Жаңалықтар

Мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысы өсті

Мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысы өсті
Фото: yandex.by 02.03.2023 10:22 1149

Биылғы қаңтар айынан бастап мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын тағы 22%-ға өсті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соңғы екі жылда 64 мыңға жуық мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 45%-ға көтерілді.

«2023 жылдың қаңтарынан барлық санаттағы қызметкерлердің айлығы өскенін атап өту керек. Бұл басшылар мен жетекшілер, негізгі персоналмен қатар, еден жуушы, күзетші, вахтер секілді жұмыскерлердің де еңбекақысы көтерілді», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов.

Мәдениет және спорт министрлігі сала мамандарының айлығын одан әрі ұлғайтуға бастамашы болады. Мәселен, шығармашылық жоғары оқу орындарындағы концертмейстерлердің еңбекақсын көтеру жоспарда бар. Ол үшін заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Сондай-ақ «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы екі есеге жуық өсті. Бүгінде елімізде осы санатқа жататын 5 ұйым бар. Министрлік алдағы уақытта аталған нысандардың тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға