Жаңалықтар

МӘМС-тегі өзгеріс: енді онкоскринингтер қолжетімді болады

МӘМС-тегі өзгеріс: енді онкоскринингтер қолжетімді болады
Фото: ©El.kz 26.04.2025 14:32 156

Денсаулық сақтауды қолдау шараларын кеңейту туралы түзетулер болды. Бұл өзгерістер онкоскринингтерге және есту аппараттарымен қамтамасыз етуге қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске енгізілген түзетулердің шеңберінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, атап айтқанда — онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау, сондай-ақ мүгедектігі жоқ пациенттерді есту аппараттарымен қамтамасыз ету бойынша маңызды шаралар іске асырылды.

Онкологиялық ауруларға скринингтер енді МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесінің болуына қарамастан жүргізілетін болады. Зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жүйесіне көшуде. Бұл жас және медициналық өлшемшарттарға сәйкес келетін Қазақстанның барлық азаматтары енді скринингтен өте алатынын білдіреді.

Сонымен, әйелдер сүт безі обырының скринингінен 40-70 жас аралығындағы (40, 42, 44 7 70 жас) әйелдер әр екі жыл сайын өтуі мүмкін. Ол маммографияны екі проекцияда қолдану арқылы жүзеге асырылады, содан кейін қажет болған жағдайда — ультрадыбыстық, мақсатты маммография, биопсия. 

Жатыр мойны обырына диагностиканы 30-70 жас аралығындағы әйелдер әр 4 жыл сайын (30, 34, 38 … 70 жас) цитологиялық жағынды (Папаниколау тесті) алу арқылы өте алады, қажет болған жағдайда кольпоскопия, биопсия қолданылады.

Колоректалдық обырға зерттеп-қараудан 50-70 жас аралығындағы (50, 52, 54 …70) ерлер мен әйелдер әр екі жыл сайын гемокульт-тест (нәжісті жасырын қанға талдау) әдісімен, оң нәтиже кезінде - бейнеколоноскопия және гистология өтеді.

Скринингтер тіркелген жері бойынша медициналық-санитариялық  алғашқы көмек ұйымдарында жүргізіледі.

Қабылданған шаралар халықты онкодиагностикамен қамтуды едәуір арттыруға, ауруларды ерте анықтауды және уақтылы емдеуді қамтамасыз етуге, яғни — денсаулық пен өмірді сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қабылдаған бірқатар түзетулер мүгедектігі жоқ пациенттерді есту аппараттарымен қамтамасыз ету мәселелерін шешеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға