Жаңалықтар

Мәдени мұраға енген тарихи нысандар қараусыз қалды - Ұласбек Сәдібеков

Мәдени мұраға енген тарихи нысандар қараусыз қалды -  Ұласбек Сәдібеков
Фото: parlam.kz 22.04.2024 19:08 574

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, археологиялық ескерткіштердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау өлкесінде өткен биылғы құрылтайда мәдени мұраларға ерекше көңіл бөлу керектігін баса айтты. Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналғанын тілге тиек еткен мемлекет басшысы
бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керектігіне арнайы тоқталды. 

Бүгінгі депутаттық сауал Түркістан облысындағы мәдени мұраларымыз бен тарихи нысандарымыздың тапталып жатқанына және оны оңтайлы шешу барысына арналады. Бұл түйткілді мәселе «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» сайлауалды бағдарламасында да және менің жеке сайлауалды бағдарламамда да қарастырылған. Түркістан облысының топырағын түртсең, қазақтың тарихына кезігесің. Қасиеттi өлкенiң табиғаты, топырағы, суы бәрi-бәрi тұнып тұрған шежiре. Дегенмен, бүгінде сол мәдени мұраға енген тарихи нысандар ашық – шашық күйде жатыр. Тіпті, қараусыз қалып қойды десекте болады. Салдарынан жаңбыр мен қар суына зардап шегуде, - дейді депутат.

Бір ғана Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи кесенесін алайықшы, мыңдаған жылдар бойы сақталып келген кесененің қабырғалары тұзданып, суланып кеткен. Бұл ЮНЕСКО - ның қорғауына алынған жәдігерге үлкен қауіп төніп тұрғанын аңсартса керек. Жыл сайын кесенеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бірақ әлі нақты ешқандай қорытынды айтылмады.

Одан бөлек, қазақ хандығының ең алғашқы астанасы болған бұрыңғы Созақ қалашығының орны да төбе болып үйіліп жатыр. Оны зерттеп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге бүгінде көңіл бөлінбей келеді. Яғни, қазақтың тарихына қатысты көптеген дәлелдер мен дәйектер топырақ астында көмілген күйі қалып барады. Ал, жергілікті билік тарихи нысанды қорғауды орнына, үстіне көлік жүретін жол салып тастаған. Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылындағы тарихи қалашыққа жергілікті кәсіпкер азық түлік дүкенін салып қойған. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында Тайқазан құйылған орын бар. Олда жәй төбешік күйінде қалып келеді, - дейді мәжілісмен.

Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығынан аспан астындағы мұражай жасауға болады. Себебі, қазақ тарихында Ханқорған төбесiнiң алатын ерекше орны бар.

Жаугершiлiк заманда ұлтымыздың ұстыны болған киелi жер қазақ ханы Абылайдың бекiнiсi болған деген тарихи дерек те бар. Яғни, Абылай ханның iзi қалған. Көлкент ауылдық округiндегi Ханқорған төбесi аудан орталығынан 28 шақырым жерде орналасқан.  Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты осынау мәдени мұра қайта зерттелді. Сол кезде сынған құмыралар, жартылай құлаған ошақтар,  диiрмен, тiптi, адам сүйектерi де табылды. 4 метр тереңдiктен үйдiң iшкi бөлмелерi көрiндi. Дегенмен, уақыт өте келе археологиялық жұмыстар тоқтап қалды, - дейді Ұласбек Сәдібеков.

Айта берсе, ел ішінде мұндай мысалдар көптеп саналады.

Тарихи орындар Отырар мен Ордабасы жерінде де, Жетісай мен Сарыағаш топырағында да, жалпы өңірде төбешік болып үйіліп жатыр. Құрметті Тамара Босымбекқызы осыған байланысты төмендегі мәселелерге назар аударуыңызды сұраймын, - дейді депутат.

  1. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи кесенесіндегі жөндеу жұмыстары қашан бітеді. Осы мәселені нақты айтып берсеңіз.
  2. Созақ ауданы, Созақ ауылындағы тарихи қалашық орнын қоршау қажет. Мүмкіндік болса археологиялық қазба жұмыстарын бастау керек. Себебі, Созақ қазақ хандығының тұңғыш астанасы болған жер. Онда біздің тарихымызға қатысты тың дүниелер шығуы мүмкін.
  3. Жалпы, елдегі тарихи нысандарға көңіл бөлу керек. Қоршап, археологиялық жұмыстарды жүргізіп, табылған тарихи дүниелерден музей ашу ісін қолға алуымыз қажет.
  4. Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығындағы археологиялық жұмыстарды қайта жалғастыруды сұраймын.
  5. Тайқазан құйылған Қарнақ ауылына арнайы белгі орнатып, сол кездің зергерлері мен ұсталары жайында арнайы мағлұмат жазуды жөн деп санаймын. Себебі, Түркістанға келген туристер, Тайқазан құйылған ауылға баруға қызығушылығы артары анық. Екі арадағы жол небәрі 30 шақырымды құрайды.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға