлерде тау ұғымын бiлдiретiн құр, кур сөздерiнiң бұл жерде қаншалықты орнықты роль атқара алатындығын анықтай түсуi керек). Осы тұста мынадай сауал бой көтермек: үндi дiни-мифологиясындағы аңызбен көне түркiлердiң таныс болуы мүмкiн бе?

Тарих иә дейдi. Деректер бойынша шартты түрде арий деп аталатын үндi және иран халықтарының арғы бабалары (тек олардың ғана болмаса керек, бұл туралы кейiнiрек әңгiмелеймiз) Каспий мен Арал теңiзi маңындағы да­­ла­ларды мекендегенi белгiлi. «Парсы мифологиясы бiр кездерi Арал-Каспий маңындағы далалардан Үндiстан мен Иранға, Еуропаға таралған үндiеуропалық ортақ ми­­фологиялық жүйенiң тамырлас бөлшегi болып та­­былады. Парсылардың қасиеттi көне жазбаларындағы («Авесталар») құдайлар бағзы үндiлердiң дiни мәтiн­де­рiндегi («Ведалар») құдайлармен өте ұқсас. Әйтсе де, өз­дерiнiң жаңа отандарында олар бiршама өзгерiстерге ұшы­рады. Веда дәстүрi Үндi жерiнде бертiн келе жер­гiлiктi халық – дравидтердiң қуатты ықпалына түссе, пар­сылық нұсқаларына шумер және бабылдық дiни түсi­нiк­тердiң әсерi мол болды» (Джозеф Кэмпелл. Герой с тысячью лицами. «София», 1997, стр 328).

Осыдан кейiн үндi ведаларындағы топан су және Ману жайлы әфсана ұлы түркi даласында, бүгiнгi Қазақстан территориясында дүниеге келген едi деуге болады ма, жоқ па? Иә десек, қисынға қайшы келмесiмiз анық.

Рас, христиан жыл санауының III ғасырында да (216-277 ж.ж) тарихта iз қалдырған Мани есiмдi пайғамбар болған. Ол дәрiптеген манихейшiлiк iлiмiнiң Орта Азия мен Қазақстан территориясына да бiршама таралғаны белгiлi (Гумилевтiң жазуынша ұйғыр империясының түбiне жетiп тынған дiн). Әйтсе де Манқұр-Қазығұрт төңiрегiнде айтылатын топан су жайлы аңыздың өмiрiн аянышты аяқтаған ирандық бұл жанкештiге ешқандай қатысы жоқ деуге болады.

kz, Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға