Жаңалықтар

Мағаз Разданұлының 100 жылдығына орай кеш өтеді

Мағаз Разданұлының 100 жылдығына орай кеш өтеді
Фото: Ұлттық академиялық кітапхана 10.04.2025 01:29 386

11 сәуірде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлының туғанына 100 жыл толуына орай оның «Үш томдық таңдамалы шығармаларының» таныстырылымы өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мағаз Разданұлы (1924-1998) – Қытай Халық Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушы, драматург, ақын. "Алтай ақиықтары", "Ата заман сөйлейді" тарихи романдардың, "Асулар толғауы", "Уақытқа жауап" жыр-толғаулардың, "Сары бел" атты өлең-романның және басқа да көрнекті шығармалардың авторы.

Жазушының тағдыры ХХ ғасырдың саяси-әлеуметтік қыспағымен тікелей байланысты. Қытайдағы "Мәдениет төңкерісі" деп аталған дүрбелең кезінде ол 20 жылға жуық уақытын түрмеде өткізіп, 1978 жылы ғана толық ақталды. Кейін туған жері – Буыршын ауданында мәдениет саласында қызмет атқарып, шығармашылықпен айналысты.

Ұйымдастырушылар Мағаз Разданұлының шығармашылық мұрасын қазіргі қазақ оқырманына кеңінен таныстыру, оның тарихи және әдеби еңбектерінің мән-маңызын айқындау. Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамалар жасалып, естеліктер айтылып, оның еңбектері әдебиеттанушылар, жазушылар мен зиялы қауым тарапынан талқыланады.
ҚР Жазушылар одағының басшылығы, белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер мен оқырмандар қауымы қатысады деп күтілуде.

Бұл – тарихи, мәдени және рухани құндылықтарды насихаттайтын аса маңызды әдеби шара болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға