Жаңалықтар

Мағжанның қайраткерлігі – оқу-ағарту саласына тікелей қатысты

Мағжанның қайраткерлігі – оқу-ағарту саласына тікелей қатысты
25.06.2023 19:00 1902

25 маусым – қазақтың «Күннен туған баласы» Мағжан Жұмабаевтың өмірге «жарқырап, жанып» келген күні. «Мағжан терең ойдың ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол кедейдің емес, ұлт ақыны» дейді Ж. Аймауытұлы. Ұлттың ұлы перзентінің туғанына 130 жылдың жүзі болып отыр.

Рухы асқақ оғлан ұл қазақтың сары даласынан шығып әлем әдебиетінің асқар биігінен көрінді. Бірақ тағдыры кер заманның тезіне түсті. Ат басындай сом жүрегінің қызуына айналасындағы бақас топ, қаскөй қоғам шыдамай опат қылды. Адамға әлі жеткенімен өрттей қаулаған өлеңдерін кесел дәуір «өлтіре» алмады. Шайыр күткен «ақ алтын сызық» алдымыздан атып, өзі рухани шамшырағымызға айналды. Мағжан Жұмабаевтың дүбірлі мерейтойына орай психология ғылымдарының кандидаты Жаңылсын Нұрмұханқызымен аз-кем сыр-сұхбат құрған едік.

– Құрметті, Жаңылсын Нұрмұханқызы, сіз Мағжан Жұмабаев мұрасын психологиялық тұрғыдан зерттеген бірден бір ғалымсыз. Сіздің Мағжан әлеміне ден қоюыңызға не себеп болды?

– Мағжан әлеміне ден қоюымның бірден бір себебі – ғылыми диссертациялық жұмыс жазу мақсатында Алматыға барып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор Құбығұл Жарықбаевтың алдына келдім. Сол кісі біздің Алаш арыстарының еңбектері, психологиясы әлі жете зерттелмей жатыр, құнды дүниелер әлі көп деді. Тек қана сол кезеңде зерттелген Жүсіпбек Аймауытовтың ғана еңбегі болды. Әлі біздің зерттейтін Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайберді бар. Осылардың еңбегінен қайсысын аласың деген сұрақ туындады. Сол кезде өзім психологиядан сабақ беретінмін. Қолыма 90-жылдары «Жұлдыз» журналы түсті. Сол журналда Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» деген еңбегі басылған екен. Құныға оқып, біздің қазақ балаларына арнап жазылған таптырмас еңбек екен деп өз сабағымда пайдаланып жүрдім. Сол жылдары сабақ бергенде көбіне орыс психологтарының еңбектерін аударуға тура келетін. Ал мына еңбек мен үшін өте құнды болды. Сондықтан Құбығұл Бозайұлы таңдауыңды жаса дегенде менің жаныма жақыны Мағжан болды. Тақырып бекітілгеннен кейін ғылыми жетекшім екеуміз Мағжан мұрасын зерттеуге кірістік. Ағайдың маған көрсеткен көмегі зор болды. Монографиямды шығаруыма да ықпал етті. Ол кезде бүгінгідей Алаш қайраткерлерінің кітаптары қолымызға түсе бермейтін. Сирек кездесетін. Қолымыздағы жалғыз кітап – Мағжанның 95 жылы жарық көрген «Педагогикасы». Ары қарай ағай екеуміз архивке барып жұмыс жүргіздік.

 

– Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегінде ғылыми терминдерді қолдануы туралы айта кетсеңіз

– Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты кітабында психология ғылымының ұғымдарын төл тілімізде сөйлетіп, қазақ жанына жақындата түсуге күш салды. Ғалымды қазақтың ғылыми психологиясының негізін алғаш салған, сондай-ақ педагогикалық психология терминдерінің ұлттық тілде негізін салушы деуге тұрарлық мысалдар жеткілікті. Басқа творчестволық жұмысында тілінің көркемдігі сан қырлы болса, ғылыми еңбектерінде терминнің табиғатын, ерекшелігін сақтаудың үлгісін көрсетеді.

Мағжан Жұмабаев терминдерінен осындай логикалық қисын табылады. Мәселен, ол психологиялық процестерді қазақша «жан көріністері» деп алыпты. М. Жұмабаев педагогикалық психология саласында қолданысқа түсірген атаулардың кейбірі мыналар: «білім» (образование), «дәріс» (лекция), «жеткіншек» (подросток), «өркендету» (развитие), «жігіттік» (юношество), «кекселік» (зрелость), «шалдық» (старость), «пысықтау» (повторение), «сұлулық» (эстетика), «тәрбие қылу» (воспитание), «саулық сақтау» (гигиена), «үйлесімділік» (гармония), «бейғамдық» (рассеянность), «сұлу сурет» (живопись), «топас» (тупой), «тума мінез» (темперамент), «соқыр сезім» (инстинкт) т.б. деп нағыз төл тіліміздегі атаумен айшықтапты. Бұл атаулардың қай-қайсысы да қазіргі педагогикалық психологияда жөнді өзгеріске түспей қолданылып жүр. Сондықтан да біз бұл психологиялық ұғымдардың қолданылысы, М. Жұмабаевтың еңбектерінен бастау алды ма екен деп ой түйіндедік.

Қазақтың ұлттық психологиялық атауларын қалыптастыру жолында тер төккен М. Жұмабаевтың бұл саладағы еңбегін ерекше бағалауымыз қажет. Ол әр түрлі ғылымның өзіне лайық төл тума терминдері мен негізгі атауларын анықтамай тұрып, сол тілде оқу құралдарымен, оқулықтар, бағдарламалар жасау мүмкін еместігін де жақсы түсінген. Сондықтан да, ол термин жасаудың әдіснамалық жақтарына ерекше мән беріп, оның жасалу принциптерін қатты ойластырған.

– Мағжан оқу-ағарту комиссариатында жұмыс істеді. Ол «Педагогикадан» басқа «Қазақ тілі» деген оқулық жазғаны белгілі. Мағжанның психологиялық және педагогикалық ғылым-білімге қосқан үлесі, әкелген жаңалығы туралы білгіміз келеді.

– «Мағжан Жұмабаевтың психологиялық көзқарастары» деген тақырыпты таңдадық. Жұмысты бекіту алқасында көбінесе орыс тілді мамандар болды. Кейбір ғалымдар бұл тақырыпқа қарсы болды. «Оларда қайдағы психология» деп мұрын шүйірді. Соған қарамастан ағай екеуміз түсіндіріп, дәлелдеп жүріп тақырыпты бекіттірдік. Ағай маған «Педагогика» кітабын дәлелдеп шығуға көмектесті. «Педагогика» 15 тараудан тұрады. 3 тарауды педагогикаға, қалған тарауы психологияға арналған. Сіз айтқан «Қазақ тілі» «Бастауыш мектептегі ана тілі» деп аталатын кітап, осы кітаптарымен қатар «Сауатты бол» деген еңбегін және көркем шығармаларын психолог ретінде талдап, дәлелдеп  шықтық.

Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» деген кітабының артында «жазбаша оқу құралдары һәм мектебіміз» деген кішкене ғана нұсқаулық ретінде беріліп тұр. Сонымен қатар «Бастауыш мектептегі ана тілі» дегенді алғаш журналдан көріп талқыладық. Осы кітапта да көптеген мысал келтіру арқылы баланың танымдық деңгейін дамытуға бағыттайды. Осы танымдық деңгейдің өзін орыс психологтарының зерттеулері сияқты нақты ғылыми ұғымдармен сипаттайды. «Сауатты бол» деген еңбегі латын тілінде жазылған. Ұстазым осы еңбекпен танысып дәлелдеп шығу керек деген тапсырма берді. Бізде психология тарихы, этнопсихология деген сабақтар жүргізіліп жүрді. Сол кезде мен әдейі осы сабақтарды бердім. Кейін бұл пәндердің сағаты қысқарылып қалды да зерттеушілердің еңбегі қарастырылмайтын болды.

Мағжан – жоғарғы интеллектілік ойдың, рухани-әдептілік, рухани-сұлулық дүниетанымның иесі. Ол белгілі бір кезеңдік ықпалдар билігінде қалып қоймаған, уақыттан көш ілгері ойы озық тұлға. Бала кезінен айналадағы өзгерістерге әсерленіп қана қоймай, қоршаған орта, тарихи оқиға себептерін зерделі көңілмен танып білуге ұмтылып, жоғарғы деңгейдегі сапалы психикалық әрекет пен сұлулық талғам, адамгершілік қасиеттерін дамытып отырған. Сөйтіп, жоғарғы руханилық деңгейге көтерілген. Ол өмірдің мәні мен мағынасын жәй түсініп қана қоймай, сол мән-мағыналықты өз бойына дарыту арқылы өз ұлтына, жер бетіне, жарқын өмір орнатуға күш салған адам. Тумысынан қайталанбас ерекше қабілетке ие екендігі оның бүкіл шығармашылығының өнбойынан (ақындық, ұстаз-психолог ретіндегі) көрініп отырады.

– Алаш арыстарының қайраткерлігі көбірек айтылып, басқа қыры осының көлеңкесінде қалып қойғандай көрінеді. Мағжанның ақындығының тасасында қалып кеткен қайраткерлігі туралы қай деңгейде айтылып жүр?

– Мағжанның қайраткерлігі – оқу-ағарту саласына тікелей қатысты болды. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында ашыла бастаған орыс-қазақ мектептерінің алдына «бұратана» халықтарды ана тілінен, дінінен айыру міндеті қойылды. Ресей миссионерлері көптеп жіберіліп, ислам дінінің ықпалымен жан-жақты күрес жүргізді. Мектеп оқулықтарындағы, араб әліпбиін орыс графикасына ауыстыру мәселелерін алға қойды. Православиелік уағыздар мен діни кітаптар шығыс тіліне аударыла бастады. Бұл жағдайлардың барлығы орыстың жат пиғылы қазақтың озық ойлы оқығандарының көңіліне қонбады.

Жәдидшілдік бағыттағы ағартушылар ұлт мектептерінің мәселелеріне ерекше мән берді, олар оқулықтар жазып өз кезеңіндегі білім беру ісіне айтарлықтай еңбек сіңірді.

Мағжан Жұмабаев кітабының басынан аяғына дейін ақыл, сезім, қайратты сипаттауда, барлық жан көріністерінің бірімен-бірі бірге жүретіндігін көрсетеді. Әсіресе бала жаратылысы ересек адамның жаратылысынан өзгеше болғандықтан, Мағжан баланың денесі мен жанын, ақылы мен сезімін, қайратын тәрбиелеу жолдарына, тәрбиешінің мақсат-міндеттеріне баса назар аударды. Сондықтан Мағжанның бұл зерттеулері жас және педагогикалық психологияның негізгі зерттеу объектісінде кеңінен қолдануға тұрарлық еңбек.

Мағжан нені айтса да жеріне жеткізе айтып, жан-жақты саралайды. Ғажайып сыршыл ақын, қоғам қайраткері бола тұра педагогика, психология ғылымының теориясын жетік білгендігі таң қалдырады. «Бастауыш мектептегі ана тілі», «Сауатты бол», «Педагогика» еңбектеріндегі айтылған ойлары мен түйген тұжырымдарының ғылыми мәні жоғары. Ақындық қиял мен сезімнің ықпалында кетпей, салқын сана мен салиқалы ой-сезіммен зерделейді. Нағыз ғалымға қажетті терең біліммен, жүйелі ойлау қабілеті барлық еңбектеріне тән.

Тегеурінді заман ағымындағы түрліше көзқарастар соқтығысы мен өмір өзгерісін сараптап өзіне де, өзінің туған халқына да болашақ үшін жарқын жолды таңдай білгендігі көрінеді. Ұлттың сақталып қалуының бірден-бір шарты, ана тілінің сақталуы екендігіне баса назар аударып, оның өрісін тарылтпаудың бірден-бір жолы педагогика, психология саласындағы орнын ғылыми сипаттауы аса құнды.

– Алаш кезеңіндегі әдебиет көбінде тарихи тұрғыдан зерттелуде. Осы кезеңдегі ұлттық психология қай деңгейде ашылды деп ойлайсыз?

– Ұлттық психологияның даму деңгейін қарастырған уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Құбығұл Бозайұлының еңбегі өте зор болды. Ол кісі Орхон, Енисей заманынан бері қарайғы ғұламалардың еңбектерін зерттеу арқылы психологиясын кеңінен талдаған болатын. Соның негізінде өмірінің соңында қазақстандағы психологиялық ой-пікірлердің дамуы туралы 10 томдық еңбек қалтырды. Және Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаевты біріктіре отырып «Қуғынға ұшыраған психология» атты еңбек жазып, қайраткерлердің психологиясына жан-жақты тоқталды. Сондықтан біз түркі тілдес елдер бар, Республиканың басқа да саласында ұлттық психологиямен айналысып жатқан психологтар басымызды қосып, осы үлкен еңбекті ары қарай жалғастыру керек деп ойлаймын.

Ұлттық психологияның даму тарихын жете зерделеген Қ. Жарықбаев тұжырымынша Ж. Аймауытов «Қазақ зиялыларының ішінде тәлім-тәрбие, оқу-ағарту мәселелерінің саласында сындарлы терең мағыналы ғылыми еңбектерді өндіре жазған адам». Ғалымның дидактика мен педагогикалық психологияның ғылыми негіздеріне арналған және ұлт тіліндегі терминдер жүйесін жасауға негіздеген «Тәрбиеге жетекші»  еңбегінде ынталы оқыту, үйрету әдістері машықтану жолдары, оқытудағы көрнекілік, оқыту түрлері сол кезеңдегі қазақ мектептерінің мысалдарымен тұжырымдалса, сондай-ақ, ұстаз бен шәкірт қарым-қатынасы, қазақ мектебінің өзіндік ерекшеліктері, еңбек тәрбиесі туралы да құнды пікірлер білдірген. Мағжан Жұмабаев еңбегінен біраз уақыт кейін жарық көргенімен Ж. Аймауытовтың «Психология» атты еңбегі  тұңғыш ғылыми еңбек болып табылады. Әр ғалымның ұзақ жылдар бойғы ой-тәжірибесінің жиынтығын танытады. Қазақ қауымына психология ғылымының мән-маңызын ғылыми тұрғыдан түсіндіре отырып, адамның жан-дүниесін, мінез-құлқын зерттеудің тарихы мен жолдарын терең тұжырымдайды.

– Мағжан Жұмабаевтың көркем шығармаларындағы терең психологиялық қатпарға, әр сөйлемнің астарында жатқан алапат сезімдерге тоқтала кетсеңіз.

– Мағжан Жұмабаевтың көркем мұраларын психологиялық талдау арқылы, тұлғалық табиғатын тереңдей тануға мүмкіндік туады. Шығармашылық, ең алдымен, қажырлы да азабы мол еңбек және сонымен бірге адамның барлық дене және рухани күшін сарқа жұмсауды қажет ететін, шабытты еңбек болып табылады. Шынайы шығармашылық әрқашан қоғам үшін себеп-шарттан туындайтын қызмет, одан адамның көптеген психикалық сапалары білінеді, жеке адамның ішкі мазмұны көрініс береді. Шығармашылық процесс кезінде, адамның психикалық әрекеті барынша жоғары деңгейде өтеді десек, бұл М. Жұмабаев шығармашылығындағы интеллектілік, эмоциялық, еріктік күйлер арқылы да танылады.

Ақындық ақыл-ой қызметінің жемісі – адамдардың өмірін, олардың психологиясын, тебіреністері мен бір-біріне қатынасын бейнелендіретін, дәуірді және ондағы үстемдік етуші әдет-ғұрыптарды сипаттайтын жан-жақты бейнелеудің күрделі жүйесі. Мағжан тек сөз шебері ғана емес, ойшыл, нағыз азамат.

Ақын тұжырымында өлең тек еріккеннің ермегі емес, жанның тереңнен тартылатын, сезімнің сыртқа шыққан түрі. Және ол жүректен шығып, жүрекке жетуі тиіс:

«Жан сүйгенім – ол да өлең,

Жете алмасам, жолда өлем.

Жанымның жаны, тәнімнің қаны, тіршілігім сенімен», - дейді.

Мағжанның бүкіл шығармашылығында біреуге кінә арту байқалмайды. Барлық нәрсені дамудың заңдылығы мен қоғамдық-тарихи себептерден іздейді. Өсек-жаламен, жалған айыптаулардың сорақы түрлерін басынан кешірсе де, өзгені ғайбаттамайды. Өз ішіне, өз сезіміне үңіледі. «Кінәні маған қойма, жүрекке қой», - дейді.

Өлеңде жалын атқан ішкі сезімнің екі сипаты: біріншісі, махаббат пен сүйіспеншіліктің жан мен тәнге жағымды әсері терең суреттелсе екіншісі: адамды жан ашуы, қызғаныш пен күйініш билеп, дүлей күшке айналып ақылынан адастыруы, қайтып ақылынан айырылуы арасындағы күрделі психикалық процестер тапқырлық, дәлдікпен көркемделген. Ішкі сезім қақтығыстарының қоюланып, ширығуын табиғаттың сұрапыл көріністерімен астастыра суреттеу арқылы оқырманның сезіміне ерекше әсер етеді.

– Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұрасын психологиялық тұрғыдан зерттеген ғалым ретінде ақын болмысының қандай болғанын айтып бере аласыз ба?

– Мағжан Жұмабаевтың тұлғалық қасиеттері өзінің де, өзгенің де асылы мен жасығын айырып, тек ізгілікті ісінен үлгі алып, өз бойына дарытып қана қоймай, өз халқының, ұлтының өркениетін биікке қарай жетелеу жолындағы өшпес, жанқиярлық еңбектерінен көрінеді. Ол жазған өлеңінен, мақаласынан, оқулықтарынан, жалпы шығармашылығының өн бойынан табылады.

«Адам туа ұлтшыл, туа адамшыл бола бермейді, ұлтшылдық сезім де сол сықылды әуелі үй ішінен, одан қала берсе туған ауыл, туған жерден бастап, жоғары өрлейді. Туған ауылын, жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды» деген, Мағжанның ұлт сезімі де жақыннан алысқа тереңдейді. Демек, Мағжанның тұлғалық қалыптасуындағы маңызды факторлар ретінде отбасының тәрбиесі, қоғам дамуына сәйкес өзгерген қазақ қоғамындағы өзгерістерді атауға болады. Жеке ұлтшылдықтың өрісі тарылғандығын көріп, жалпы түрікшілдік идеяны алға ұстаған сәттері де болды.

Мағжан Жұмабаев өзінің рухани қажеттіліктерін тек қанағаттандырушы ғана емес, алдына ылғи да биік, ізгі мақсат қойып, тәрбиелеп жетілдіріп отыратын тұлға. Бүкіл шығармашылық әрекеті қоғам, ұлт үшін жасалған.

Адамның жан-жақты дамуы үшін аса қажет нәрсе сүйіспеншілік сезімі отбасында қаланады. Балаға айналасындағы адамдардың дос көзбен, достық лебізбен қарауы оның жанының жарақатсыз тәрбиеленуінің қажетті басты шарты деуге болады. Жастайынан қайырымдылық, жомарттық, ізгілік, мейірімділік, адамгершілік қасиеттерді өз бойына сіңіріп өспеген адамның өскен соң, бұл қасиеттерді өз бойынан табуы мүмкін емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға