Жаңалықтар

МӘМС медициналық қызметтерді қолжетімді әрі сапалы етуге мүмкіндік береді

МӘМС медициналық қызметтерді қолжетімді әрі сапалы етуге мүмкіндік береді
Фото: ©El.kz/Мадияр ӘСКЕРБЕК/ChatGPT 24.02.2025 20:28 102

Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласын қаржылық тұрғыдан тұрақтандыру, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және оларды халыққа қолжетімді ету - маңызды мәселелердің бірі. Елімізде енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа медициналық көмек көрсетудің жаңа деңгейін қамтамасыз етуде. Дегенмен кейде осы МӘМС жүйесіне қатысты мәселе туындап, тұрғындар тарапынан реніштер туындап жататын сәттер де кездеседі. Себебі халықтың кейбірі бұл жүйе арқылы қандай қызмет түрін алуға болатынынан бейхабар. Жалпы  медициналық қызметтердің қаржыландырылуы мен сапасы қандай? Егер сақтандырылған азаматтар  қандай да бір мәселеге тап болса, кімге, қайда шағымдана алады? МӘМС төлемей жүргендер қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын алу үшін El.kz тілшісі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Ляззат Әлімовамен сұхбаттасты.

El.kz: Ляззат Барлықбайқызы, алғашқы сұрақты МӘМС-тің халыққа келтірер пайдалы тұсынан бастасақ. Бұл жүйенің тұрғындарға берері не?

Ляззат Барлықбайқызы: МӘМС жүйесі тұрғындардың денсаулығын қорғау үшін өте маңызды рөл атқарады. Ол медициналық қызметтерді қолжетімді әрі сапалы етуге мүмкіндік береді. Пациенттер емдеу шаралары, жоғары технологиялы медициналық көмек пен диагностика, оңалту сияқты кең ауқымды қызметтерге де қол жеткізе алады. Яғни, МӘМС жүйесі арқылы халық медициналық қызметтерге қаржылық тұрғыдан көмек алады, бұл денсаулық сақтау саласының дамуына ықпал етеді. Айта кету қажет, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бұл – әлеуметтік жоба. Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан,  МӘМС шеңберіндегі барлық медициналық көмек түрлерін алуға құқылы.  

El.kz: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ақшасы қайда жұмсалады?

Ляззат Барлықбайқызы:  Қор МӘМС-ке келіп түскен барлық қаражатты ай сайын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде азаматтарға медициналық ұйымдар көрсеткен медициналық көмек үшін төлем ретінде жіберіп отырады. Жалпы алғанда, тұтыну деңгейі мен белгілі бір қызметтерге сұранысты, халық санын, аурушаңдық деңгейін және басқа да көрсеткіштерді есепке ала отырып, әр жылға қаржыландыруды жоспарлау жүргізілуде. Мәселен, 2024 жылы Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласының бюджеті 134,2 млрд теңгені  құрады, оның ішінде: 61,7 млрд теңге – МӘМС-ке,  72,5  млрд теңгесі – ТМККК-ге (тегін медиицналық көмектің кепілдендірілген көлемі).  Салыстыру үшін айтар болсам, 2023 жылы өңірдің сатып алу жоспары 119,6 млрд теңгені құрады. Яғни, қаржыландырудың 14,6 млрд теңгеге  (10,9  %-ға ) өскені байқалып  отыр. 

El.kz: Міндетті медициналық сақтандыру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) айырмашылығы қандай?

Ляззат Барлықбайқызы:  Өздеріңізге белгілі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бұл – әлеуметтік жоба. Қазақта «Сақтансаң сақтаймын» деген жақсы сөз бар емес пе? Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан,  барлық медициналық көмекті алуға құқылы. Қарапайым дәрігерлік кеңестен бастап, жоғары технологиялық көмек, ультрадыбыстық зерттеу, қымбат бағалы КТ,МРТ сынды медициналық көмекті ала алады. Естеріңізде болса, КТ, МРТ сынды қымбат медициналық диагностикалық қызметтер 2020 жылға дейін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ғана  тегін көрсетілген. Бүгінде  барлық сақтандырылған азаматтарға ақысыз негізде қолжетімді. Яғни, МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласы екі көзден  қаржыландырылып, бірінші кезекте қарапайым халықтың медициналық көмек алуда көп мүмкіндіктері пайда болды. Сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмексіз қалған жоқ. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде науқастарға шұғыл  жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиация, амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, шұғыл жағдайда көрсетілетін қызметтер, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулардың диагностикасы және емдеу, стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету түрлері көрсетілуде.       

(Фото: Ляззат Әлімованың жеке мұрағаты)

El.kz: Медициналық көмекке көп қаражат қандай қызметтерге жұмсалады? 

Ляззат Барлықбайқызы:  Шығындардың басым бөлігін стационарлық медициналық көмек құрайды. Құрамына қымбат тұратын диагностика түрлері, бейінді мамандардың консультациялары, сондай-ақ зертханалық талдаулар кіретін консультациялық-диагностикалық қызметтер де жоғары сұранысқа ие. Атап айтқанда, былтырғы жылы 8 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. МӘМС есебінен күн сайын жоғары технологиялық операциялар жасалады. Ал негізінен мұндай бір операцияның құны бірнеше миллион теңгені құрайды. Шымкент қаласы бойынша былтыр 1500-ға жуық жоғары технологиялық қызмет көрсетілген. Айтарлықтай қаржыландыру кардиохирургиялық және нейрохирургиялық операцияларға бағытталады. Сонымен қатар, 2024 жылы 1 жүрек, 2 бауыр және 10 бүйрек трансплантациясы жүргізілді. Ағза алмастыру операциясының құны 10 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін, ал осы шығындар МӘМС жүйесі есебінен қаржыландырылады. Медициналық оңалту қызметтеріне де сұраныс артуда. Көрсетілген кезең ішінде ересектер мен балаларға 400 мыңнан астам қызмет көрсетілген.  

El.kz: Ал жалпы қандай медициналық қызметтер МӘМС шеңберінде тегін көрсетіледі?

Ляззат Барлықбайқызы: МӘМС шеңберінде сақтандырылған азаматтар аурулардың алдын алу, профилактикалық және скринингтік тексерулер, бейінді мамандардың кеңесін және диагностикалық зерттеулерді қоса алғанда  ауруларды диагностикалау және емдеу, жоғары технологиялық медициналық көмек алуға құқылығы. Сонымен қатар бұл тізімде жоспарлы тәртіппен күндізгі, тәулік бойы және үйдегі стационар,  шұғыл тәртіпте сақтандырылған азаматтарға медициналық көмек, медициналық оңалту, донорлық және ағзаны трансплантациялауғ  дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сынды медициналық көмектің кеңейтілген спектрі де бар.

El.kz: МӘМС жүйесі медициналық қызметтердің сапасын қалай арттыруды жоспарлап отыр?

Ляззат Барлықбайқызы:  Қор қаржы операторы ретінде медициналық көмекті ұйымдастырумен айналысып және сапасын арттыра алмайды. Бұл - денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық ұйымдары  басшылығының құзыреті. Қор өз тарапынан қаржыландыруды басым бағыттарға бағыттай алады, осылайша оның қолжетімділігін арттырады. Ол тек талдау мен ұсыныстар беру арқылы, сондай-ақ медициналық көмек көрсетудегі ақауларды анықтау арқылы медициналық көмектің сапасына жанама әсер етуі мүмкін.

Көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға жүйедегі  қызметтерді берушілер санының артуы мен олардың арасындағы бәсекелестік те ықпал етеді. Бүгінгі таңда Шымкентте МӘМС аясында қызмет көрсететін 186 медициналық ұйымының 150-і немесе 81 % – жекеменшік мекемелер. Яғни, жеке бизнестің қатысуы есебінен сервис жақсарады, бұл мемлекеттік медициналық ұйымдарды да жаңа өзгерістерге ынталандырады. Қазір МӘМС жүйесі күшейіп келеді және әрбір қазақстандық оның маңыздылығын түсініп, денсаулығына қаржылық шығындардан өзінің қорғалу кепілі ретінде қабылдауы үшін кезең-кезеңімен жаңа деңгейге көшетін болады.

 El.kz: «Saqtandyry» ақпараттық жүйесі медициналық қызметтерді төлеуді қалай жеңілдетті?

Ляззат Барлықбайқызы:  Бұған дейін қордың жеке төлем жүйесі болған жоқ, тек медициналық көмекті тұтынуды есепке алу жүйесі болды. «Saqtandyry» ақпараттық жүйесін енгізу медициналық ұйымдар үшін шарттарды басқару процесін жеңілдетеді. Егер бұрын олар әртүрлі ақпараттық жүйелерде шарттар мен төлем құжаттарын (МӘМС және ТМККК бойынша бөлек) қалыптастырған болса, енді процесс бір ақпараттық жүйеде бір шартқа дейін жеңілдетілді.

Жалпы алғанда қордың жаңа медициналық көмекке ақы төлеу жүйесі медициналық ұйымдармен шарттық қатынастарды жүргізу процестерін оңтайландыру және медициналық көмекті үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін құрылды.

El.kz: МӘМС бойынша медициналық оңалтуға қанша қаражат бөлінеді?

Ляззат Барлықбайқызы:  Медициналық оңалту – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі ең көп сұранысқа ие қызмет. Ол әрі қымбат тұрады. Айта кету керек, МӘМС енгізілгелі бері осы бағытты қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Егер Шымкентте 2019 жылы оңалтуға тек 1,1 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы 4,5  млрд теңге қарастырылған. Өсім 4 есе көп деген сөз.

Азаматтар ауыр жағдайда, мысалы инсульттан, жарақаттан, кардиологиялық, кардиохирургиялық  операциялардан кейін, негізгі және созылмалы аурулардан емделу кезінде оңалтудан өте алады. Балалар үшін, оның ішінде туа бітті тірек-қимыл аппараты аурулары бар, сал ауруы және тағы да басқа сырқаттармен ауыратындарға мүмкіндіктердің кең түрі ұсынылады. Егер науқасқа оңалтудан өту қажет болса, өз емханасына жүгінуі қажет. Оңалту курсын тағайындау туралы шешімді тиісті көрсетілімдер болған жағдайда реабилитолог немесе көпсалалы комиссия қабылдайды.

El.kz: МӘМС жинақтаушы жүйе болып табыла ма? Шипажайға пайдалануға бола ма?

Ляззат Барлықбайқызы:  Біріншіден, МӘМС жинақтаушы жүйе болып табылмайтынын және онда жеке шоттар қарастырылмағанын айта кеткен жөн. Барлық жарналар мен аударымдар бірыңғай шотқа келіп түседі және ынтымақтастық қағидаты бойынша бөлінеді. Екіншіден, шипажайға жолдама беру туралы айтатын болсақ, бұл қызметтер әлеуметтік қорғау органдары арқылы жергілікті бюджет шеңберінде көрсетіледі. Дегенмен МӘМС пакетінде жоғарыда айтып өткенімдей, медициналық оңалту қызметтері бар. Оларды шипажай-курорттық ұйымдар, сондай-ақ оңалту орталықтары мен тиісті бөлімшесі бар медициналық ұйымдар да көрсете алады.  

El.kz: Белгілі бір медициналық қызметтерді МӘМС-ке қосу туралы шешімді кім қабылдайды? Олардың сапасын бақылау қалай жүзеге асырылады?

Ляззат Барлықбайқызы:  ТМККК және МӘМС пакеттерінде медициналық қызметтер тізбесін қалыптастырумен Денсаулық сақтау министрлігі айналысады. Жыл сайын ұсыныстар келіп түседі. Олар зерделенеді, егер қызметтер тиімді және сұранысқа ие болса, олар тізбеге енгізіледі. Бақылау функциясы тек ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде  бар. Ол денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау органы болып табылады. Қор өз кезегінде қаржы операторы ретінде екі пакет шеңберінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем жасау алдында медициналық көмектің сапасына мониторинг жүргізеді. Ақаулар анықталған жағдайда медициналық ұйымдарға экономикалық ықпал ету шаралары, яғни айыппұл санкциялары қолданылады. Төлемнен алынған қаражат кейін басым бағыттар бойынша медициналық көмекті қаржыландыруға бағытталады.

El.kz: Медициналық қызмет сапасына жүргізілген мониторингке тоқтала кетіңізші. Көбіне қандай кемшіліктер орын алып жатады?

Ляззат Барлықбайқызы:  Жоғарыда айтып өткенімдей, қор тарапынан емдеу мекемелерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Былтыр медициналық ұйымдарда 300 мыңнан астам ақау анықталып, 1,9 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Кемшіліктердің басым көпшілігі халыққа консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету кезінде орын алған. Сонымен қатар, 2024 жылы емдеу мекемелерінің қызмет сапасына қатысты 1500-ға жуық арыз-шағым түскен. Шағымдардың басым бөлігі медициналық қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуі секілді мәселелерге қатысты.

Пациенттердің шағымдарын азайту мақсатында ішкі аудит қызметінің жұмысын күшейту және репутациялық менеджментті дамытуға ерекше назар аударылды. Медициналық қызмет көрсетуші ұйымдар санының артуы мен бәсекелестіктің күшеюі қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді.

El.kz: МӘМС жүйесімен қаржы алып отырған емханада МРТ, КТ және тағы сол сияқты қызметтің түрлері жоқ болса, сақтандырылған азамат өз қаржысына жеке клиникадан тексеруден өтуге міндетті ме?

Ляззат Барлықбайқызы:  МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны артқан. Шымкент қаласында 2022 жылы 130 ұйым қызмет көрсеткен болса, бүгінгі таңда 186 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік медициналық ұйымдар. Ең бастысы - халықтың таңдау құқығы бар және де егер тіркелген емханасында қандай да бір жағдайлармен қажетті медициналық көмек көрсетіле алмайтын жағдай орын алса, ол емхананың дәрігері пациентте көрсеткіш болса, қордың жеткізушілер дерегінде тіркелген медициналық ұйымға жолдама беруі тиіс.

El.kz: Егер тұрғын жеке клиникада тексеруден өткісі келсе, бірақ тіркелген және МӘМС жүйесін төлеп отырған емханасы ол жерге жолдама беруден бас тартса, не істеуге болады?

Ляззат Барлықбайқызы:  Жоғарыда айтып өткенімдей, егер тіркелген емханасында қандай да бір жағдайлармен қажетті медициналық көмек көрсету мүмкіндігі болмаса,  ол емхананың дәрігері пациенттке көрсеткішіне қарай қордың жеткізушілер дерегінде тіркелген медициналық ұйымға жолдама беруі тиіс. Осы ретте айта кету керек, Шымкент қаласындағы барлық медициналық ұйымдарда науқастарды қолдау қызметі жұмыс істейді. Егер азаматтың тиісті медициналық көрсеткіштері бола тұра жолдама ала алмаса және оған медициналық көмек көрсетуден бас тартылса, қаралатын медициналық ұйымдағы «Пациенттерді қолдау және ішкі аудит» қызметіне шағымдануына болады.

El.kz: Тағы бір сұрақ, меніңше бұл халық арасында ең өзекті деуге келетін шығар. Бізде емханаға қаралып, УДЗ, рентген және т.б қызмет түрін алу үшін алдын ала жазылу қажет. Кей кезде «қабылдау жазбасы толып қалды» деген себеппен кезекті ұзақ күтуге тура келеді.  Ал дәл сол қызмет түрін ақылы түрде алғың келсе, кезексіз өтуге болады. Сонда сақтандырылған азамат ай сайын не үшін жарна төлейді? Бұл ел арасында МӘМС-ке деген наразылық тудырады деп ойламайсыз ба?

Ляззат Барлықбайқызы: Шұғыл жағдайда науқасқа медициналық көмек пен тексеру сол күні көрсетіледі. Ал  жоспарлы тексерулер алдын ала жазылу арқылы жүргізіледі. Оның өзінде күту мерзімі 10 жұмыс күнінен аспауы тиіс. Егер дәрігер болмаса немесе күту уақыты ұзақ болса ол медициналық ұйым пациентті келісімшарт негізінде қызмет көрсететін қосалқы орындаушыларға жолдауға міндетті. 

El.kz: Егер сақтандырылған азамат медициналық қызмет алу барысында қандай да бір мәселеге тап болса, кімге, қайда шағым түсіре алады?

Ляззат Барлықбайқызы: Емханалар қормен түзілген шарт талаптарына сәйкес, шартта көрсетілген медициналық қызметтерді тұрғындарға клиникалық көрсетілімдеріне қарай үздіксіз көрсетуге міндетті. Еліміздегі барлық медициналық ұйымдарда науқастарды қолдау қызметі жұмыс істейді. Егер азаматтың тиісті медициналық көрсеткіштері бола тұра жолдама ала алмаса және оған медициналық көмек көрсетуден бас тартылса немесе басқа да мәселеге тар болса, қаралатын медициналық ұйымдағы «Пациенттерді қолдау және ішкі аудит» қызметіне шағымдануына болады. Науқастың арыз шағымы медициналық ұйым  деңгейінде дұрыс қарастырылмаған жағдайда медициналық көмек көрсету тәртібі мен сапасына қатысты арыз-шағымдарды «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы арқылы және 1414 байланыс орталығына хабарласып немесе Telegram-дағы Saqtandyru-bot,  msqory.kz ресми сайты арқылы жолдауға болады.

(Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ)

El.kz: Ляззат Барлықбайқызы, бүгінгі таңда Шымкент қаласында МӘМС жүйесімен қанша адам қамтылған?

Ляззат Барлықбайқызы:  Қордың маңызды бағыттарының бірі халықты МӘМС жүйесімен қамту болып табылады. Шымкентте бүгінгі таңда 924 803  азамат, яғни халықтың 73,6 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 700 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде.  331 460 азамат сақтандырылмаған.

Талдау көрсеткендей, еліміз бойынша 54% сақтандырылмағандар – ер адамдар, 46% – әйелдер. Назар аударатын жәйт, олардың 40%-ы – 18 бен 35 жас аралығындағы жастар. Яғни, МӘМС-пен қамтылмаған азаматтардың айтарлықтай бөлігі – әр түрлі себептер бойынша МӘМС-ке жарна төлемейтін, экономикалық белсенді тұрғындар.

El.kz: МӘМС төлемей жүрген азаматтар қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін?

Ляззат Барлықбайқызы:  Көтеріп отырған мәселеңіз - өте орынды. Өкінішке қарай, ұзақ мерзімді еңбек демалыстарында ай сайынғы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары жұмыс беруші тарапынан бір айға аударылып, келесі айына жарна түспейді. Бір айлық төлемнің түспеуі салдарынан жұмыскер сақтандыру мәртебесінен айырылып, МӘМС аясындағы тиісті медициналық көмекті ала алмай қалатын жағдайлар жиі орын алуда.

Бұл мәселеге байланысты қор филиалының өкілдері түрлі сала мекемелерінің басшылары және есепшілерімен кездесіп, үздіксіз түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.

Демалыс бірнеше кезеңді (бір айдан астам) қамтитын болғандықтан,  міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін кезеңдерге бөлу қажет. Есепшілері төлем тапсырмаларында жарнаны әр айға жеке белгілеп аударулары тиіс.

El.kz: Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін МӘМС-ке қатысу тәртібі қандай?

Ляззат Барлықбайқызы:  Дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлерге жарналарды есептеу үшін ең төменгі жалақы есепке алынады. Биыл ол бұрынғы деңгейде қалды, яғни 85 000 теңге. Демек, жарналар мөлшері де өзгермеді. Жұмыс берушілердің аударымдары — қызметкердің табысынан 3%; Қызметкерлердің жарналары — табыстың 2%-ы; Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жарналары — табыстың 2%-ы; Жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын тұлғалардың жарналары — айына 5 950 теңге; Дербес төлеушілердің яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жарналары — айына - 4 250 теңге. Мемлекет сондай-ақ, 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеуді жалғастыруда. Азамат жұмыссыз қалған жағдайда дербес төлеуші ретінде жарна төлеуіне болады немесе жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жұмыссыз ретінде тіркелсе, жеңілдік санатына кіреді және ол үшін жарналарды мемлекет төлейді.

El.kz: Сақтандырылған мәртебесін қалай тексеруге болады және оны қаншалықты жиі тексеріп тұру қажет?

Ляззат Барлықбайқызы: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқық алу үшін 12 ай бойы үздіксіз төлемдер болуы қажет. Сондықтан әлбетте әр азамат өз мәртебесін жүйелі түрде бақылап отырғаны дұрыс.

МӘМС жүйесіндегі мәртебені 1414 бірыңғай байланыс орталығының нөмірі бойынша,  msqory.kz сайтында, Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы,  Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы,eGov.kz-тегі жеке кабинетте, Damumed медициналық ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинетте, Kaspi.kz, Halyk және BCC.kz мобильдік қосымшаларында тексеруге болады.

El.kz: Соңғы сұрақ, сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда оның жинақталған ақшасы туыстарына беріле ме?

Ляззат Барлықбайқызы: Әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе болып табылмайды. Сондықтан мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.  Қазақстанның «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес, МӘМС жүйесі шеңберіндегі қаражат тек сол сақтандырылған адамның медициналық көмек алуына жұмсалады. Әрбір төлеушінің жарна сомасына қарамастан, халықтың барлық санаттары медициналық қызметтерге теңдей қол жеткізе алады.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға