Жаңалықтар

МӘМС-тен неге мән кетті. Ақшасы жоқтар емхана есігінде телміріп отыр - дәрігер

МӘМС-тен неге мән кетті. Ақшасы жоқтар емхана есігінде телміріп отыр - дәрігер
Фото: El.kz 07.04.2023 09:52 7650

7 сәуір – дүниежүзілік денсаулық күні. Атаулы күнге орай қазақтардың денсаулық сақтау саласындағы қызметке көңілі тола ма деген сұраққа El.kz тілшісі іздеп көрген еді.

Бұл саладағы қызмет дегенде, ойға бірінші оралатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі. 
2022 жылы бұл  қорға 823,2 миллиард теңге қаржы аударылыпты. Соған қарамастан МӘМС көпшіліктің көңілінен шықпай отыр.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласына аударылып жатқан қаржы көлемі үлкен. Салыстыру үшін айтсақ, МӘМС-тің бір жылдық бюджеті еліміздегі басқа сақтандыру компанияларының қаржысын қосқанымен бірдей. Алайда қарапайым халық бұл қаржыға сапалы қызмет ала алмай отырмыз деп налиды. 
Сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге қауқарсыз. Бұл проблеманы былтыр Президент те көтерген болатын.

Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды, – деген болатын Тоқаев.

МӘМС таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, 2022 жыл қорытындысы бойынша елдің 16,2 миллионнан астам азаматы сақтандырылған мәртебесіне ие. Бұл қазақстандықтардың 82,1%-ы. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша елдегі халықтың саны 19 миллион 691,9 мың. Яғни 3,5 миллион азаматтың МӘМС қызметін ала алмайтынын көрсетеді.

МӘМС-ке мемлекет те, халық та қалтасынан қыруар қаржыны салып отырғандықтан, сұрауын алуға құқылы.

Дәрігер Ғабит Нұрханұлы медициналық сақтандыру жүйесінің кемшін тұстары көп екенін айтады.

Басында сақтандырылған халық сапалы ем алады. Ал дәрігерлердің айлығы жоғары болады деп сендірген еді. Бірақ медицинада өзгерген ешнәрсе байқалмайды. Сақтандыру басталғалы , медицина жақсарып, сапалы болғанын байқаған адам бар ма ? Ақшасы барлар бәрі жекеге,ақшасы жоқтар емхана есігінде телміріп отыр, - дейді ол.

Дәрігер сапалы ем, күтім ақылы клиникаларда, республикалық маңызы бар орталықтарда, қалалық, аудандық, ауылдық ауруханалар ілгерімек түгіл кері кетіп жатыр. Жалпы сақтандыру бар адамның жеке клиникаға өз қаражатына емделуі "қылмыс". Себебі ол әр ай сайын өз қаражатынан емделуге ақша салып отыр. Ауырған кезде ол қаражатты пайдалана алмаса неге салады? Жалпы шикіліктер жетіп артылады деп отыр. 

Мемлекеттік ауруханалар жеке клиникаларға бәсекелес бола алмайды. Себебі мемлекеттік ауруханалар санға жұмыс істейді деген пікірде.Ал жеке клиникалар сапаға жұмыс істейді. Қазір нарықтық заман, тегін деген ешнәрсе жоқ. Әрбір емдеген адамға медициналық сақтандыру қоры ақша аударады, - дейді Ғабит Нұрханұлы.

Ол негізінен қорға қайда емделсе де бәрібір болуы тиіс. Сол себепті науқас адам өзі таңдауы мүмкіндігі бар. Бірақ жеке клиникалар қормен жұмыс істегілері келмейді. Себебі қордың белгіленген бағасы өте төмен деп отыр.

Маманның айтуынша, жеке клиникаларға ондай бағамен жұмыс істеу тиімсіз. Ал мемлекеттік ауруханалар айлық жалақыны басқа да шығындарды шығару үшін санға жұмыс істейтінін жеткізді.

Ол сондай-ақ емханалардың өтірік статистика жасап отырғанын сынға алды.

Емханаға бармасаңыз да барды деген оқиғалар естеріңізде ме? Сол емханалар шығындарын жабу үшін келмегенді келді, емделмегенді емделді деп жазып қоюға мәжбүр. Төмен медициналық сақтандыру қорының бағасы тұр, жеке клиникаларда қабылдау бағасы 5000 теңгеден кемі көрмедім. Мұндай бағаға жеке клиникалар келіспейді, медициналық маркетинг жоқ, халық медицинаға сенбейді ал қор өз жұмысын әлі көрсете алмай отыр, - деді дәрігер.

Журналист Өміржан Әбдіхалықұлы МӘМС-тың түк керегі жоқ деген пікірде.

Осы айлықтан ұстайтын МӘМС дегенді құртқан дұрыс. Өзі титтей айлықтың жырым-жырымын шығарып, анаған бір ұстайды, мынаған бір ұстайды, - деп ашуын жасыра алмады журналист.

Сосын ол еңбек демалысына шыққан кезде ауырып, Алматыдағы №5 құлақ, мұрын, жақ емдейтін ауруханаға барғанын айтты. Алакөлде құлағына су кіріп, тас керең боп бітіп қалған көрінеді.

“Мен жұмыс істеймін, айлығымнан МӘМС ұсталады" дегеніме (қателеспесем, Сурдология болу керек) бөлім меңгерушісі "онда емханаға бар да, сақтандыруыңды әкел" деді. Жарылып кете жаздадым. Ана тас құлақпен сақтандыру алу үшін емханаға барғаным қалып еді. Оның үстіне, “сақтандыруың!" деп алдымнан құрақ ұшатын дәрігер де табылмас, - дейді Өміржан Әбдіхалықұлы. 

Ол өзі төлеп жатқан МӘМС-тің рахатын кім көріп жатқанын түсінбейді.

Ал, мейлі, менің жағдайымды "ойлап, алаңдаған" Үкімет ақшаны алуды заңдастырады. Сол міндеттеп қойған салықтың анда-санда болса да, бір титімдей ғана пайдасын көрсетпейді. Барлық мәліметтерді бір жерге жинақтауға болмай ма? Жалпы заманымыз түзеле ме біздің? Адам сияқты өмір сүреміз бе, жоқ па?, -деді журналист.

Қызылорда қаласының тұрғыны Әлия Жоланқызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бас ауруына айналғанын айтады.

Жұмыссыз қалғаныма 2 жыл 3 ай. Содан бері МӘМС төлемдерім болмағандықтан емхананың есігінен де сығалатпайды. Жазда емхана қызметкері хабарласты, флюраға шақырды. Биыл мен скринингтік тексеруден өтуге тиіспін. Бірақ өте алмаймын. Сол баяғы МӘМС төлемдері жоқ деген себеп бар. "Қарызсың" дейді. Өзімнің есептеуім бойынша 50 мыңнан асты,- деді ол.

Оған өз аумағы бойынша тіркелген емхана дәрігерлері "Өзін өзі қамтығандар" санатымен төлеуі керек екенін айтқан. Ол еш жерде жұмыс істемесе, қалай өзін жұмыспен қамтыған ретінде төлейтінін түсіне алмай дал болып жүр.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС-тің аясы күннен-күнге кеңейіп жатқанын айтады. Мысалы қазір МӘМС қызметтерінің ішіне стамотологиялық қызметтер де кірген.

МӘМС жүйесіне көңілі толмай жүргеннің бірі – Нұрлан Досмағұл. Оның айтуынша, қызмет қымбат әрі сапасыз.

Ай сайын МӘМС төлеуді Үкімет міндеттеп қойды. МӘМС-і төленбеген адамға қарамайды. Қаралу үшін алдыңғы айларға төлеуің керек. Ал қызмет сапасы сол салыққа тати ма? Мысалы, әр адам ай сайын ауырмайды. Сонда да төлейді, - дейді Нұрлан Досмағұл.

Ол сондай-ақ санитарлық кітапшаның неге ақылы екенін түсінбей жүр.

Медицина қызметкерлері, мұғалімдер, балабақша қызметкерлері, аспаз, шаштараз т.б. мамандар жыл сайын санитарлық кітапша толтырады. Ол ақылы. Қан талдауы басқасы да ақылы. Сонда МӘМС қайда?, - дейді Нұрлан Досмағұл.

Оны қынжылтқан тағы бір олқылық – бітпейтін кезек.

УДЗ деген тексеру құралы бар. Тегін түсіреді, бірақ 1-2 апта кезек күту керек. Одан ақылы түсе салған жақсы  - дейді тұрғын.

Сондай-ақ оның пікірінше, стаматология МӘМС-тің есебінен болуы керек деп есептейді. Өйткені қалтаны қағатын медициналық қызметтің ең бастысы – стамотология көрінеді.

Қазір стоматологиялардың көбіне өз ақшаңа емдетесің. МӘМС-пен жеңіл-желпі болмаса, бағасы жоғары емді өз қалтаңнан төлейсің, - деді Нұрлан Досмағұлов.

Сонымен қатар елімізде медициналық қызметтің тым қымбат әрі тиімсіз екенін айтады.

Бір танысым бар. Баласы мүгедек. Жылына екі рет Тәшкентте барып ем алады. Не үшін ол жаққа барады? Себебі, арзан. Екіншіден сапалы. Сол барып-қайту, ем ақшасын өз қалтасынан төлейді. Ал әйелі екеуі де МӘМС-ке салықтары түсіп тұр, - дейді Нұрлан Досмағұлов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға