Жаңалықтар

МӘМС-ке қатысты ең жиі қойылатын сұрақтар мен жауаптар

МӘМС-ке қатысты ең жиі қойылатын сұрақтар мен жауаптар
Фото: Коллаж El.kz 19.09.2024 00:23 437

Медициналық сақтандыру жүйесі – қазіргі таңдағы ең өзекті тақырып. МӘМС-ке қатысты жұртшылықты толғандыратын сауалдар да аз емес. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі Забира Оразалиева ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

El.kz: Забира Жандарқызы, МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі азаматтарға қандай мүмкіндіктер береді?

Забира Оразалиева: Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық көмек тізімі және оның көлемі сан алуан. Нақтылап айтар болсақ, учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша пациенттерді бейінді мамандардың қабылдауы мен консультациялары, созылмалы аурулары бар адамдарды бейінді мамандардың динамикалық бақылауы жатады. Оған қоса диагностикалық көрсетілетін қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика, амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек, стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмекті де атап өтуге болады. Бұдан өзге жоспарлы нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек, уәкілетті орган айқындайтын аурулардың тізбесі бойынша медициналық оңалту, медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, арнайы емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық препараттармен қамтамасыз ету кіреді. Ал ол медициналық көмекке қол жеткізу үшін МӘМС туралы заңнамаға сәйкес осы жүйеде 12 айдан кем емес төлемдердің болуы шарт.

El.kz: Сақтандырылған мәртебесінен айырылып қалмас үшін нені ескеру керек?

Забира Оразалиева: Алдында айтқанымдай, МӘМС жүйесінде 12 айдан кем емес төлемдер болған жағдайда сақтандырылу мәртебесі сақталып, әр сақтандырылған азамат осы жүйеде медициналық көмекке қол жеткізе алады. Сондықтан МӘМС жүйесіне қатысушылар МӘМС төлемдерінің ай сайын әрі уақытылы түсуін ескеру керек.

El.kz: Егер МӘМС жүйесі есебінен барлық медкөмек қолжетімді болса, неге азаматтар жекеменшік клиникаларға ақылы қаралуға барады?

Забира Оразалиева: МӘМС жүйесінде мемлекеттік клиникалармен қатар жекеменшік клиникалар да медкөмек көрсетеді. Бұл жерде басты шарт – пациенттің медициналық көрсеткішінің болуы тиіс. Пациенттің тіркелген клиникасында қажет бейінді маман болса, участкелік дәрігер оған клиникада қалыптасқан кезекті ескеріп, жолдама береді. Жекеменшік клиникаға ақылы түрде барудың бірнеше себебі бар. Мысалы, пациенттер маманның қабылдауын жылдамдату мақсатында немесе өздерінің таңдаған бейінді маманына барғысы келеді. Сонымен қатар таңдаған маманның жұмыс орны қордың жеткізушілер тізіміне кірмеген жағдайда пациенттер ерікті түрде ақылы медкөмекті таңдайды.

El.kz: МӘМС қорындағы қаражат қалай жұмсалатынын айтып берсеңіз. Кейбір азаматтар бірнеше рет, тіпті күнде емханаға барып медициналық көмек алады. Ал енді біреулер оған мүлде жүгінбейді. Медициналық көмек көрсету кезінде шектеулер бар ма?

Забира Оразалиева: МӘМС жүйесінде қорға түскен қаражат сақтандырылған пациенттерге көрсетілген медкөмектің ақысын төлеуге жұмсалады. Медкөмекті алудың басты шарты - сол көмекке медициналық көрсеткіштің болуы. Ол дегеніміз - пациенттің болжауы немесе күдігіне сай емес, дәрігердің кәсіби сұрақтарына жауап беретін зерттеулер мен медкөмек. Сондықтан медициналық көмек алу құқығын барлық сақтандырылған азаматтар тек қажеттілігіне сай пайдаланады. Сәйкесінше, медкөмек клиникалық хаттамаларға сәйкес және пациенттің денсаулық көрсеткіштеріне сай көлемде еш шектеусіз көрсетіледі.

El.kz: МӘМС туралы заңға сәйкес сақтандырылған мәртебесі болуы үшін азаматтың 12 айға төлемі болуы тиіс дедіңіз. Ал жақында жұмысқа тұрған студенттер не істейді? 

Забира Оразалиева: Жылда ЖОО тәмәмдаған азаматтар МӘМС жүйесінің төлеушілер қатарын толықтырады. Оқу орнында жүрген кезеңдеріне олар үшін жарналарды мемлекет төлеп отырды. Сондықтан оқушы, студент, магистрант, докторанттар сақтандырылған мәртебесіне ие болды және олар үшін медициналық қызметтер қолжетімді. Оқу кезеңі аяқталғаннан кейін аталған санаттағы азаматтар сақтандырылған мәртебесінен ажырамас үшін МӘМС жүйесіне төлемдерінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету керек. Егер де оқу орнының түлегі жұмысқа орналасса, ол үшін жарналарды оның табысынан ұстап, аударымдарды өз төлем қорынан, жалпы төлем сомасын жұмыс беруші төлеп отырады. Ал жеке кәсіпкерлігін ашатын болса, ол өзі үшін 1,4 ең төменгі айлықтың 5 пайызына сай 5950 теңге ай сайын төлеуге міндетті. Егер жеке кәсіпкер ретінде студенттік кезеңде тіркелген болса, оқу орнында оқыған кезеңдеріне  МӘМС-ке төлемдер жасалынбайды. Студенттік мәртебесінің дәлелі – Ғылым және жоғары білім министірлігінің ақпараттық жүйесінде тізімге енуі, ал ол ақпараттық жүйеге студенттер тізімін жоғары оқу орындары енгізеді. Сондықтан жеке кәсіпкер ретінде тіркелген студенттер өз оқу орнының оларды аталған тізімге енгізгенін анықтап алғаны жөн. Сәйкесінше, оқу мерзімі аяқталғанда МӘМС жүйесіндегі жеке кәсіпкер ретінде өз міндетін орындауын жалғастыруы қажет немесе жеке кәсіпкерлігін тоқтатып, жұмысшы немесе дербес төлеуші ретінде жарналарды төлеу қажет. Яғни, МӘМС жүйесіне төлемдерді үздіксіз жасап, сақтандырылған мәртебесін сақтайды.

El.kz: МӘМС жүйесі пациенттердің құқығын қалай қорғайды? Емханада түсінбеушілік орын алса, пациенттер қайда жүгіну керек?

Забира Оразалиева: Медициналық ұйымдар сақтандырылған мәртебесі бар пациентке денсаулығына қажет медициналық көмекті толыққанды көрсетуге міндетті. Ал түсінбеушілік орын алған жағдайда, сол медмекеменің пациенттерді қолдау қызметіне жүгіну керек. Егер ол жерде мәселе шешілмесе, 1414 Бірыңғай байланыс орталығына телефон шалып, өтініш-шағымын қалдыра алады. Call-орталыққа түскен МӘМС жүйесіне қатысты шағымдар қорға жіберіліп, онда өз құзыреті шегінде сұрақтарға жауап беріліп, әр  сұрақтың  шешімін ұсынады.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға