Мақсат айқын. Нақты іс керек
Егемендіктің елең-алаңы мен тәуелсіздік таңының шапағы арайлана бастағанда-ақ мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің соңғы ғасырларда қордаланған күрделі қиыншылықтарды жеңе қоюы оңай болмай отырғаны белгілі.
Кешегі Алаш жетекшілерінің ұлт мүддесі үшін күресінің өзегі тығырыққа тірелген қазақ тілі болғаны аян. 1905 жылғы 25 шілдеде Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесінде Министрлер комитеті төрағасының атына қабылданған Петицияда ауылдарда орыс тілімен қатар қазақ тілінде сабақ жүретін мектептер ашу, мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу мәселелері көтерілген болатын. Дәл осы жылдың қараша айында Мәскеуде өткен жергілікті және қала қайраткерлерінің съезінде сөйлеген сөзінде Әлихан Бөкейханның қазақ халқына басты қажеттіліктердің бірі ретінде ана тілін көтеруі де жайдан-жай емес еді.
Қазақтың зиялы қауымы өзінің ана тілі үшін күресін кешегі кеңестік кезеңде де толастатқан жоқ. Өйткені қазақтың бай ұлттық тілі Мәскеудің социалистік интернационализм саясатының көлеңкесінде қалды. Орыс тілі мемлекеттік мәртебені пайдаланып, бүкіл дерлік мемлекеттік іс-қағаздары орыс тілінде жүрді. Социализмнің «кемелденген» кезінде республикамызда 700 қазақ мектебінің жабылуы, жаппай аралас мектептердің қаптауы, орта арнаулы және жоғары оқу орындарына орыс тілін білмегендерге есіктің жабық болуы ана тілімізді мүшкіл халге жеткізді. Орыс тілінсіз қазақ азаматтары қызметке алынбады.
Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа хат жазып, ана тілдік кеңістіктегі келеңсіз көріністердің алда неге алып баратынын болжап, ерекше тебіренгені де тегіннен-тегін емес болатын.
Елбасымыздың да қазақ тілі жөнінде ой-толғаныстары жұртқа аян. Басқаны былай қойғанда «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек» деген қарапайым қағидалар көпшіліктің көкейінде берік. Ал енді биылғы Жолдауда «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу керек. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деп мәселені ашық қойылды. Бұл болашақтың қол былғар биігі ғана ғана емес, бүгінгінің белесті межесі де. Шынына келгенде, бұрын-сонды дәл мұндай нақты міндет қойылған жоқ. Ендігі басты мәселе - осыны қалай жүзеге асыруда. Бұл оңай шаруа емес. Бұл отбасынан бастап қоғамдағы мемлекеттік тілге қатысты барлық құрылымдардың, халықтың жаппай рухани сілкінісін қажет етіп отыр.
Осы мәселелер туралы аз-кем ой-пікірлерімізді, ұсыныстарымызды ортаға салсақ. Меніңше, еліміздегі саяси һәм демографиялық ахуал, тілдік кеңістікте жағдай оң өзгерістерге еркін аяқ басты. Осыған байланысты 1996 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Тіл туралы тұжырымдамасы қайтадан жасалуы керек. Бұл құжаттың негізгі бағдары мемлекеттік «Тіл туралы» Заңның қабылдануына, қазақ тілінің еліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналуына бағатталғаны жөн. Сондай-ақ, тілдік кеңістіктегі құқықтық нормаларды реттеген жөн. Ең бірінші 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның «Тілді мемлекеттік қорғау» атты 23-бабының «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген мемлекеттік тілді дамытудың аса маңызды құқықтық нормасының орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Егер мемлекеттік тілдің құқықтық базасын жетілдіреміз десек осылардан бастаған ләзім. Сондай-ақ, Заңдағы «мемлекеттік тілде және басқа да тілдерде» деген құқықтық нормаларды тәртіптеу қажет. Мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілін басқа тілдермен теңестіру құқықтық қателік. Әр нәрсе өз атымен аталуы тиіс. Сонан соң мемлекеттік тілді барлық мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін‑өзі басқару органдарындағы іс қағаздарының негізгі тілі етеміз деген міндеттің орындалуын қайта қараған жөн. Өйткені жергілікті мемлекеттік ұйымдар іс қағаздарын негізінен аудармашылар күшімен мемлекеттік тілге көшіріп, жоғары жақты жалған ақпаратпен мәз қылып отыр. Орталық билік жүйелерінде осылайша. Көз бояушылық қашанда жанды істің қас жауы болып келді, бола береді. Тілдік кеңістіктегі ісімізге өріс бермейтін мұндай келеңсіздікті жоймайынша ана тілінің мәселесі шешілмейді.
Ана тілінің қазығы отбасында қағылуы керек. Бірақ қазір қазақ отбасының құрылымы күрделі өзгерістерге ұшырап, қазақтың дәстүрлі отбасы бұзылды. Кейбір ғалымдардың айтуынша, бұл капитализмнің, нарықтық экономиканың атрибуттарының бірі көрінеді. Нарықтан қашып құтыла алмаспыз. Бірақ мүмкіндігінше адам баласының ең басты әлеуметтік ортасы - отбасынсыз жалпы бала тәрбиесін жөнге салу қиын. Сондықтан біздің қоғам балалардың ең алдымен отбасында тәрбиеленіп, алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қабылдауы қажет сияқты. Тәрбие мәселесіне көңіл бөлмеудің көкесін кейін көретін боламыз. Алайда, ол кез кештік етеді.
Осыдан жарты ғасыр бұрын Баукең, Бауыржан Момышұлы айтқандай, «қазақ тілін ана тілім деп танымай, қазақша дұрыс сөйлеп, жазып, оқып, өсуді міндетім деп білмейтін» «немере‑шөберелерді» қазіргі қазақтың кез келген отбасынан табуға болады. Бұл арада принципшілдікті таныта алмай отырған ата да, әке де кінәлі, дегенмен салмақтың басы аналарда жатыр. Әсілі, аналарымызды өз тілінде сөйлетпей, балаларымыз анасының тілінде сөйлемейтін шығар.
Отбасында тілдік тәрбиені жеткілікті көрмеген ұл‑қыздың мәселесін бала бақша шеше алмайды. Ал осы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту орындарында балаларымыздың қалай ана тілін меңгеріп жатқанын бақылайтындар жоқ сияқты. Өйткені көп ата-аналар балаларымыз балабақшаға барып өз тілін жоғалтты деп жатады. Оның түрлі себептері бар. Оны тарқатып жазуға уақыт тар. Бір-ақ мәселеге тоқтай кетейін. 2008 жылы Қазастан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы әзірлеп, бекіткен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі ережелерінің» «Білім беру саласы мазмұнының базалық минимумы» атты 9-бөлігінің «Қатынас» деп аталатын білім беру саласындағы мақсат былай айқындалған: «Ана тілінің базалық құндылықтарын меңгерген, мемлекеттік және басқа да тілдерде мәдени-әлеуметтік өзара қатынасқа дайын, айналасымен ауызша және ауызша емес құралдармен жұмыс істеуге қабілетті мектеп жасына дейінгі көптілді тұлғаны тәрбиелеу». Бұл тұжырымды олай ойланып, бұлай ойланып түсіне алмай-ақ қойдым. Сонда 6 жасқа дейінгі балаға осындай талап қойсақ, олар есейгенде не ұсынамыз.
Отбасындағы, сонан соң балабақшалардағы тілдік тәрбиенің жетімсіздігі қазақ мектептеріндегі ана тіліміздің жайына қатты әсер етіп отыр. Балаларымыздың бірсыпырасы сабақтан тыс уақытта орыс тілінде сөйлейді. Сол себепті мектеп бітіргендердің көбісі өз тілдерінде еркін сөйлемейді. Менің кейбір студенттерім өздері мойындағанындай, қазақша еркін сабақ айта алмайды. Меніңше, мектепте қазақ тілінің бүгінгі жағдайы оның мемлекеттік мәртебесіне тиісті көңіл бөлмеуден туатын сияқты. Ол қатардағы пәндердің бірі ретінде оқытылады. Мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің мәселесін мемлекеттік іс деп танымай алға баса алмаймыз.
Сондай-ақ аралас мектептерден арылмай, ана тіліміздің айдарынан жел есе қоймайды. Мұндай мектептердің басшыларының көбісі қазақ әйелдері болғаны да мәселе туындатып отыр. Ал басшылары басқа ұлттың өкілі болды дегенше ана тілі туралы ойлаудың қажеті шамалы. Өзіміз жетістірмей отырғанда басқа не қылсын.
Сонан соң бүгінгі республикадағы орта мектептің жартысынан көбісі орыс мектептері. Менің бір таң қалатыным – ұл‑қыздарымыз он бір жыл орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқиды. Үйде әке‑шешелері бар. Бірақ мектепті бітіргенде балаларымыздың көбісі қысқаша өмірбаянын да жаза алмайды. Себеп неде? Тағы да әңгіме, ең бірінші, орыс тілді ата‑анада. Екінші, мектептегі қазақ тілінің оқытылуының мәз еместігі. Бұған қатардағы көп пәндердің бірі ретінде қараушылықта. Асылы, қазақтың ұл-қыздары түгел дерлік қазақ мектебіне тартылмай мәселені шешу қиын болатын сияқты. Әрине, бұл тірлік әкімшілік жолымен емес, түсіндіру, ұғындыру жолымен жүзеге асырылу қажет.
Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында ана тілдік ахуал мәз емес. Біріншіден, орыс топтарының басым көпшілігі қазақтың ұл‑қыздары болып отыр және бұл азаятын емес. Екіншіден, көбісі ана тіліне жетісіп тұрғандай қазақ топтарында тек орыс және ағылшын тілдері жүреді. Қазір қазақ тілін оңдыра алмаған ұл-қыздарымыздың бәріне ағылшын тілін тықпалаудың қажеттілігі қанша? Бұл мәселеде ойланатын жайлар жоқ емес. Алдымен қазақ тілін қарық қылмай, басқаны жарылқаймыз деп жүріп ұлттық қасиеттерден жұрдай болуымыз мүмкін.
Тілдік кеңістіктегі күрделі жағдайдың көпшілігі қыз‑келіншектер қызмет ететін денсаулық саласы, байланыс, тағы осы сияқты мекемелерде қалыптасып отырғаны шындық. Бұл мекемелерге барсаң, көбіне орыс тілімен қарсы алады. Тіпті қазақ тілінде жеделхат жіберудің өзі мәселе. Әлде қалай телефон арқылы берсең, ежіктеп, әр сөзіңді қайталап әбден әбігерің шығады.
Ал коммерциялық жүйелер мен банктер қазақ тілі мәселесінде «аман-есен» отыр. Тіпті банктерде сенің төл құжатындағы қазақша жазылған ата тегіңді мойындамай, көзіңді бақырайтып қойып орысша жазады. Неге бұлай етесіздер десеңіз, біздегі компьютерлерде қазақша бағдар жоқ дейді. Шетелдер осы компьютердің өзінің неше түрін ойлап шығарып жатқанда біз оны қазақшалай алмай отырмыз. Қолдан келмейді емес. Келеді. Бірақ оған құлық жоқ. Жылайсың ба, күлесің бе, өзің біл.
Жасыратын ештеңесі жоқ, тілдік кеңістікте қазақ тілі өріс ала бастағанына қарсылықтар да кездесіп жатыр. Мен автобусбен көп жүретіндер қатарындамын. Кондукторлардың көбісі хабарламаларын орыс тілінде жариялап жатады. Мен: «Шырақтарым неге мемлекеттік тілде айтпайсыңдар» десең, олар: «кейде қазақ тілінде айтсақ, біздерді кейбір орыс тілді қазақтар мен орыс ағайындарымыз ұрсып кетеді. Кейде олар басшыларыңызға арыз жазамыз деп қорқытады. Ал біз жұмыстан айрылғымыз келмейді» дейді. Міне, мәселе қайда жатыр. Менің қолымда бір ауыз қазақша сөйлегені үшін орыс емделушінің арызының негізінде дәрігерге сөгіс жариялаған факты да бар. Әрине, арызданушы да, басшылар да оны-мұныны қосқысы келген, бірақ құранды көзге баптиып көрініп тұр.
Жоғарыдағы оймен байланысты тағы бір мәселе бар. Біздер арамызда жалғыз орыс тілді отырса, барлығымызға түсінікті тілмен сөйлейік деп соның тілімен сөйлейміз. Мінбеге шыққан лауазымды кісі бір ауыз қазақша сөйлеп, енді барлығымызға түсінікті тілмен сөйлейік деп ары қарай орысша сайрап кетеді. Бұл бүгін дәстүрге айналды. Сонда қазақ тілі түсініксіз тілдердің қатарына қашанға дейін қосыла береді? Сонда орыс тілді ағайындар қай уақытта қазақ тілін біледі? Әлде оларға жергілікті халықтың тілін білу үшін Қазақстанда тұрғанына ондаған жылдар жетпей жатыр ма? Олар неге еліміздегі мемлекеттік мәртебелі қазақ тілін мойындамауы керек. Бұл әлемдік стандартқа қайшы емес пе?!
Қорыта келе айтарымыз - Елбасымыздың Жолдауда көтерген мемлекеттік тілге қатысты тапсырмасын орындау үшін бүкілхалықтық қозғалыс ұйымдастырудың қажеттігі дәл қазіргідей қажет болған емес. Қоғамдық өмірдің барлық салаларында мемлекеттік тілге сұранысты арттыру керек. Сонан соң мекемелерде қазақ тілінің тағдыры үшін басшы кадрлардың, әсіресе бірінші басшылардың жауапкершілігін көтеру аса маңызды болып отыр. Бұған заңдық норма да қажет болып отыр. Сонан соң кеше тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің аймақтарында құрылған, кейін билік тарапынан қолдау көре алмай, алды тараған қазақ тілі қоғамдарын жандандыру да жұмысымызға соны серпін берер еді. Бұл ұйымдар егер көпшілік сипат алса, жер-жердегі тіл жөніндегі мемлекеттік мекемелерге үлкен көмек көрсете алар еді. Халыққа арқа сүйеген мекемелердің жұмысы әруақытта нәтижелі болатынын тәжірибе талай дәлелдеген.
Биылғы жыл - Тәуелсіздіктің мерейлі белесі. Бұл Қазақстан елінің
20 жылдығы өткен жолын зерделейтін жыл. Бүгінгі айтқаным да сол өткенді саралау мен келешекті бағдарлауға арналған жүрекжарды пікірім болып отыр.
/Астана ақшамы. №50 (2660), 5 мамыр, 2011 жыл.
Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.