Макс Вебер
Макс Вебер (1864–1920) – атақты неміс саясаттанушысы, әлеуметтанушы, тарихшы, экономист, заңгер және әлеуметтік философ, «түсінетін» әлеуметтанудың жасаушысы, әлеуметтік қызмет теориясының, идеалды түрлер туралы ілімдердің авторы, дін әлеуметтануының, қазіргі саяси ғылымдардың негізін қалаушылардың бірі (билік легитимділігі концепциясы, бюрократия теориясы, демократия зерттеулері), шаруашылық тарихы, қоғамдық ғылымдардағы логика мен әдістеме жөніндегі еңбектердің авторы. Билік, құқық, дін, ұйымдар мәселесін зерттеуге көп үлес қосты.
Вебер 1864 жылы Эрфурттағы Тюрингии қаласында дүниеге келген. Максимилиан Карл Эмиль (толық аты) Ұлттық либералды партияның мүшесі, танымал мемлекеттік қызметкер Макс Вебердің 7 баласының ішіндегі тұңғышы.
Әкесі саяси қызметкер болғандықтан, жас ғалымның үйінде қоғам қайраткерлері мен белді ғалымдар жиі бас қосып, түрлі тақырыптарды талқылайтын. Максимилиан өз інісімен бірге интеллектуалды ортада қалыптасты. Бір қызығы, жас Вебер мектепте үлгілі оқушы болмады, мектептегі сабақтар ішін пыстырып, оқытушылар тарапынан ылғи сын-ескертпелер алатын. Алайда сөйте жүріп мектеп бітіргенше ол Гетенің барлық шығармаларын оқып шығады. Университетке түспей жатып-ақ Максимилиан көптеген классиктердің еңбегімен танысып үлгерген.
Макс Вебер саясат (билікке араласуға немесе билік бөлінісіне әсер етуге талпыну ретінде, мейлі, ол мемлекеттер арасында, мейлі, мемлекет ішінде болсын), билік (бір индивидтің қалыптасқан әлеуметтік ортада өз қалауын өзге біреудің қарсылығына қарамастан орындауы ретінде) және мемлекет (белгілі бір аймақтың ішінде заңды физикалық күштеуді монополиялауға ұмтылатын адамдар қауымдастығы ретінде) сөздерінің классикалық анықтамасының авторы.
Легитимді саяси биліктің концепциясын жасап, оның үш – дәстүрлі, харизматикалық және рационалды-легалды (құқықтық) түрін көрсетті. Вебердің ғылыми қызметі қазіргі әлеуметтануға, саясаттануға, философияға және тарихтануға қатты әсер етті. Негізгі еңбектері: «Протестандық этика және капитализм рухы» (1904-1905); «Түсінілетін әлеуметтанудың кейбір категориялары жайлы» (1913); «Дін әлеуметтануы бойынша шығармалар жиынтығы» (1920-1921); «Саясат икемділік және мамандық ретінде» (1919); «Саяси жұмыстар» (1921); «Әлеуметтану және әлеуметтік саясат жөніндегі шығармалар жиынтығы» (1924); «Әлеуметтану және экономикалық саясат жөніндегі шығармалар жиынтығы» (1924) және т.б.