Жаңалықтар

Мамандық таңдауда неге мән берген дұрыс?

Мамандық таңдауда неге мән берген дұрыс?
Фото: Коллаж El.kz 12.06.2024 13:42 622

Мамандық таңдау – адам өміріне үлкен әсер ететін маңызды шешімдердің бірі. Бұл бүгінгі күні мектеп бітірушілердің уайымына айналған мәселе. Кейде мектеп бітіруші түлектер ата-ана, туған-туыстардың ақылын тыңдап жатады.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі түлектерді әңгімеге тартып көрді.

Бәріміз мамандық таңдау мәселесімен бетпе-бет келеміз. Бұл мәселеде жан-жақты ойлану керек. Өйткені мамандық таңдау бір қарағанда жеңіл болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл – бүкіл саналы ғұмырымыздың айнасы. Бірінші кезекте отбасың, туыстарың тек таңдау жолын көрсетеді. Әріқарай сол таңдаған шешімің бойынша сол мамандықпен өмір сүретін ол тек өзің.

Осы мәселе бойынша өзінің пікірін №85 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Айдана Айтуғанова айтып берді.

Менің таңдаған мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болу.  Педагогика мамандығын таңдап отырмын. Егер бар ынтаңмен дайындалуға, грант иегері атануға талпынсаң, ҰБТ-ға дайындық  қиын емес деп ойлаймын. Таңдау пәнің өзіңді қанағаттандырса, оқып дайындалу аса қиындық тудырмайды. Бірақ мен үшін Қазақстан тарихынан оқиғалардың жылдарын жаттау қиын болды, – дейді түлек.

Айдана бұл мамандықты не үшін таңдағанын да айтты.

Мұғалім болуды кішкентайымнан армандап келемін. Бұрын үйге қонақ  келгенде, туыс-туғаның балаларын жинап алып, оларға өзім сабақ беретінмін. Оған қоса қазақ тілі мен әдебиетке қатысты барлық олимпиадалардан қалмай  қатыстым. Былайша айтқанда, жаныма жақын мамандық деп айтуға болады. Нағыз ҰБТ-ның 1 кезеңінен  111 балл алдым. Экраннан осы балды көргенімде көңіл-күйім түсіп кетті. Себебі наурызда сынақ ретінде тапсырған тестілеуден 112 балл алған едім. Алладан 120-дан астам балл алсам екен деп тілеп едім, – дейді 11-сынып бітірген Айдана Айтуғанова. 

Айданаға отбасы үлкен сенім артып, ҰБТ-ны жақсы тапсыруға қолдау білдірген екен.

Біз үйде 4 баламыз. Отбасым маған ҰБТ тапсырарда ерекше қолдау мен сенім білдірді. Олар әрдайым ҰБТ-ға кірер алдында сәттілік тілеп мен үшін тақымдарын қысып отырды. Нағыз шешуші ҰБТ-ны тапсырғанда жылап шықтым. Анам жұбату мақсатында «уайымдамашы, қызым ақылы оқуға болса да түсіремін» деген сөзі әлі есімде, – дейді Айдана Айтуғанова.

Мамандық таңдау бір мәселе болса, грантқа түсу екінші мәселе болады. Бұл жайлы ЕҰУ-дың 3-ші курс студенті Айгерім Жұмаділова өз ойын білдірді.

ҰБТ-ны  тапсырмасам өмірім бітті деп ойламаңыздар. Өзім тестілеуге 2 жыл дайындалдым, ата-анам көп қаражат жұмсады. Сол сәттерде бойымда қорқыныш, үрей сезімі болды. Грантқа түспесем «өзіме қол жұмсаймын» деген сияқты жаман ойлар мазалады. Бірақ бұл сөздерім дұрыс болмады. ҰБТ – бұл жай ғана тест. Ол сенің өміріңнің құнымен өлшенбейді. Менімен бірге тест тапсырғандар сол уақытта жақсы тапсыра алмай, келесі жылға дайындалып, грантқа ілінгендері де болды. Бұл – сенің өмірің. Таңдау мен тест тапсыруда өз құқыларыңыз бар. Ата-анаға немесе кеңес берген адамдардың сөздеріне құлақ асып, өздеріңіз дұрыстап ойланып алған соң ғана шешім қабылдағандарыңыз абзал, – деп жауап берді  Айгерім.                                                                                   

ҰБТ мен өмірің тоқтап қалмайды. Бүгін ЖОО-ға түсе алмасаң, колледжіге түсуге де болады. Оны бітіргесін, таңдаған мамандығың бойынша университетке де тапсырып көруге болады.

ҰБТ-ның нәтижелеріне қатты алаңдамаңыз. Егер өте алмай қалсаңыз, шетелде оқуға болатын бағдарламаларға қатысып, өз бағыңды сынап көруге болады. Не болмаса, әкім не ректорлық гранттарға қатысып көріңіз. Өмір әрқашан ізденістен тұрады. Сол себепті бір мүмкіндіктен айырылсаң, екінші жол бар. Грантқа түсу-түспеуің өміріңе әсер ететіні анық. Бірақ «тағдырың осымен шешіледі»  деген сөз емес. Әр жағдайдың  шешімі болады. Түлектерге тек сәттілік тілеймін, – дейді ЕҰУ-дың 3-ші курс студенті Айгерім Жұмаділова.

Мектеп бітірушілерге мамандар мына мамандықтарды тиісті кеңес айтады. Олар 2024 жылы ең көп сұранысқа ие 10 білікті мамандықты атап өтті.

2024 жылғы көрсеткіштер бойынша алда тұрған мамандықтар тізімі:

  1. Әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері;
  2. Мектепке дейінгі білім беретін тәрбиешілер;
  3. Күтім көрсететін орта медициналық қызметкерлер;
  4. Бастауыш сынып мұғалімдері;
  5. Үйде емделушілерге күтім жасайтын әлеуметтік қызметкерлер;
  6. Жаратылыстану ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері;
  7. Математика ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері;
  8. Бухгалтерлер;
  9. Аспаздар;
  10. Арнайы білім беру саласындағы өзге оқытушылар.

Кез келген түлектің мақсаты – грант иесі атану. Ал грант иесі атану үшін грант орындары неғұрлым көп бөлінген пәнді таңдау ұтымдырақ болады.

 

Әдемі Анарбекова,

 ЕҰУ-дың екінші курс студенті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға