Жаңалықтар

МӘМС арқасында шалғай ауылдарда көрсетілетін медициналық көмек түрі кеңейтілді

МӘМС арқасында шалғай ауылдарда көрсетілетін медициналық көмек түрі кеңейтілді
Фото: ©El.kz/Марат АМИРОВ 07.09.2023 02:31 606

ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде сарапшылар МӘМС жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, МӘМС денсаулық сақтау жүйесін біртіндеп қаржыландырып, өзінің негізгі міндеттерін орындап отыр. Мәселен, 2019 жылы қаржыландыру небәрі 1,3 трлн теңге болса, 2021 жылы – 1,8 трлн теңгені, былтыр – 2,2 трлн теңгені құраған, ал биыл 2,5 трлн теңгеге жеткен.

«Айта кетсек, мемлекет тарапынан бөлінетін ақысыз тегін медициналық көмектің көлемі 1,3 трлн теңгеден, 1,4 трлн теңгеге дейін ғана өскен», – деді Қор төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, пандемияның ықпалына қарамастан, МӘМС жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласына оң әсерін тигізді. Мәселен, дәрігерлердің орташа жалақысы 189 мың теңгеден 454 мың теңгеге дейін өсті. Ал орта буын мамандарының жалақысы 117 мың теңгеден 236 мың теңгеге дейін артты.

«Сонымен қатар МӘМС жүйесінің енгізілуі жылжымалы кешендердің жұмысына ықпал етіп, шалғай ауылдардағы тұрғындарға медициналық көмектің спектрін кеңейтті», – деді І. Мұхамеджан.

Қордың тағы бір міндеті – медициналық қызметтердің сапасын тексеру және қадағалау. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша биылғы жылдың 6 айында жалпы сомасы 8,8 млрд теңгені құрайтын экономикалық ықпал ету шаралары қолданылған.

Өз кезегінде «Астана қаласының онкологиялық диспансері» ШЖҚ КМК бас дәрігері Мұхтар Төлеутаевтың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда 212 мыңнан астам, оның ішінде Астана қаласы бойынша 15 мыңға жуық адам онкология диагнозымен тіркелген. Аты жаман ауруға шалдыққандардың 90%-дан астамына бірінші жылы толыққанды емдеу-диагностикалық көмек қолжетімді. Сондықтан МӘМС жүйесі біздің денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жүйесіне ықпалын кеңінен тигізіп отыр, дейді бас дәрігер.

Ал Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директоры Гүлнар Құлышева аталмыш денсаулық сақтау мекемесінде жылына 13 мыңнан астам ота жасалатынын, ал күніне 500-800 бала қаралатынын айтты.

«МӘМС-тің нәтижелі екенін көріп отырмыз, бұрын аурухана бір ғана көзден қаржыландырылып келсе, енді екі жақтан қаржыландырылып отыр», – деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға