Жаңалықтар

МӘМС-тегі артық ақшаны қайтарып алуға болады – министр

МӘМС-тегі артық ақшаны қайтарып алуға болады – министр
Фото: t.me/KZgovernment 27.01.2025 17:00 1360

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне артық төленген жарналарды қайтаруға азаматтардың құқығы бар екендігін мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ведомство басшысынан екі немесе үш жерде жұмыс істейтін адамдардың МӘМС-ке жарна төлеу тәртібі туралы сұраған еді. Мәжілісмен сол жарнаны пайдаланбаған адам ақшасын қайтарып алуы керек деп отыр.

Егер азамат бірнеше жерде жұмыс істесе, жарна барлық жұмысынан төленеді. Бірақ ол бір жыл ішінде емханаға мүлде жүгінбесе, ақшасы пайдаланылмай қалады. Бұл әділетсіз. Әрбір азаматқа өз жарналарын бақылау, басқару және қандай медициналық қызметтерді пайдалана алатынын білу құқы берілуі керек. Бұл қаражатты қажет болған жағдайда өз ақшасы ретінде пайдалануға мүмкіндік берілуі қажет, - деді депутат.

Министр мұндай мүмкіндік қарастырылғанын растады.

Егер бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтардың жалпы жарнасы 850 мың теңгеден (10 еселенген ең төменгі жалақы мөлшері) асып кетсе, олар артық төленген соманы қайтарып ала алады. Ол үшін МӘМС-тің жергілікті филиалына өтініш беру жеткілікті, - деді ведомство басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға