Жаңалықтар

Мәдина Сәдуақасованың өмірлік ұстанымдары

«Келін болып қызмет ету – менің басты мақсатым»
Мәдина Сәдуақасованың өмірлік ұстанымдары
01.06.2017 12:36 14876

Қазақтың қазақ тілін білмеуі деген біздің елде болмауы тиіс проблема, бірақ осындай келеңсіздіктің болғаны үшін ұяттымыз, әрі жауаптымыз.

* Мен тағдырымды, бүкіл өмірімді әнмен байланыстырған адаммын, көзім жұмылғанша ән айтатыныма өзім сенемін.

Қазақ боп туылғаннан кейін орысша емес басқа тілде оқысаң да, қай елде тұрсаң да ана тіліңді білуге, қазақша ойлауға міндеттісің деп есептеймін.

Мен өзімді намысшыл қазақтың қатарына жатқызамын.

Аса ырымшыл емеспін. Бұрын ырымшыл болғанмын. Психологияны оқығаннан кейін түсінгенім – ырым дегенді адам өз санасындағы қиялдан, сенімнен жасап алады екен. 

Бірінші курста алғашқы сабаққа барғанымда ең алғаш өткен сабағымыз «Өзіңді тану» деп аталған еді, яғни адам ең бірінші айналасын танымас бұрын өзіне үңілуі тиіс дегенді оқыдық, содан бастап бес жыл бойына осы мамандықты игеру барысында түрлі кітаптар оқыдым, қазіргі өмірімде мұның тек қана пайдасын көріп жүрмін.

* Мен «бес уақыт намаз оқып, дінге құлай беріліп, өнерді тастап кетемін» деп айта алмаймын. Өнерді тастап кеткен кейбір өнер адамдары, бұрынғы әріптестерін көргенде: «Ән айтып, секеңдеген шайтан» деп айтқандарын естідім. Меніңше, ән айтқан айып емес.

* Ауыл-ауылға барғанда сенің де өздері сияқты адам екеніңді, тамақ ішіп, ұйықтайтыныңды ұмытып кетіп, суретке түс, анда-мында жүр деп әуреге салатындары да бар халықтың, мұндайда да мен ренжімей, керісінше, сол адамдардың риясыз пейіліне мәз болып қаламын. Мен де дәл солар сияқты адаммын ғой, тек маған Алла ән айтатын өнер берген, сол өнер үшін басқалар маған осынша құрмет көрсетіп, сыйлап жатса, оған қалай қуанбайсың? 

Әнші болған соң сенің ерекшелігің дауысыңды шығарып ән айту ғана ғой, ал студияда жазылған әнді аузыңды жыбырлатып қана орындау деген өзіңді өзің ән айту ләззатынан айыру деген сөз.

Мен өзім талай байқаудан өткен, жетігеннен басқа аспабы жоқ президенттік оркестрде ән айтқан әншімін, сондықтан «тірі дауыспен» ән салу түк те қорқынышты емес. Ал ол жетістігімді көрсету үшін жарысқа түсіп, байқауда бақ сынауға қарсымын, дауысыңды ел естісін десең «тірі дауыста» концерт өткіз, басқа бір бағдарлама жаса. 

Өзім адалдықты жақсы көретін адаммын. Ата-ана, әріптестеріммен болсын арамызда тазалықтың сақталғанын қалуына ынталымын. 

* Келін болып қызмет ету – менің басты мақсатым. 

* Мен адамдармен сөйлескенді, жеке тағдырына үңілгенді, қиналғандарға, рухани жәрдем бергенді ұнатамын.

* Менің алдағы жоспарымның бірі — фольклорлық топпен тек қана халық әндерін орындайтын бір бағдарламамды жүзеге асыру. Бірақ бұған үлкен жауапкершілік пен ішкі дайындық қажет. 

* Жалпы адамның ішкі жан-дүниесін байытатын – адам. Адамдармен көп араласқан жөн. Әрбір адамнан міндетті түрде тәрбие, білім, өнеге аласың, сонымен қатар, жиренетін жерінен жиренесің. 

* Күнәсіз, пәк емеспін. Бірақ, біреуге жамандық ойламаймын, қиянат келтірмеймін. «Иман – жүректе» дегенге қосыламын. Әншілердің арасында дін тақырыбындағы әңгімелердің жиі айтылғанына қуанамын. Бұл ешқандай сән де, бетперде де емес. Бәрі дұрыс, солай болуға тиісті дүние. 

* Менің ойымда ылғи бүлдіршін қыздар тұрады (3-4 сыныптың оншақты қызы Мәдинаға ұқсап, шаш қидырып, киініп алғанын көрген әншінің сөзі) , солардың маған қарап бой түзеп, өсіп келе жатқанын ойлағанда өзімнің бір қадам да шалыс басуға құқымның жоғын тереңірек түсінемін. Өзім де тәртіпті қыз едім, одан әрі тәртіпті болуға тырысып жүремін.

* Мен арманға бай адаммын. Әйтеуір уақыт өтеді, арманым орындалады.

* Аллаһым қанша сәби берсе де, мен қуана қарсы аламын. Әр баланың өз несібесі мен берекесі болады. Көп балалы ана болуды армандаймын.

* Мен уақыт машинасына мініп, уақытты кері қайтарғым келмейді. Әжімдерімді жасырмаймын, бояусыз көшеге шығудан қорықпаймын. Мені өзім дәл қазір бақытты сезінемін. Отбасым бар, шығармашылығым, бәрі бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға