МӘМС-тен ақша алып отырған Астанадағы екі емхананың лицензиясы жоқ болып шықты
Жоғары аудиторлық палата «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» және оның өңірлік филиалдары қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізген. Аудит нәтижесін Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аудит қорытындысы бойынша Қор тарапынан медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне қатысты мониторингті тиісті деңгейде жүргізілмейтіндігі анықталды.
Мәселен, Астана қаласындағы екі негізгі медициналық қызмет көрсетуші - «Салауатты Астана» және «Шипагер» медициналық ұйымдардың теңгерімінде ғимараты мен медициналық жабдықтардың жоқтығы, жалға беруші тарапынан жалдау шартын бұзу кезінде тиісті рұқсат беру рәсімдерінен өтпеген ғимараттарды пайдалану арқылы медициналық көмек көрсету сапасына кері әсер ету тәуекеліне алып келу;
- медициналық ұйымдарда тиісті медициналық қызмет көрсетуге қатысты лицензияларының болмауы;
- денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзылуы;
- қормен шарт жасасу кезінде күндізгі стационардың төсек қорын мәлімделгеннен асырып;
- медициналық ұйымға 2 мыңнан астам мүгедектің тіркелгендігіне қарамастан, оларға тиісті жағдайлар жасамау және тағы басқа да фактілері анықталды, - дейді Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі.
Сондай-ақ аудит бүкіл денсаулық сақтау жүйесі мен негізгі мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасының арасында байланыстың жоқ екендігін көрсетті.
Мәселен, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру кезінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға сомасы 8 млн теңгеге дәрі-дәрмектер ресімдеу фактілері анықталды.