Жаңалықтар

Малайсары мен Қобыланды батырға ескерткіш орнатылады

Қостанайда Қобыланды батырға ескерткіш орнатылды, ал Павлодарда Малайсары батырдың ескерткіші жақында бой көтереді.
21.08.2015 05:05 8100

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай батырларға ескерткіш қою рәсімі жалғасып жатыр. Қостанайда Қобыланды батырға ескерткіш орнатылды, ал Павлодарда Малайсары батырдың ескерткіші жақында бой көтереді.

Малайсары мен Қобыланды батырға ескерткіш орнатылады

Қостанайда Герцен мен Киевский көшелерінің қиылысында Қобыланды батырға ескерткіш орнатылды. Ескерткішті кәсіпкер Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне қалаға сыйға тартқан екен.

Қызыл кірпіштен қаланған тұғырға алып батырдың мүсіні қойылды. Енді тек айналасын тазалап, ескерткішті бекіту ғана қалған.

«Қобыланды батыр ескерткішін жергілікті кәсіпкерлердің бірі сыйға тартты. Ол оны биыл еліміз үшін маңызды әрі айтулы дата – Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне сыйлады. Қазақ батырының ескерткіші қаланың көркіне айналады», - дейді Қостанайдың бас сәулетшісі Гүлсара Қасыбаева.

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі тамыз айының соңына қарай жоспарланып отыр.

Павлодар қаласында Малайсары батырдың қола ескерткіші бой көтереді. Облыстағы жекеменшік «Малайсары-Тархан» қоғамдық қоры Павлодар қаласында бой көтеретін Малайсары батыр ескерткішінің үздік эскиздік жобасына байқау жариялады.

Қордың төрағасы Ермат Байқұрмановтың айтуынша, республикалық деңгейдегі байқау қорытындысы шығарылған соң облыс орталығында қазақ халқының біртуар перзенті, Май ауданының тумасы, батыр Малайсары Тарханның ескерткіші ашылады.

- Еліміз бойынша жарияланған байқау 30 күн бойы жүргізіледі. Кейін тарихшы-ғалымдар, қала әкімі, жергілікті мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ, өңірдің құрметті азаматтарынан құралған комиссия тоқетерін айтып, әділ шешім қабылдайды. Болашақ ескерткіш Павлодар қаласының орталық Кутузов көшесінің бойында салынады деп жоспарланған. Қазіргі таңда облыс билігі тарапынан шешім қабылданып, қор мүшелері алматылық, павлодарлық, қарағандылық және астаналық мүсіншілермен келіссөздер жүргізілуде, - деді Е. Байғұрманов.

Қор төрағасының айтуынша, болашақ ескерткіш таза қоладан құйылады. Нысанның жалпы биіктігі 11 метрді құрайды. Нақтырақ айтқанда, тұғыр 5 метрлік, ал мүсіннің өзі 6 метрлік болады. - Ескерткішті соғуға облыстың жомарт азаматтары қаржылық қолдау көрсетеді деген үміт бар. Мүсіннің бой көтеруіне жұмсайтын бюджет 45 миллион теңге болмақ. Десе де, бұл қаражат аздық ете ме деген күмән бар», - дейді Е. Байғұмаров. Қор төрағасының мәліметінше үстіміздегі қыркүйек айында Павлодарда Малайсары батырдың өнегелі өмірін арқау ететін конференция, дөңгелек үстелдер, шығармашылық байқаулар сияқты шаралар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, елімізге танымал тарихшы Жамбыл Артықбаевтың бабамыздың ғұмыры жайында сыр шертетін кітабының тұсауы кесілмек.

Малайсары шамамен 1700-1756 жылдар аралығында өмір сүрген Орта жүздің батыры әрі, биі. Арғын ішіндегі Бәсентиін руынан тараған. Тарихшылардың мәліметтеріне сүйенсек, Малайсары Абылай ханның сұлтан кезінен сенімді серігі болған.

Қазіргі Павлодар облысы Май ауданындағы Малайсарының туған жеріне, Жоңғар Алатауының батыс сілеміндегі тауға Малайсары есімі берілген. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға