Жаңалықтар

МӘМС, қымбат дәрі-дәрмек: Тамара Дүйсенова медицинадағы түйткілді мәселелерді атады

МӘМС, қымбат дәрі-дәрмек: Тамара Дүйсенова медицинадағы түйткілді мәселелерді атады
Фото: ©El.kz/Артем Чурсинов 26.06.2024 10:45 542

Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова денсаулық сақтау саласына қатысты үш негізгі мәселеге тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірінші мәселе бойынша тұрғындар негізінен ауылдық жерлерде медициналық мекемелердің жеткіліксіздігі жөнінде сұрақтар көтергеніне тоқталды.

Жалпы ауыл азаматтарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында:

1) Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында бүгінгі күнге 96 объектінің құрылысы аяқталды, 321 нысанның құрылысы жалғасуда. Жалпы олардың санын 655-ке дейін жеткізуді көздеп отырмыз.

2) Одан басқа, аудандарда бірнеше региондарды қамтитын көпсалалы ауруханалар жаңғыртылуда, облыстарда перинаталдық орталықтар салынуда және республикада көлемінде жедел жәрдем жұмысын реттейтін және телемедициналық консультация беретін және ірі онкология орталықтары іске қосылуда.

Бүгінгі күнгі бюджеттің тапшылығына қарамастан, бұл мақсаттарға премьер-министрдің тапсырмасымен бюджеттен және Үкімет резервінен қажетті қаражаттар бөлінуде. Бұл бағыт менің жеке бақылауымда. Апта сайын әкімдіктердің жұмысын қадағалап отырмыз, - деді премьер-министрдің орынбасары.

Екінші мәселеде сайлаушылар тарапынан көп көтерілген мәселелердің бірі міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тоқталды.

Тамара Дүйсенованың сөзінше, медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді екенін дамыған елдердің, әсіресе ОЭСР тәжірибесі көрсетіп отыр. Олардың тәжірибесі бұл жүйенің 3 мәселені шешкенін көрсетіп отыр:

- клиникалардың басым көпшілігі науқастарды емдеу үшін ең жақсы жағдай жасауға өткен. Олай болмаса ол қаржы ала алмайды, себебі қаражат аурып қалған азамат таңдаған клиникаға төленді.
- азаматтың денсаулығын қорғау бойынша жауапкершілікті тек мемлекетке емес, сонымен бірге жұмыс беруші мен жұмыскерлерге жүктеуді қарастырған жалғыз жүйе.
- жүйенің ынтымақты қағидатта жұмыс істеуі медициналық көмектің барлық түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Қазір мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осы озық тәжірибені енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның біріншісі жүйемен қамтылмаған азаматтардың статусын анықтау. Қазір өңірлерде тиісті штабтар құрдық. Түгендеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде. 130 мың азаматтар бойынша бұл жұмыс аяқталды, енді 750 мың азаматтарға қатысты түгендеу жұмысы басталды. Нәтижесінде әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін мемлекет, ал жұмыс істейтін азаматтар үшін - жұмыс берушілер және азаматтардың өздері жарна төлейтін болады. Сондай-ақ өтініштерде ақылы және тегін медициналық көмектің нақты тізбесінің жоқтығына назар аударылған. Қарастырып жатқан бағытымызда азаматтарға ондай тізбенің қажеті болмайды. Азаматтың міндеті тек жүйеге қатысушы болу. Клиникаға емдеген ауруының түріне қарап мемлекеттен «базалық» немесе медицина сақтандыру қорының есебінен «сақтандыру» пакеті ретінде қаржыландыратын болады, - деді Тамара Дүйсенова.

Денсаулық сақтау саласындағы келесі мәселе дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігі, сапасы және бағасына қатысты екенін айтты.

Дәрі-дәрмектерді өндірушіден пациентке дейін таңбалау, яғни маркировкамен қамтамасыз етуді қолға алдық. Бұл өздеріңіз ратификациясын қолдаған Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің келісімшартындағы міндеттемеміз. Бұл бізге дәрілерді өндіру, оларды шетелден алып келу, сату нарығын толық бақылауға және контрафактілік препараттармен күресуге мүмкіндік береді, - деді ол.

Тамара Дүйсенова тоқталған бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталатынын жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға