Жаңалықтар

Мақсат Шағырбаев: Фотография – өмірімнің бір бөлшегі

Фотосурет – шежіре
Мақсат Шағырбаев: Фотография – өмірімнің бір бөлшегі
Фото: Фотосуреттер Мақсат Шағырбаевтың жеке фотомұрағатынан алынды 01.08.2017 09:00 12929

Қас-қағым сәттiң қас шеберi Василий Песков «өткендi сол күйiнде елестете алатын өнердiң үлкенi – фото» дейді. Иә, фотосуретке көз жүгіртсең, өткенге бір сәт ораласың, кеудеде сағыныш оты маздайды. Фотосурет – шежіре, тарих. Шымкент қаласы әкімдігінің фотографы Мақсат Шағырбаев осы кезеңнің тарихын фотосуретпен жазып жүр. Сөйлеп тұратын кадрлары көп. Облыстық, республикалық фотобайқаулардың жеңімпазы. Әңгімеміз де осы тақырып төңірегінде өрбіді.

«Оркестрде домбыра тартамын деп ойладым»

– Мақсат аға, фотоөнерге деген қызығушылығыңыз қашан оянды? Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Негізі өнер саласын таңдамақшы болғанмын. Өйткені 11 жыл музыкалық мектептің домбыра сыныбында білім алдым. Әкемнің қарсылығына қарамай 2003 жылы Шымкенттегі жоғары оқу орындарының біріне, музыкалық білім мамандығы бойынша сырттай оқуға тапсырдым. Сосын «үйдегілерге салмақ салмайын, жұмыс істеп, ақша табайын» деген оймен Астанаға тарттым. Қазақ ұлттық музыка академиясына күзетші болып жұмысқа орналастым. Студенттер таңғы сағат 6-7-де келіп, түнгі сағат 10-11-де бір-ақ қайтатын. Күнде спортшылар секілді саусақтарын жаттықтырады, нота жаттайды. Содан соң дәл солар секілді аз табыспен бұл салада жұмыс істей алмайтынымды, үнемі гастрольдік сапарға шыға алмайтынымды анық түсініп, экономика мамандығына ауыстым. Сол академияның телестудия бөлімінде Мұрат деген досым істейтін. Кейде қолым қалт ете қалғанда қасына барып, техникаларын қызықтаймын. Видеоға қалай түсіретінін, қалай монтаждайтынын бақылаймын. Үш айдан соң күзетшілікті тастап, бейнежазба операторы болып жұмысқа кірістім. Екі жылдай сол жерде істеп, техника тілін түсініп, видеоның қыр-сырын ұғынып, тәжірибе жинадым. Бір күні Президент телерадиокешеніне қызметкер іздеп жатқанын естіп, бақ сынауға бардым. Техникалық директоры Янушенко деген кісі еді. Үш ай сынақ мерзімімен қабылдады. Бірақ сол жерде тер төгіп жүрген басқа қызметкер «Ауылдан келген қойшының баласы не біледі? Жұмыстың қиындығынан ертең-ақ қашып кетеді» деп, мені онша жаратпады. Күн ұясынан көтерілмей тұрып, жұмысқа келемін. Түн жарымы ауғанша жүремін. Кейде қонып қалатын сәттер де болады. 90 күн күні-түні тегін жұмыс істеп, сынақтан сүрінбей өттім. Президент телерадиокешені мен үшін үлкен мектеп болды. Елбасының әр өңірге жасайтын сапары кезінде жылжымалы телестанциялар орнатамыз. Тікелей эфирден көрсетуге мүмкіндік жасаймыз. Бір сөзбен айтқанда, видеоинженер саласына жауапты болдым. Арасында оператор болып кетемін. Бес жылдан астам уақыт сол жерде еңбек етіп, жанымның қалауын түсіндім. Екі рет Мәскеуге барып, танымал білікті, режиссер, фотограф, видеооператорлардан дәріс алдым. Осы уақыт ішінде камераны шашып, жинауды үйрендім. 2012 жылы отбасылық жағдаймен Шымкентке оралдым. Бұл жаққа келген соң, достармен тау-тасты, көрікті орындарды аралап жүргенде, құр қарап жүрмейін деген оймен, фотосуретке түсіріп жүргенмін. Кейін түбегейлі бет бұрдым. Осылайша фотография өмірімнің бір бөлшегіне айналып кетті.

– Алғашқы фотоаппаратыңыз қандай еді?

– Canon 700 d болатын. Несиеге сатып алғанмын.

– Қазір қандай фотоаппаратпен түсіресіз?

– Nikon D4s. Таңертең жұмысқа келген соң 10 минутымды міндетті түрде фотоаппаратқа арнаймын. Әйнегінің шаңын сүртемін, тазалаймын. Сайттарға кіріп, фотоөнерге қатысты соңғы жаңалықтарды оқимын.

– Қазақ фотографтарынан кімді үлгі тұтасыз?

– Бізде мықты фотографтар көп қой. Тұрар Қазанғаповтың мағынасы терең фоторепортаждары ұнайды. Пейзаж жанрынан Ерболат Шадраховқа тең келетін адам жоқ шығар. Ол – табиғатты түсірудің шебері. Саид Атабековтың суреттерінің идеясы ерекше. Тізе берсем, жетіп артылады. Бәрі де қазақ фотографиясының дамуына үлес қосып, осы заманның фотошежіресін жасап жүрген мықты фотографтар.

– Ал өзіңіз қазақ фотоөнеріне қандай үлес қосып жүрсіз?

– Айталық, өзенде су арқырап ағып жатыр. Оны жағасында отырып, суды қамшымен сабаласаң, із көрінбейді ғой. Сол сияқты біздің еңбек қазір көрінбеуі, бағаланбауы мүмкін. Ал уақыт өте келе осы сәттің сапалы фотосуреттерін болашақ ұрпақ іздейді. Құндылығы жоғарылайды. Бағаланады. Сол себепті ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді бейнелейтін фотосуреттерді жиірек түсіруге тырысамын.

Сондай-ақ, Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттеріне фотокурстан дәріс беремін. Күні ертең олардың арасынан елімізге, шетелге танымал мықты фотографтар шығады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде облыстық, республикалық фотобайқаудан орын алып жүрген талантты балалар бар.

Шымкенттің әкімі шығармашылық еркіндікті жақсы көреді

– Мұрағатыңызда қазір қанша фотосурет бар? Және ерекше қайталанбас суретіңіз деп қай фотоны айтар едіңіз?

– Фотомұрағатта 10 мыңға жуық сурет бар. Ал сәтті шыққан кадрлардың бірі деп қазақ жігітінің ақ боз атта көк туымызды алып, желбіретіп шауып келе жатқан сәті түсірілген фотосуретті айтар едім. Көңіліме жақын. Оқушыларыммен барып арнайы түсірген едік. Сол фотосурет республикалық бірнеше фотобайқаудан жүлде алды.

– Фотоны қандай жанрда түсірген ұнайды?

– Әрине, бірінші кезекте – пейзаж. Яғни, кез келген адам байқай бермейтін табиғаттың әсем көріністері. Сосын репортаж. Адамның өмірі, ауыл адамдарының шынайы бет-бейнесі туралы түсірген ұнайды.

– Қала әкімінің фотографы болғаннан кейін күнделікті ресми оқиғалардың бел ортасында жүресіз. Шығармашылық тоқырауға жиі ұшырамайсыз ба?

– Бұл жауапты қызметке дейін «Оңтүстікфильм» мекемесінде директордың орынбасары қызметін атқарып жүргенмін. Кейін осы қызметке аттай қалап шақырды. Әрине, күнделікті қаланың тыныс-тіршілігін, ресми шараларды, көрікті жерлерді, жалпы Шымшаһарға қатысты жылт еткен жаңалықтарды сапалы фотосуретпен беру оңай емес. Жұмысқа кірісердің алдында интернеттен Шымкент туралы фотосуреттерді іздеп көрдім. Санаулы. Оның өзінің сапасы мәз емес. Сосын қолыма фотоаппаратты алдым да күні-түні фотожорыққа шықтым. Қазір өзге өңірдегі адамдардың Шымкентке деген теріс көзқарасын өзгертуге фотографтар да өлшеусіз үлес қосып жатыр деп ойлаймын. Қаланың қазіргі бейнесін, тарихын фотомен жазуға мүмкіндік бергеніне қуанамын қайта. Біздің әкім шығармашылық еркіндікті жақсы көреді. Демалыс күндері қолыма фотоаппаратымды алып, тау-тас кезіп кетемін. Шәкірттеріммен фотографияға қатысты тәжірибелік сабақтарын өткіземін. Сондықтан тоқырауға ұшыраймын деп ойламаймын.

Өмірімді, не фотоаппаратты ойлайтынымды білмей қалдым

–  Фото түсіру барысында өміріңізге қауіп төнген сәттер болды ма?

–  Адамның жасы өскен сайын батылырақ бола бастайды екен. Қазір қорықпаймын. Ит маған қарай жүгірсе, мен оған қарай жүгіремін. Ал жас кезде қорқыныш болды. Бір жылдары Төлеби ауданы жаққа көкпар түсіруге бардым. Қазақтың білекті жігіттері ат үстінде атой салып жүр. Мен де бір атқа мініп алып, шеткерірек тұрып, алаңсыз фото түсіруге кіріскенмін. Артымнан бір жігіт келіп, аттың сырын білетін, күнде әзілдесіп жүрген досым ғой деп ойлап, сауырынан қамшымен салып қалған. Жүгені жерде. Ер тоқымы бос. Содан ат зымырады дейсің. Мойнымда – фотоаппарат. Ұстайтын ешнәрсе жоқ. Ат олай да шапты, былай да шапты. Маған секіруден басқа амал қалмады. Сол кезде бала күнімдегі бір картина көз алдыма келе қалды. Кішкентай кезімде үйдің шатырына шығып, көкпар тамашалайтынмын. Сондай көкпардың бірінде бір жігітті асау ат біздің үй жаққа қарай алып қашты. Сонда әлгі жігіт бір жағына сәл қисайып, екі қолымен аттың көзін жауып тоқтатқан. Мен де сөйттім. Біраз жер шауып барды да, тоқтады. Ондай кезде не өз өміріңді, не фотоаппараттың жағдайын ойлайтыныңды білмей қалады екенсің. Өйткені, екеуі де қымбат (күлді).

– Қандай фотосурет түсірсем деп армандайсыз?

– Мұсылмандардың қасиетті шаһары саналатын Мекке қаласы мен Қағбаны түсіргім келеді. Сосын жаратылысы ерекше шың тағысы, батылдықтың символы саналатын тау барысын түсіру жоспарда бар. Сондай-ақ, Моңғолияны армансыз аралап, көшпенді қазақ өмірін, болмысын, салт-дәстүрін кадрге ілсем деймін.

– Фотограф болу үшін қандай қасиет керек?

– Фотографта мен білетін үш қасиет болу керек. Бірінші, керек кезде оқтан жылдам болуың керек. Екінші, сабырлы болу керек. Үшінші, кез келген адамның тілін таба алуың керек.

Фотография шүріппені баса салу емес

–  Қазақ фотоөнерінде сізді қандай мәселелер мазалайды? Даму деңгейі қалай?

–  Қазақ фотоөнері енді-енді дамып келе жатыр. Бұрын аса бағаланбаушы еді. «Фотографпын» десең көп адам той түсіреді деп ойлайды. Фотографтың жұмысы тек қана шүріппені баса салу деп ұғынатындар бар. Біздің елде де фотографияны өнер, сала деп қабылдайтын күн алыс емес.

Жақында Астанада алғаш рет әлемдік фотофестиваль ұйымдастырылды. Онда дүниежүзінің ең мықты деген фотографтары бас қосты. Фотографтар Жапония, АҚШ, Италия, Түркия, Ресей сынды 10 елден келді. Олар бірнеше күн Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, шынайы бет-бейнесін түсірді. Дәріс өтті. Бұл біздегі фотография саласын бір сатыға болсын жоғарылатады деп ойлаймын.

Сосын бізде авторлық құқық мәселесі қиын. Суреттерді газет-журнал, сайт, баспа қызметкерлері жөн-жосықсыз, авторын көрсетпей қолдана береді. Рұқсат та сұрамайды. Авторлық құқық аяққа тапталады. Қазір осы мәселе бойынша әлемдік бір мекемемен жұмыс істеуді көздеп отырмын. Олар фотоаппараттың құқығын қорғайды. Мысалы, сен түсірген фотосуреттің мәліметін сақтап алады. Сосын бір сайт бір сайттан алып, көшіріп басса да, сілтемесін электронды поштаңа жіберіп отырады. Жылына жарнасын төлесең болды. Сосын авторлық құқығыңды даулап, рұқсатсыз басқаны үшін оларды сотқа сүйресең болады. Ал біздің фотографтарға дәл қазір білім, ізденіс жетіспейді. Бізде фотографияны оқытатын арнайы оқу орны жоқ, қазақша курстар аз. Күннен күнге техника да, идея да, шығармашылық та дамып жатыр. Оны күнде қуып отыруың керек. 10-15 күн ізденбей қалсаң, түсінбей қаласың. «Sony», «Canon», «Nikon» не шығарып жатыр? Былтыр шығарған фотоаппараттан қандай айырмашылығы бар? Олардың сапасы қалай? Бәрін зерттеп отыру керек.

Сосын біздің фотографтар мықты түсіргенмен, сөйлей алмайды. Білетін нәрсесін жеткізе алмай, кібіртіктеп тұрады. Өзге ұлттың фотографтарын қараңызшы. Жөнді түсіре алмаса да майын тамызып, сөйлей біледі. Фотографияның екі тілі бар. Бірі – техникалық тіл, екіншісі – мәдени тіл. Осы екі тілде де жетік түсіндіре алуың керек. Қазір фотографияда жүрген жастарды той жағалап кетті деп кінәлап жатады. Фотография – өте қымбат сала. Тез дамып жатыр. Ал мен тойда жүрген жастарды материалдық жағдайын түзеп, фотоаппараттың жоқ-жітігін түгендеп алу үшін ізденісте жүр деп ойлаймын.

–  Фотографияға қызығатын жастарға берер кеңесіңіз?

–  Негізі көп жастар қымбат фотоаппарат сатып алсам, суретті мықты түсіремін деп ойлайды. Тілін білетін адам ұялы телефонмен де сапалы сурет түсіре алады. Жастарға айтарым, қымбат нәрсеге қызықпау керек. Ол саланың қыр-сырына әбден қаныққан соң, қымбат, профессионал фотоаппарат алған жөн. Үнемі ізденіс керек. Техникасы да, шығармашылық ойы да қабысқан, екеуін тең ұстаған жаннан ғана мықты фотограф шығады. Қазақтың алғашқы фотографы Шәңгерей Бөкеев салып кеткен жолды жаңғыртатын жастар көп болсын деп тілеймін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Алдыңғы жаңалық
Шырайлы Шымкент
Келесі жаңалық
35 градус аяз күтіледі