Жаңалықтар

«МӘМС – салықтың қосымша түрі». Депутат халықты қанауды тоқтатуды талап етті

«МӘМС – салықтың қосымша түрі». Депутат халықты қанауды тоқтатуды талап етті
Фото: t.me/mazhilis_kz 13.03.2024 15:00 686

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сауал жолдап, медициналық сақтандыру мәселесін қайта қарауды талап етіп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында және 7 ақпандағы жаңа Үкіметтің отырысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиімсіз жұмысын сынға алып, қолданыстағы медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру моделі жоқ екенін атап өтті. «Ақ жол» Демпартиясының фракциясы 2022 жылғы 13 сәуірдегі өз сауалында медициналық сақтандыру қоры бойынша проблема көтерді, өйткені салымшылар ӘМСҚ-дағы өз қаражатын бақылай алмайды, ал Қор атауындағы «сақтандыру» ұғымы профанацияға айналды, - дейді депутат.

Сонымен қатар, «Ашық НҚА» порталында табысы 850 мың теңгеден асатын тұлғалар үшін МӘМС жарналарын бес есеге ұлғайту туралы Заң жобасы орналастырылды.

Олардың деректері бойынша, 2025 жылдан бастап бұл жалдамалы қызметкерлердің жалпы санының  9%-ын қамтиды және 502 мың адамға қатысты болады. Айтап айтқанда, аталған порталда жобаны онлайн талқылауға бір сағат қана уақыт бөлінді! Бірақ бұл ретте жүздеген азаматтар бұған қарсы пікір білдірді, ал МӘМС бойынша аударымдарды ұлғайту жөніндегі бастама бизнес өкілдерінде ерекше наразылық туғызды, - дейді Ержан Бейсенбаев.

Депутаттың айтуынша, медициналық сақтандырудың қолданыстағы моделі экономиканың барлық қағидаттарына қайшы келеді, өз денсаулығы үшін дербес жауапкершілікті және емделуге дербес жинақтарды қамтымайды.

Адам өз денсаулығына қалай қарайтынына қарамастан төлеуге міндетті болып шығады. Яғни, жаман әдеттері жоқ, спортпен шұғылданатын және аударымдарын емдеуге жұмсамайтындар денсаулығына мән бермейтіндер, темекі шегетіндер, ішетіндер және одан үнемі дәрі-дәрмектер мен дәрігерлерге ақша жұмсайтындармен бірдей төлеуі керек.

Қарттарға, мүгедектерге және төтенше жағдайларға қатысты ынтымақты қағидат жұмыс істеуі керек екені түсінікті. Бірақ толыққанды адамдар денсаулығына жауап беруі керек. Ал әрбір жарна төлеушінің өз жарналарын өз бетінше билік етуге құқығы болуға тиіс. Әйтпесе, олардың медициналық көмекке жүгінбестен ай сайын Қорға төлейтін ақшасы  үшінші тұлғалардың медициналық қызметтерін төлеуге кетеді, сонымен қатар Қор оны өз қалауы бойынша пайдаланады. Ақиқатында, бұл сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі. Бірақ салықтарды ашық түрде пайдалану керек, ал МӘМС қорының жұмысы – бұл бір үлкен жұмбақ және бір үлкен түбі жоқ «қара тесік», - дейді мәжілісмен.

Мұндай жағдайларда алдыңғы жүздеген миллиардтардың қалай және неге жұмсалғанын түсінбей тұрып, қорға төлемдерді бес есе арттыру қоғам үшін тым қымбат және бизнеске шамадан тыс жүктеме болып табылады.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты Мемлекет басшысының медициналық сақтандыру жүйесін реформалауға қатысты тапсырмаларын іске асыру кезінде «Ақ жол» фракциясы келесі ұсыныстарды ескеруді сұрайды:

  • МӘМС төлемдерін арттырудан бас тарту
  • Медициналық сақтандыру жүйесін монополиясыздандыру және осы салада нарықтық және бәсекелестік тетіктерді енгізу.
  • Азаматтардың сақтандыру ұйымдарындағы шоттарын ашықтық пен еріктілік негізінде дербестендіру.
  • Әрбір нақты азаматтың денсаулық жағдайы мен өмір салтына байланысты сақтандыру сыйлықақыларын төлеу сомаларын айқындау әдістемесін әзірлеу.
  • МӘМС сақтандыру және ынтымақтастық бөлімін бөлу.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға