Жаңалықтар

Мал өсірсең - түйе өсір...

Түйе бағу табыс көзі ме? Сүті қандай дертке дауа? Бабалаларымыз қай ғасырдан бері желмаясын желдіріп келді?
Мал өсірсең - түйе өсір...
20.05.2019 09:53 74391

Сүті сусын, еті тамақ, жүні киім осы бір түлік қадірлі болған соң, қазақтың «мал өсірсең, түйе өсір, өнімі оның көл көсір» дейтіні. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аграрлық саланы жіті назарында ұстап, дамытуға басымдық беру елдің экономикалық әлеуетінің артуына серпін болатынын әркез айтып жүр. Ауылшаруашылық саласындағы өндірістің көлемін ұлғайтып, шеттен келетін азық-түлік өнімдерін импорттауды азайтып, керісінше, өзіміздің тапқан тауарымызды экспортқа көптеп шығару керектігін үнемі қаперге салып келеді. 

Төрт түліктің ішінде түйе малы біздің ғасырдан бес мың жыл бұрын қолға үйретілгені айтылады деректерде. ХV-ХVІ ғасырда айыр өркешті түйе Орта Азия жерінде, ал жалғыз өркешті түйелер Африкада қола үйретіле бастады деген де мәліметтер бар. Қай құрлықтың тұрғындары қола бұрын үйретсе де түйе малының адамзат баласына тигізіп келе жатқан пайдасы шаш-етектен. Сыңар өркешті түйелерді жабайы түрі жер бетінен жойылып кеткен. Ал айыр өркешті түйенің  әлі де адамзат баласына мойынсұнбаған жабайылары бар. Олар Моңғолия мемлекетіне қарайтын Гоби шөлінде мекендейді.

Аңыздың желісі Жиренше шешен мен Қарашаштың табысуын түйе малымен байланыстырады. Жаугершілікте жақындарынан көз жазып қалған Жиреншенің жігіт-желең шағы ханның малын бағумен өтеді. Табиғаттың тылсымы мен малдың сырын тумысынан білетін Жиреншені хан аға түйеші дәрежесіне көтереді. Күндердің күнінде келесін өргізіп, өріске ие боп жатқан түйешіге қарай бейсауат адам жақындайды. Ханның өзі қырағы қадағалап, жем-суын уақтылы бергізіп, күйін ерекше күтіммен келтіретін бурасы буырқанып атты кісіге қарсы шабады. Шабынған бураның шайнап тастауынан Жиренше құтқарып қалады. Қолындағы тоқпақтай шоқпарымен алып бураны қаймықтырған қайсарлығына тәнті болған жолаушы өзінің босағада отыған үш бойжеткені барын, Жиреншеге қалағанын ал дейді. «Шабынған бурадан айырып алғаным үшін қызыңызды қалыңсыз сұрағаным еркектігіме сын. Аман болыңыз» деп деп құлай кетпейді. Арада айлар өтіп, ханның өрісінен адасып, жел айдап әкеткен түйелерін іздеп шыққан Жиренше әлгі жолашуның ауылына кезігеді. Барса, жоғалған малы түп-түгел Тайлақбай бидің келесінде жүр екен. Малын бөліп айдап қыр асқан  жігіт бидің кенжекейі Қарашашпен танысады. Аңыздың ақыры екі жастың бас құрауымен, дүние байлыққа кенелмесе де ақылының асқандығымен абыройға бөленген Жиреншенің қоңыртөбел өмір сүруімен аяқталады.      

Заманында Самарқаннан шыққан саудагерлер Жібек жолы керуенімен  сауда жасауға шыққанда сататын тауарын 30 мыңнан астам түйеге артып алады екен. Шөл даламен сап құрып, айлап, жылдап сапар шегетін саудагерлердің мүлік-мүкамалын көтеруге түйеден асқан төзімді мал болмаған. Осыған қарап та түйе түлігінің мінсең көлік екенін тағы да бір байыптайсың.

Дәрумені – дертке дауа

Жайылымы отты жердің түйелерінің салмағы 3-4 жасар кезінде 500-700 келі аралығында болады. Таза еті 350 келіге дейін тартады. Түйелер майды өркешіне жинайды. Қоңды, жайылымы мол жерде жүрген түйенің өркешіндегі майдың өзі кейде 100 келіден асып жатады. Түйе етінде 6 пайыздан жоғары май, 4,5 пайызға жуық ақуыз, 5 пайыз сүт қанты, 15 пайыздай құрғақ зат бар. Ақуызда альбулин мен глобулин құрамы жоғары, козейн 10 пайыздай болғандықтан түйе сүті сиырдың сүтіне қарағанда әлдеқайда тез сіңімді болады. Сондай-ақ түйе сүті 10 градустен аспайтын жылы температурада 3 күнге дейін сақталады. Ал сиыр сүті сауылған сағаттан бастап қышқыл тартып, аши бастайды. Және бір артықшылығы түйе сүтінде дәрумендер мен амин қышқылдары көп.

Бабаларымыз ертеден өкпе ауруларын қымыз бен шұбат арқылы емдеу тәсілін кеңінен қолданған. Түйе сүтінің амин қышқылы төрт түлік малдың ішінде тек қойдікінен ғана кем соғады. Сүттегі В1, В2, С дәрумендері сиыр сүтінен бірнеше есе асып түседі. Түйе малының сүті ұзаққа шыдауы бактерицидтік қасиетінде. Төрт түліктің сүтінде лизоцим, аглюмин, антитоксин, бактериолизин, иммундық денешіктер секілді қорғаныштық заттар болады. Олар түрлі бактерияларды жоятын қасиетке ие. Сүттегі микроорганизмдердің көбеюіне жол бермейді. Түйе сүтінің осы қасиеті ерекше болғандықтан қышқылдығы баяулап, ұзақ сақталады.

Түйе малының етінің құрамында фосфор, калий, темір және  В1, В2, В9, Р, С, Е, А дәрумендері көп. Етінде май қатпары болмайтындықтан түйе еті де диеталық тағамдардың қатарына жатады. Құнарлылығы 160,2 ккал болатын түйе етінде 18,9 грамм  ақуыз, 9,4 грамм май, көмірсу мүлде болмайды. 

Түйенің шудасын буын, құяң ауруларына ғана емес, радиация сәулесіне де қарсы пайдаланылады.

Бізде қанша түйе бар?

Кеңес одағына қарайтын елдерде 1 миллионнан аса түйе болса, соның 500 мыңдайы қазақ даласында өсірілген.

1997 жылы жүргізілген санақ бойынша еліміздегі түйе шаруашылықтарында 110 мыңдай түйе болған. 2002 жылы елімізде түйе саны 113 мыңға жетеғабыл болыпты.

2010 жылы 158,6 мыңға жетті.  2017 жылдың басындағы есеп бойынша 197,5 мың бас түйеге көбейген. 2016 жылғы есепке қарағанда 14,2 мың басқа көбейіпті.

Елімізде түйе шаруашылығын өрістетуде Маңғыстау облысы алдыңғы лекте. Бұл облыста 60 мыңнан аса түйе бар. Екінші сатыда Қызылорда облысы – 46 мың бас, үшінші орында Атырау облысы 34 мыңнан аса түйе өсірілуде. Бізде қазақи тұқым саналатын қос өркешті бактриан  мен бір өркешті нар дромедар түйелері өсіріледі. Өткен ғасырдың орта тұсында Атырау облысының даңқы мұнайымен ғана емес, түйе шаруашылығымен де асқақтағаны белгілі. Еліміздегі түйлердің 45 пайыздан астамы осы облыста өсіріліп,  тонналап ет, шұбат, жүн өткізіп, түйе малының пайдаға шаш-етектен кенелтетінін дәлелдеген болатын.

Өткен ғасырдың 20 жылдары жүргізілген мал санағы бойынша еліміздің әр өңіріндегі өсірілген түйенің басы 1 миллион 200 мыңнан асып жығылған. Ойсылқара тұқымы неліктен тез кеміп кетті? Оған басты себеп қазақ даласын бір емес екі рет шайып өткен нәубет аштық. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылық жылдарында «асыра сілтеу болмасын, аша  тұяқ қалмасын» дегенді ұрандап шыққандар сахараның сәні болып, дархан даланың көркін кіргізген төрт түлікті қынадай қырып, жойып жіберді. Мыңғырған малдан бірен-саран ғана тұяқ қалды. Екіншідүниежүзілік соғыстан кейін, яғни өткен ғасырдың 50 жылдары түйенің саны 200 мыңға әзер толған. Тәуелсіздігімізді алғанда түйенің басы 60 мыңға да жетпейтін еді дейді фермерлер. Бабаларымыз 1920 жылдардың орта шеніне дейін түйе малының басын көбейтіп, миллионнан асырғанын айтты. Алайда 1965 жылы Ойсылқара тұқымы тек төрт облыста ғана сақталып, мал басы 67 мыңға әзер толған. Қырық жылдың ішінде түйе малының да басы орасан кеміген. Сол кезде түйе шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп,  тұқымын асылдандыруға көп күш салынды. Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасынан бастап асылтұқымды түйе өсіру бағытында  10 ферма ашылып, 4 кеңшар құрылып, механикалық жолмен шұбат өндіру комплекстері салынды. Осы кешендерде жыл сайын 4500 тонна шұбат, 9100 тоннадан астам ет, 1000 тоннадан артық жүн өндіріліп келді. Біріккен ұлттар ұйымының санақ комитеті жүргізген есеп-қисабы бойынша дүниежүзіндегі түйенің саны 15 миллионнан асып жығылады екен. ТМД елдерінде 260 мың бас түйе бар деп есептепті комитет мамандары. ТМД елдеріндегі түйе басын Біріккен ұлттар ұйымы 2012 жылы жүргізген санақтың қорытындысымен шығарып айтып отыр.

Қазақстанның 180 миллион жайылымдық жерінің 80 миллион гектары шөл, 36 миллион гектары шөлейтті. Демек, айлап су ішпесе де шөлге төзімді Ойсылқара тұқымын көбейтіп, өсіремін деушілерге өріс жетеді.    

Мемлекет тарапынан түйе шаруашылығын дамытуға арнайы бағдарлама бекітіліп, шаруалардың өрісін малға толтыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Агроөнеркәсіптік кешенді өрістетудің 2017 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі аралықты қамтитын бағдарламасында түйе малының асылтұқымдысын өсіремін деушілерге мемлекет қазынасынан бір бас түйе сатып алуға 100 мың теңге субсидия беріледі.     

Өткен ғасырдың 60 жылдары елімізде тың игерумен қатар түйе шаруашылығына да аса мән берілді. Түйе өсіру ісі бойынша Қазақстан сол кезде әлемде алдыңғы орында тұрды. Тіпті түйенің сүтін механикалық сауу процесі арқылы алуға болатыны жөніндегі ғылыми мақалалар алғаш рет елімізде жарық көрді.

Қазақстандағы түйе шаруашылығын дамытушы фермерлердің өндіретін шұбаты көлем жағынан Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Солтүстік Африканың бірнеше елінен кейін бесінші сатыда. Әлемнің 50-ге тарта елінде түйе малы өсірілетінін ескерсек бұл жаман нәтиже емес. Бір өркешті дромедар түйелері Азия мен Африка құрлығының субтропикалық өңірлерінде көптеп таралуының себебі  осы өлкеге  тез жерсінеді екен.  Ал қосөркешті бактриан түйелері негізінен ТМД елдерінің оңтүстік шығысындағы субтропикалық аудандарында таралған.

Түйе төлін не деп атаймыз?

Түйе ботасын  13 ай көтеріп төлдейді, екі жылда бір мәрте күйлейді.

Түйенің жүні өте бағалы. Жүннен тоқылған киімдер жеңіл әрі жылы болса, көрпелер суық өткізбейді һәм жылуды ұзақ ұстайды. Тіпті ғарышкерлердің киімдерін дайындауда да түйе жүні қолданылады екен.

Түйенің жас ерекшеліктеріне байланысты атаулары мынадай. Бір өркешті нар түйенің ботасын нарбота, бір жыл толғанын нартайлақ, екі жастағысын лөкше, үш жылдан асқаны буыршын, нарша, төрт жыл толғанын үлек, бұзбаша, мая деп атайды. Бес жастағыны да үлек, атанша, мая дейді. Жеті жастан жоғары үлек, атан, мая дейді.

Қос өркешті айыр түйенің төлін бота, бір жыл асқанын тайлақ, екі жастан асқанын буыршын, інгеншік, үштен асқаны жас бура, інгенше, төрт жасары бура, інген деп айтылады.

Еуропада 1 литр шұбат 15 мың теңге 

Біздің шаруалар өндіретін түйе сүтінің 1 литрі орташа бағамен 500 теңге тұрады. Ал бұл баға Еуропа құрлығында қалай шарықтайды білесіз бе? Еуропаның елдерінде түйе сүтінің 1 литрі біздің теңгемен 12-15 мың  аралығында саудаланады. Неге бұндай қымбат? Өйткені түйе сүтінің емдік қасиеті жоғары. Ішек, асқазан, өкпе, тыныс алу, жұлын-жүйке ауруларына да түйе сүті шұбаттың тигізер пайдасы мол. Балалар мен қариялардың да иммундық қауқарын көбейтуде де шұбатты көп ішу оң нәтижесін беріп отыр.

Түйенің мойнағы мен өркеш терісінен ата-бабаларымыз мес тігіп, азық-түлік, сусындарын салып ұзақ жолда алып жүрген. Тіпті қайтыс болған адамның сүйегін басқа жерге, шалғайға жерлеу керек болғанда да сүйекті түйенің терісіне орап апарған. Сырттан ыстықты да, сыуықты да өткізбейтін қасиетімен ерекшеленетін түйенің терісінен бабаларымыз тұрмысына қажетті бұйымдар жасаған.

Адам денесінде пайда болатын ісіктерге түйенің шудасын, яғни жүнін тұзды суға қайнатып басу арқылы да емдеген. Бураның шудасының астындағы шайырын  тұмау тиіп асқынғанда иіскетсе, адамның иммундық жүйесін ширатып, ауруға қарсы тұруын күшейтеді.

Өткен ғасырдың 60 жылдарының ортасында туберкуллез ауруын түйе сүті шұбатпен емдеу медицинада сараптамадан өтіп, арнайы рұқсат берілді. Маңғыстау облысындағы бір ғана емдеу шипажайында туберкуллез ауруымен ауыратын 2300-ге тарта науқас емделген. Тоғыз жылда осыншама адамды түйенің сүті шұбатпен емдеп жазған. 

Түйенің сүтінде  кальций, фосфор, мырыш, марганец, кобальт сиыр сүтіне қарағанда өте көп мөлшерде кездеседі.  Сол себепті де емдік қасиеті жоғары болып саналады.

Індеттен де інген боздайды

Қазақ «мал бір жұттық» деп тегін айтпаса керек. Төрт түліктің ішінде түйе малының да аурулары өте көп.  Ойсылқара тұқымы да сырқатқа тез ұрынады.  Түйе малына тиетін аурулардың арасында стафилакоккоз деген түрі тез тарайды. Сөл бөлетін бездерін іріңдеп зақымдайтын бұл ауруды дер шағында емдемесе мал өліп те қалады. Осы ауруды жұқтырған малдың лимфа яғни сөл бөлетін жақ астындағы, жауырындағы, желіндегі бездері үлкейіп шошынады да, арты іріңге айналады. Ауруға шалдыққан түйенің іріңін жарып ағызып, орнын ерітіндімен залалсыздандырып, жіті қадағаласа мал аяғынан тұрып кетеді.

Ботатаз деген де ауру жиі жұғады түйе малына. Малдың терісі қиылып, үгітіліп түседі. Ботатаз ауруының қоздырғышы малдың жүнінде қалып қойса, 7-8 жылға дейін тіршілік жасайды екен. Тіпті малдың қиында да 8 айға дейін  өлмейтін көрінеді. Күз бен қыс айларында малдың еті қашып, арықтап әлісірей бастағанда қозады.  Ботатазға шалдыққан малдың зат алмасу процесі бұзылып, уақтылы емдемесе, өліп те қалады. Ойсылқара тұқымында жиі кездесетін аурудың бірі – күл. Күл ауруы түйенің терісіне түссе, бөріткен тәрізді қызарып байқалады. Денеге түскен күлдің вирусы кілегейлі қабықта өсіп-өніп, организмге өтіп кетеді. Күлмен ауырған түйенің температурасы көтеріліп, тыныс алуы мен қан айналым жүйесі де қалыпты жұмысынан ауытқып нашарлайды. Аурулардың ішінде қатпа деген түрі бар. Жалпы қатпа тиген түйенің сырқаты бірден білінбейді. Созылмалы ауруға шалдыққан малдың іші өтіп, арықтап кетеді. Қатпадан өлген малды сойған мамандар  ащы ішегі мен шажырқай бездерінде туберкулездің белгісіне тән өзгерістерді болатынын анықтаған.

Түйе шаруашылығы – табыс көзі

Түйе малын өсіру арқылы да  аграрлық саланың тамырына қан жүгіртуге болатынын австралиялықтар да түсініп,  ойсылқара тұқымын өсіруді мықтап қалға алған қазір. Інгеннің сүтін консервілеп сатылымға шығарған Австралия билігі ауруханаларына да шұбат тасуды жолға қойып реттеп алған. Иен даласы құмдауыт, ұйытқыған бораны тас ұшыратын Израиль мемлекеті де суыққа төзімді, шөлге де бейімді түйе малын өсіруге алабөтен қызығушылық танытып, ғалымдары мен мамандары елімізде өткен халықаралық кеңесіне де қатысып, тәжірибе алмасып жүр. Бұл халықтың түйе малына аса қызығатыны  – шұбаттың емдік қасиеті. Шұбаттың құрамындағы белок альбурин қандағы қызыл түйіршіктерді жақсартады. Зат алмасу процесін реттейді, асқазан, ішек жолдарының да жұмысын жақсартады.  

Түркменстанда түйенің сүтінен қатық айырып, сыр жасайды, май шайқайды. Югаславия мемлекетінде түйенің майынан тері ауруларына қарсы дәрі шығарады, иісті сусабындар өндіруге қолданады. Өзге мемлекеттер иен байлықтың көзін енді тауып, дамытуды қолға алғанда ата-бабамыздан мирас болған қазынаның біз де қызығын көруіміз керек.  Осы мақсат жолында сүт кластерін дамыту бағытында келешекте елімізде түйе мен бие сүтін ұнтақ түрінде өндіріп, экспорттау ісі қолға алынбақ. Бірақ бұған жылқы мен түйенің сүті молынан керек болады. Өйткені 1 келі тартатын ұнтақты 10 литр сүттен айырады. Сүтті ұнтақ күйінде шығару алыс-жақын шетелдерге тасымалдауға тиімді болмақ.

Елімізде игерусіз жатқан жайылымдық жерді төрт түлік малға толтырып, мыңғырған мал басын бұрынғы санына жеткізу мақсатында мемлекеттік бағдарлама бекітіліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Асылтұқымды мал басын көбейту үшін әлемнің әр құрлығынан тасымалдап әкеліп жатыр. Биылғы жылдың өзінде Австралия, АҚШ, Канада, Ресей сынды елдерден мал әкелу жоспарға енген. Шалғайдағы қойлы ауылдардың баяғыда тартылып қалған құдықтарының көзін ашып, тіршілік нәрі су шығару ісі де біртіндеп жолға қойылып келеді. Төрт түліктің  қай түрін өсіремін десең де мемлекет тарапынан  пайызы төмен несие, мал басына берілетін субсидия да бар. Тек тынымсыз еңбектену керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға