Жаңалықтар

Мақтана бiлемiз бе?

Мақтаудың түбiн түсiретiнiмiзге күмәнiм жоқ. Күнде көрiп-бiлiп, естiп жүрмiз. Ал осы бiз мақтана бiлемiз бе?
30.06.2014 12:52 3095

Мақтаудың түбiн түсiретiнiмiзге күмәнiм жоқ. Күнде көрiп-бiлiп, естiп жүрмiз. Ал осы бiз мақтана бiлемiз бе?

Басқа-басқа, дәл осы мақтана бiлетiндiгiмiзге өз басымның күмәнiм бар.

Балықшының баласы Михаило Ломоносов өзi құрастырған «Ресей грамматикасының» кiрiспесiнде орыс тiлi туралы оның бойына «испан тiлiнiң әсемдiгi, француз тiлiнiң қызбалығы, немiс тiлiнiң салмақтылығы, итальян тiлiнiң назды нәзiктiгi, сондай-ақ, грек пен латын тiлдерiнiң байлығы мен бейнелеп айтудағы қысқа да нұсқа нақтылығы жинақталған» деп шалқыпты.

Бiз болсақ, әлi сол «қазақтар даланың француздары» деп әлдекiм ойланып, әлде ойланбай айтып қалған сөзге мәзбiз.

Балықшының баласы орыс тiлiнiң құшағына испан, француз, немiс, итальянды, грек, латынымен қосып әлдеқашан қаусырып алғанына назар да аударғымыз келмейдi.

Айттым ғой, бiз мақтана бiлмеймiз.

Осы қыста ауылға барғанда үйдегi қалың кiтаптардың арасынан Чеховтың қазақша үш томдық таңдамалы шығармалар жинағының бiрiншi томын тауып алдым. Ерiксiз бiрiншi бетiне көзiм түстi, баспадан 1955 жылы шығыпты. Мiне, тағы бiр жыл сынаптай сырғып өте шықса, Чехов қазақша сөйлегелi, көлемi кәдуiлгi нән кiрпiштей үш том болып, қандастарымыз кiтапханасының сөрелерiне қаланғалы жарты ғасыр уақыт болады екен.

Кеудемдi мақтаныш кернедi.

Әлемнiң ең үздiк, ең саңлақ деген жазушыларының өздерi ұстазымыз, жол көрсетушiмiз деп еш ұялмай айтатын, талант жарыстырғысы келетiн, нашар жазып қойса аруағынан ұялатынын мойындайтын осы Чеховтың елу жылда қазақ болып кетпегенде несi қалды дейсiз?

Ал, ол жай Чехов емес, испан, немiс, француз, итальянды, грек һәм латынымен қоса жұтып жiберетiн орыс тiлiнiң айтулы сөз зергерi. Ресей әдебиетiнiң ғана емес, әлем әебиетiнiң пiрлерiнiң бiрi ғой. Қандай бiр заман болып, орыс жойылып кетсе де Чехов қала беретiнi анық.

Сонда, сонша тiлдiң мiнезi, бояуы бiр бойынан табылатын орыс тiлiн жарты ғасыр бұрын-ақ жәукемдеп тастаған қазақ тiлi қандай тiл болмақ?

Сөз жоқ, анау тiлдермен бiрге орыс тiлiнiң ормандай ойлылығы да бiр басынан табылатын, әр сөзi сегiз қырлы, бiр сырлы, бәлкiм, сексен сегiз қырлы, дүр сырлы тiл болады.

Басыма осындай ойлар келгенде, кеудемдi мақтаныш тербеттi... сосын ұялдым.

Бүгiндi, сiздi, бiздi, кеше ғана мемлекеттiк тiлге қарсы шығып, мемлекеттiк тiлдi, қоғамды менсiнбей «абыройынан айырылған» халық қалаулыларын... есiме алып ұялдым.

Ағаларымыз жарты ғасыр бұрын алып қойған биiктiктен аса алмай жатқанымызға қысылдым.

Чеховқа әлi бiр жыл бар ғой, биыл Гогольдiң көп томдығы қазақ тiлiнiң қалыбына түсiп, кең далаға жол тартқанына анық аттай елу жыл болады. Бұны аңдаусызда бiлiп қалғанымда, маңдайдан тiптi бұршақ-бұршақ тер кеттi. Санамда «Өлi жандар» авторының «Таңдамалы хаттарын» тәржiмалаған Зейнолла Қабдолов ағамызды осы бiр берекелi шаруаға араласқанымен құттықтап қоюды да ұмытып кетемiз бiз жазған деген ой зырқ ете түстi. Бiрақ бұл қазақ тiлiнiң әлемдегi ұлы тiлдердiң бiрi екендiгiн ұмытып кетiп жатқандығымыздың қасында шыбынның шаққанындай ғана болымсыз нәрсе ғой деп өзiмдi өзiм жұбатқаным да рас.

Айтпақшы, Тұрмағамбеттiң «Рүстем Дастаны» мен Қалмақан Әбдiқадыровтың «Мың бiр түнiн» де арнайы мерекелеп өткендi ұмытпағанымыз жөн-ау. (Олардың қазақшаланғанына қанша жыл болды екен өзi?!) Себебi, бiздiң тiлде парсы тiлiнiң перiште әуезi мен араб тiлiнiң ақ едiл емiн-жарқындығы да бар. Құдайға шүкiр, бiр сөзбен айтқанда, бiздiң тiл – қай қиырды да жаулап үйренген жауынгер тiл емес пе едi!

Ал «байдың аузы сасық баласы» не десе де өзi бiлсiн... Қысылғанда ненi айтып, ненi қойғанымды өзiм де бiлмей қалдым ғой деймiн. Әйтеуiр, ағайын, мақтауды ғана емес, мақтануды да үйренейiкшi...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға