М. Дулатов қалыптастырған ұлттық идеяның өміршеңдігі
Санасы оянған жұрт мектеп-медресе салуға ұмтылыс жасады. Қолдан кеткен егемендікті қайта қолға алудың, қазақты жаға сатыға көтерудің алғы шарттары жүзеге асты. Енді тек істің уақыты туған еді. Жер – барлық материалдық игіліктің негізі, ал тіл – халықтың рухани тірегі. Бұл екі құн-дылықтың да баянды болуы оқу-білім арқылы келеді. Бүгінгі ұлттық идеямыздың негізін құрайтын үш таған: жер, тіл және білім.
Ұлттық идеяның пәрменділігі – оның қалың бұқараға түсінікті, мүддесіне сай болуында. Идеяның халыққа қаншалықты жақын, әрі сенімді болуы нәтижелілігінің жоғары болуын қамтамасыз етеді. Оқу-білімге ұмтылу халқымыздың көкейінен орын алып, қазақ даласында оқуға ұмтылғандар көбейіп, мектеп-медресе салуға ниетті азаматтар шыға бастады. Бұл азаматтарға арнап Міржақып «Мектеп-медреселер мәселесі» атты мақала жазды. Бұл мақалада осы тақырып төңірегіндені сұрақтарға жауап беріп, мақсатын айқындады. «Мұсылман балаларына оқу, жазу үйретіп, ислам хакимдерін білдірмек, жақсы мінезбен тәрбие қылып, дүниеде һәм ахыретте бақытқа жеткізетін жол көрсетпек һәм мемлекетіміздің тыныш һәм рахат жасауы үшін қызмет етпек». Жастардың жаппай білімге ұмтылуы халықтың тұрмыс-тіршілігіне бағдар берді. Әрбір ата-ана баласын қандай жолмен болса да оқытуға тырысты.Жүйелі түрде жүзеге аспағанына қарамастан, кеңестік дәуірдегі ең құнды жетістігіміз білім болды. Жаппай сауаттылыққа қол жеткізген соң арнайы білімді қажет ететін мамандықтарды да меңгеріп, халықтың қоғамдық-әлеуметтік белсенділігі артып, хал-ахуалы, тұрмысы жақсарды. Көп санды ұлттық интеллигенция мен интеллектуалды элита қалыптасып, солар арқылы қазіргі тәуелсіз еліміздің жетістіктеріне ие болдық.
Оқу-білімді қазақ халқы орыс мектебі арқылы меңгерді. Бұл істің теріс нәтижесі де бар еді.«Халықта оқымаған адам қалмаған жақсы, бірақ қазіргі сөзімізше сол оқудың тәртібі жаңа низам бойынша әлгі жас балалар орыс кітаптарыменен орысша оқып кетсе тез уақытта тілін ұмытып, діннен де айырылып қалу қаупі бар».
Кеңес дәуіріндегі қазақ тілі республикада мемлекеттік дәрежеде іс жүзінде шеттетілу арқылы қалалық жерлерде ең бір қарапайым қызмет жүйесінде де, тұрмыста да қолданыстан қалды. Ол тек белсенді әлеуметтік-қоғамдық тіршіліктен шеткері алыстағы ауылдарда ғана сақталды. Бүгінде бұл кемшіліктің салдарымен әлі ле күресіп келеміз.
«Халық деген бір тұтас тау, тас секілді нәрсе емес, бір-біреуден қосылған көп адамды халық дейді. Сондықтан жеке адамның қажеті мен халықтың қажеті – екеуі бір нәрсе». Жекенің қажеті оқу болғанда, халықтың қажеті оқу болмақшы. Жеке орысша оқып орыстанғанда, халық орыстанбақшы. Автор тілімен айтсақ «елдің басы ерлер».
Елдің көркі ер еді.
Біздің қазақтың басшылары тана, моншаққа қызығып, жер жүзінде еш халық дәреже көрмеген болыстықты зор абырой, бақыт көріп адасты. Талас қанына сіңді. Атадан балаға мирас болып қалды.
– Ер адасса ел адасушы еді.
Ерлеріміз адасып еді, еліміз де адасты. Сол адасудан әлі беті оңға бұрылған жоқ. Көздің жасын Құдай иіген кезде де жөнге түскен жоқ. Елдің серкесі ер болған соң қай салада да үлгі боларға тиіс. Орысша оқығандар өз бетімен кетіп, билік құмарлар өз жоғын түгендеп жүргенде елде тозып болмақ.
Оқуды амалсыз қазақ баласы орыстан оқуға мәжбүр. Бұл кезеңде әлемдік өркениет пен білімнің кілті, Абай айтқандай, орысша оқуда еді, бас-қадай жол жоқ-ты. Міржақып бұл жайында: «қазаққа орысша, мұсылманша оқудың екеуі де керек. Біріне артықшылық, біріне кемшілік беру қате», - дейді. Бірі тегіңді сақтау үшін, бірі ілгері жылжуың үшін. Алайда екі оқуды қатар оқығандар өте аз болатын.
Елдің оқу туралы көзқарасын өзгертіп, санасына ой салған соң, енді екінші баспалдақ – оқу-орындары үшін уайым шегіп, қам жасайды.
Жатқа телмірмей, жәутеңкөз болмай өз жұртыңды өзің сауаттандыру, білім саласын өз қолыңа алу халықты жаппай сауаттандырудың, орыстанудың алдын алудың ең тиімді жолы.
Осы кезде қазақ баласы орысшадан мұсылманшаны көп оқиды. Орысша оқушылардың көбі аз оқып, үйде отырып қалады, тәуірірек оқығандары шенеунік болып, қызмет қуып кетеді. Ел ішінде тұрып, білгенін білмегендерге үйретушілер тіпті аз. Өзімізден алыстап, басқаларға жуықтай алмай жүргер әрі-сәрілер көп. Мұсылманша оқығандар болса, аз оқысын, көп оқысын, қазақ арасынан асып барар жері жоқ. Олар шенеунік бола алмайды, басқа жұрттың ішінде білімімен қызмет ете алмайды, ерікті-еріксіз елге шығады. Бұларға қазақ арасында бала оқытып, молдалық қылудан басқа орын жоқ. Бұл да жүйесіздіктің салдары. Әр білімді азаматты орынын тауып іске салмаса күші зая кетеді. Елден алыстап кетпес үшін оқығандарды мектеп-медресе салып, соған оқытушы болуына күш салады.
Басқа жұрттарда, бізге қарағанда, школдар, мектеп, медреселер көп. Олардың байлары болыстыққа таласпайды. Мыңдап, он мыңдап ақшаны оқу жолына жұмсайды. Тіршілігінде қайыр сауқаты бар кісілер өлген соң да қалған дәулетінен өсиет айтып, оқу жолына үлес шығарады. Жұртына пайдасын тигізіп тұрган атақты адамдарын жақсы атпен атау үшін солардың құрметіне стипендиялар ашады. Бұл жұрттардың әр түрлі жәмғият хайриәләрі болып, пақыр, міскін, жетім – жесірлерді тәрбиелеп, оқуға мұқтаждарды сүйеп, жәрдем береді. Қазақ осыдан үлгі алса екен дейді.
Басышылық қылып ұқтырса, тура жолға сілтесе, қазақ тартыншақ емес, елгезек халық қой. Біздің қазақта мұндай орынға жиылуға лайық нәрсе көп. Құрбан терісі, зекет, ғұшыр секілді нәрселер мұндай орынға жиыла бастаса, өзі бір қазына болар еді.
Екінші, өлген адамға қазақ ас береді. Мақсаты сауап үшін болса, осындай жәмғият пайдасына қарасса, астың терісін я асқа шығарған малдың бір бөлімін берсе, әрі сауап, әрі жәрдем болар еді. Осылайша түйіні қатты мәселені ел ыңғайына қарап, оңтайына келтіріп шешті. Арғысы ағайынның арына жүк.
Барлық ісіңді орыс басқарған соң, әрбір біткен істе орыстың мүддесі мүңкіп тұрары хақ. Қазақ өз қолға алып бастаған іс қазаққа қайырлы болмақ.
Мұжық орынсыз ақша төлетсе, қазақ үй басына 40-50 тиыннан бөліп салады да, көппен көрген ұлы той, бұл қанша шығын деп азсынып жүре береді. Мұның түбі үлкен шығын екенін қайдан білсін. Егер қазақ жылына үй басына балаларын оқытуға 40-50 тиын ақша жұмсаса, біраз жылдың ішінде қазақта оқымаған жан қалмас еді. Қазақ тегіс оқыған болса, қазіргідей басқаларға құл болып отырмас еді. 40-50 тиынның аз-көбін осыдан байқауға болады.
Әр қазақтың маңдай терімен табылған әр тиынды зая етпеуді ойлаған ол ұлт қалтасынан шығын болып шыққан ақшаны баян ете келе, тура жолды ұсынады. Әркімнің қолынан тиындап шығып білінбеген ақшаның жинала келе қаншалықты қомақты ақша болатынын жинаушы ғана біледі. Бұл ақша қазақтың өз керегіне жиналып, қажетіне жұмсалса ұлтқа үлкен көмек болар еді.
Бір кездегі өткен түс секілді, көрген күнің көр секілді еді. «Баяғыны» сағынушы едің, « қазіргіге» қамығушы едің. «Әттең Тәңірімен» күнің өтті. Тілің шықса, үнің шықпады. Үнің шықса, күнің шықпады. Дүниені қараңғы тұман бастады.Сен бір еріксіз құл едің. Талансыз туған сорлы едің. Көп зарықтың, көп сарғайдың.
Көзіңнің жасына Құдай иіді.
- Көзіңнің жасын!
- Өйткені жылаудан басқаны білмеуші едің.
- Қабылы Алладан, қамы кімнен? – десе,
- Пендеден, - дер едің.
- Қам қылып пе едің? – десе,
- Жоқ, дер едің,
- Жоқ екенін білемін, қамдануға уақытың болды ма?[1,311].
Бұл Міржақыптың сол кездегі қазақ халқының қалтқысыз толық болмыс, бейнесін көрсететін «Сана қайда!» мақаласы. Автор айтып отырғандай егемендікті, ғажайып күндерді жерден емес, орыс үкіметінен емес санадан іздеу керек. Санада болмаған зат дүниеде ешқашанда болмайды. Мақаланың әрбір жолы автор алдында басыңды еріксіз изетеді. Жоқ деп басыңды шайқауға шамаңды келтірмейтін шындық.«Адамнан әрекет, құдайдан берекет еді, әрекет еттің бе? Қолда бардан айрылғанда қам жасадық ба? Тік сұрақтар арқылы адасып қалғаныңды анық байқатады.
« Қазақ деген халық едің. Еділ – Жайық, Есіл, Нұра, Арқа, Сыр, Ертіс, Орал, Алатау, Алтай мекенің еді». Ата қоныс, жасыл жайлауыңнан айрылып, тастақта қалғаныңды мойындайсың.
« - Осылардай ұжмаққа меңзес жерлерің бар еді.
- Айдын шалқар көлдерің бар еді». Содан да қазақ айрылдың. Табаныңның астындағы туған жерді амалсыз тастай көштің. Не себепті? Берекеңнің жоқтығынан.
« - Ту ұстап, тұлпар мінген ерлерің бар еді.
- Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін билерің бар еді». Әлі де бар
ма сол ерлер? Әрине бар, бірақ сырт көзге ғана. Ту ұстап шапсаң енді жауға емес еліңе шаптың. Жаудың емес өз қазағыңның түбіне жетейін деп жүргеніңді аңдамадың. Билерің де бар. Байырғының биіндей билікті мойнындағы ауыр жүк санаған емес, қалтасының қамын ойлаған, билікті өктемдік көрген пасық билерің бар.
« - Дұшпан күндерлік күйлерің бар еді». Енді дұшпан күлерлік қана күйің бар.
« - Ел бастайтын көсемнің бар еді». Топ бастаған барымташыға, көнбесең күшке салар болысқа айналды.
« - Сөз бастайтын шешенің бар еді». Дау қостайтын қуға айналды. Тоқты-торымнан ойы алысқа ұзай алмады. Орысқа жағынып өзіңді айдатып жіберді.
« - Ақ киізге көтерген хандарың бар еді». Енді күнің орысқа қарады. Айтқаны көнбеске дәрменің жоқ еді. «Біздің қазақты көптен билеп келе жатқан – ояз, крестьянский начальник, пристав секілді төрелер. Жұрт ісі түгел бұлардың қолында: тұр десе тұрады, жат десе жатады. Крестьянский начальник қазақтың қандай приговорларын бұзуға ерікті» болды.
« - Ізгі қария шалдарың бар еді.
- Сауық-сайран жиының бар еді.
- Бақ-береке ұйымың бар еді.
- Кедейің жоқ, бай едің.
- Төрт түлікке сай едің.
- Сол күндерде арманың бар ма еді?
- Жоқ секілді еді. Сонан да қазақ айырылдың!» Сауық-сайранға
шамаң келмей, уайымың қарынның қамынан аспады. Орыс үкіметі сән-салтанатыңнан айырды.
« - Онан қымбат нең бар еді?
- Мойныңа бұғалық түсті, бұлқынбадың.
- Құрық көтеріп еді, қолға тұрдың.
- Арғымақ едің, жабы болдың.
- Жүгенсіз мінді, қақпалап жүрді. Ерқашты қылды, көне бердің.
Баяғы дәурен көзіңнен бір-бір ұшты. Қамықтың, жабықтың». Жабықсаң да бірігуге асықпадың. Біріңді-бірің айдатудан танбадың. Ерлерің азайған сайын айдатуға деген араның ашыла түсті. Орыс үкім айтты, бағындық та істей бердік. Надандарың закон қалай күйлесе солай биледі.
Закон деген нәрсе заманның өзгерілуіне һәм тарих дөңгелегінің айналасына қарай өзгеріліп тұрады. Заман нені тілесе, сол нәрсе закон болмақшы.
Біздің қазақ орысқа қарады, онан соң һүкімет қалай билесе, солай жүрді. Мынау біздің әдеп-ғұрып, тұрмысымызға қайшы келеді деп, түбін ойлап, өзіне керекті һәм пайдалысын сұраған жоқ. Біз тілемегенмен, бізден гөрі көзі ашық жұрттар қарап тұрмайды. Олар заманның ыңғайына, тұрмысының ағынына көлденң келмейтін законмен биленуін сұрайды. Біз жөнді жолмен билеуді сұрамадық. Жөнсіз заңға наразылық танытқандарды тұтқындауды сұрадық.
Ешкімге есе бермеген, өз еншісін ешкіммен бөліспеген, қазақтың бір баласын жау қолына тастамаған баһадүрдің елі неге орысқа жем болды?!
Өз бетімен бірлесіпіс атқара алмаған соң орыстың дегені закон болып, қазақ тек законды орындаушы ғана болды.
« - Көзіңнің жасына Құдай иіді! Қам қылған жоқсың. Қам қылуға
уақытың болған жоқ. Уақытың талас-тартысқа кетті. Өзді-өзіңнің таласыңа кетті». Аты сенде болғанмен заты орста болатын жалған билікке таластық.
«Болыстық қалып еді, жақсыларымыз болыстың тонын комитетке кигізді. Комитетке председатель, ағза болу бұрынғыдай болыс, би болып «ел билеу», момынға тізе көрсету екен деп адасты. Комитет ашу бостандықты күшейту жолында халыққа қызмет ету екенін ойламады. Ойласа да дерт кернеп шыдатпады. Бостандық болғалы төрт айдан асты. Қазақ арасында комитеттен де өзге зор істер бар екенінен хабары жоқ.
- Енді біз қашан жұрт боламыз?
- Адасуды әлі де қоймасақ, істің түбі неге соғар? Алаштың
азаматы, осыны ойлайық!
Қазақтың қазақ заманы бастан кешкеннен кейін біздің атқа мінген жақсыларымыз алаштың ары үшін, асыл істің қамы үшін өзара алалығын тастап, дұшманға қарсы жол қарап, әдіс іздеген болса, бұл күнде көңіліміз жетігірек, көзіміз ашығырақ болар еді.
- Бостандық туды.
Бұл бостандық көктен түсті. Енді өзіміздің ұйымсыздығымыздан тегін бостандық жемісінен пайдалана алмасақ, «аспаннан шұға жауғанда ұлтарақ тимеген құл» біз болмаймыз ба?
- Күні ертең земство ашылғалы тұр.
1917 жылы сентябрьде учредительное собраниенің сайлауы.
Ауылнай комитеттерге таласып, төрт айда жұмыстың төрттен бірін бітіре алмағанда, бір күннің ішінде бітіруге тиіс учредительное собраниенің сайлауы қалай болмақ?
- Бүкіл дүниені қанға бояған соғыстың түрі мынау. Басымыздан
кешіріп тұрған заманымыздың қалпы бұл.
- Мынау әлі бұғанасы бекімеген, буыны қатпаған бостандық.
Мұның бәрін ойлаған адам ішкен асын жерге қояды. Шырт ұйқыдан шошып оянады. Жалғыз-ақ қара суға семірген қайғысыз – біздің қазақ.
– Бұл бостандықты әперген ерлерге ат салдырмасақ, бізді олар кім
дер?
– Бұл бостандықтан айырылсақ, көрген күніміз не болар? Сана
қайда?
Ардақты ақсақалдар, атқа мінген ағалар, ел билеген жақсылар!
– Талас-тартысты енді қойыңдар!
– Мынау болғалы тұрған зор істерге қамданыңдар!
– Ынтымаққа қайтыңдар!
– Құдайдан қорқыңдар!
– Жұртты ойлаңдар!
– Нәсіл-несіптің көз жасына қалып жүрмеңдер!» автордың осылай
таусылып айтқан сөздерінің зәредей жалғаны жоқ. Бәрі де сол кездегі отарлық қамытын мықтап киген шарасыз жатқан халықтың нақты өмірінен алынып жазылған сөздер.
Бізде жұрттың тілегімен алынған бір нәрсе жоқ. Жұртқа зиянды деп шығарылып тасталған нәрсе һәм жоқ. Қазаққа жаңа низам – «Степное положение» шықты. Қазақ шыққан соң ғана білді, оның зиянды, пайдалы жағын айырған жоқ. Қазақ мүфтиліктен шығарылды. Қалай шығып қалғанын сезбей қалды. Қазаққа 1902 жылы крестьянский начальниктер шықты. Оның керегі һәм пайдасы бар ме еді; жоқ, - артық па еді, оны тексеріп қараған жоқ. Қазақта әуелгі екі Думада депутат болып, онан кейін депутаттықтан мақрұм қалдырды. қазақ «берген де өзің, алған да өзің» дегендей, солай болып қалуға тиіс секілді түсініп қала берді. Қазақ жеріне мұжық келе бастап еді, әркім өз жеріне келгенше тырп еткен жоқ. Осы күні Петербургте қазаққа жанасатын істерден «Степное положениені» өзгертуге һәм дін істері қаралмақшы. Оған да елеңдеп, мынау жұрт ісі екен-ау, бұған жұрттық қылу керек екен деген қазақ шамалы көрінеді. Қазақ ойласа керек: біз біржола бағынған халық, қалай билесе, солай билесін, закон шығару біздің жұмысымыз емес деп. Бір патшалыққа бағыну құл болу деген сөз емес қой; өз керегін өзі білдіртпесе, Петербургте отырған шенеуніктер 3-4 мың шақырым жерде ен далада көшіп жүрген қазақтың тұрмысын қайдан біледі? Думадағы жұртқа жаны ашитын депутаттар да қазақтың жайын білмегендіктен, пайда келтіре алмай отыр.
Сондықтан, оқығандарға жақсыларға сөз арнайды: «Талас-тартысты қойыңдар! Алда тұрған зор істерге қамданыңдар! Ынтымаққа қайтыңдар! Жұртты ойлаңдар!» Алда Құрылтай жиналысы мен енгізілгелі тұрған Земствоны ойлауға шақырады. Соларды санамен атқарып, бұғанасы бекімеген бостандықты нығайтуға үгіттейді.
Жұртқа бірдей жақсылық таңы атқан 1905 жылдан бері біздің қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, солардың ісіне еліктеп, ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрініп іс қылып, жұртқа көсемдікпен жөн-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары сенімсіз болып қалды. Бұларды көріп тұрған Семей облысының қазағы олардың не үшін мұндай жазаға кіріптар болғанына түсінді, қазақтың ат-айғырын, орыстың мәстегін ұрлағаны үшін емес екенін білді де, себебін аңғарды. Сөйтіп оларды қысудан Семей қазағының көзі ашылды. Мұндай басшы кісілеріне қысым болмаған иә мұндай басшылық қылушылардың жоқ болған жерлерінде «жұрт ісі, жұрт файдасы» деген сөзді сөйлесек, түсінбейді, қалайша жұртқа пайда келтіруге болады дегендей ойға қалады. Ондайлар «жұрт үшін» деп қана, дінге сүйеніп барып түсінеді. Қазақ даласының бір басы оянғанымен, қалған жағы әлі де ұйқыда болатын. Ұйқыдан оянып, талпынып, талап қылмаған соң бізді кім жарылқамақ.
«Не нәрсе екенін білмесе, керекті екенін сезіп ұмтылмаса, бізге кім әкеліп бермекші».
«Қазақ земствоның не екенін білмесе, көрші халықтарға земство ашылғанымен, һүкімет: «Қазақ надан, қазақ түсінбейді, земство ісін атқара алмайды», - деп қазаққа мойнын бұрмай өте шығатынын көрдік қой.
Қазақтың надандығына себеп көшіп жүргендігі ғана дер едік, егер қазақты ілгері сүйреймін, жұрт қыламын деушілер болып, көшпелілігі себепті ғана дегеніне жете алмай отырғанын көрсек. Бізге мағлұм, бұл күнге шейін шынымен қазақтың білімді, өнерлі болуына күш-қуат, ақыл-айла жұмсаған иә һүкімет, иә жұрттан шыққан адамның кемдігі.
«Басында басқалармен бірге еңбек сіңірмей алған теңдіктен айырылғанға, біздің қазақ қадірін біліп аса күйзелген жоқ». Осылайша асыл аздығынан, жасықтың көптігінен теңдіктің де қадіріне жете алмадық.
Адамзат тарихында болған, қазақ айтатын «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған», тарих айтатын «Алтын ғасырдың» мәдениетін сақтап, әдебиетін жаңғыртушы біздің ата-бабаларымыз еді. Жер беті оразан зор апатқа ұшырағанда «Алтын ғасырдың» күні де таусылған болатын. Сол тұстағы үлкен өркениеттің ізбасары ретінде жер бетінде аман қалып, сол өркениеттің иесіне айналғанда біздің ата-бабамыз. Әлемнің әр тұсында кіндік мәдениеттер пайда бола бастады. Өкініштісі белгілі бір тұлғалардың немесе белгілі бір топтың мақсат-мүддесіне негізделген сол мәдениеттер күш алып кетті.
«Бір кездегі өткен түс секілді, көрген күнің көр секілді еді. «Баяғыны» сағынушы едің, « қазіргіге» қамығушы едің. «Әттең Тәңірімен» күнің өтті. Тілің шықса, үнің шықпады. Үнің шықса, күнің шықпады. Дүниені қараңғы тұман бастады.Сен бір еріксіз құл едің. Талансыз туған сорлы едің. Көп зарықтың, көп сарғайдың». Бір кездегі барша адамзатқа сес көрсетер күші, үлгі көрсетер мәдениеті бар қазақ халқы кіндік мәдениеттен тараған халықтың қолына қарап қалды. Қазақтың бұлай күйреуіне басты себепкер өзі еді. Заманды да кінәлі дей алмаймыз.
«Заман дейтін болсаңыз, ол – ит басына іркіт төгілген совет заманы болатын. Басқа нәсілдер советтік жүйені сарқа пайдаланды. Пайдалана алмаған, дәлірек айтқанда бір-біріне пайдаландырмаған жалғыз қазақ қана шығар. Безбүйректік, бір-біріне мейірімсіз, қайырымсыз болу сияқты ұлтты тұралататын азғын әдет осы бізбен, біздің ұрпақпен кетсе екен деуші едім. Жоқ, кетпепті. Бізден өтіп жастарға жұғыпты. Әрине, өкінішті» - дейді Таласбек Әсемқұлов. Барлық кінәрәт халықтың алауыздығында болатын.
«Қазақта туысқандық, достық баянсыз. «Бүгінгі дос – ертең жау», аңдығаны ағайын, айтқаны өтірік, жапқаны жала, ақ көңіл, адал ниет жоқ деп, данышпан Абайды кемірген дерт көбінесе осы еді». Ертеден қалыптасқан дала заңы жойылып орыс үкіметінің заңы орнаған тұстан бастап қазақ даласында сатқындық, арызқойлық белең ала бастады. Бұл жағымсыз мінездердің өрши түсуіне бір себеп орыс үкіметінің арызқойлар мен сатқындарды жазасыз қалдырып, керісінше олардың істерін қолдап жемісті етуі еді. Орыс үкіметінің аңсағаны да осы болатын. Арызы қабыл болып, үстінен арыз жазылған адамы абақтыға жабылған соң арыз беруші сөзі өтімді, өзі беделді, ел сыйлайтын азамат болып шыға келді.
«Бұл неден? Әлде үйренген үлгісі. Қазақ бірінің үстінен бірі домалақ қағаз берсе, қулық-сұмдықпен бірін-бірі ақсатса, өнерлі жігіт атанады, ондай іс қазақ назарында ұят емес мақтан». Бұл ғадет сол буынмен бірге кетпей, сыналап кіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жұғып бүгінге жетті.
Бұл кезде қазаққа өзінен басқа да ермек табылып, «ауыл иті ала болса да, бөрі көрсе бірігер» дегендей заманға ұшырап тұрғанда, бұрынғы алалықты азайтып, жұртшылықты ойлау керек еді. ХХ ғасырдың таңы атып, өзге жұрттар өрге ұмтылғанда, біз өзді-өзімізді аңдуды бұрынғыдан да арттырып жібердік. Өзге жұрт өнер-білім, кәсіптің жаңа түрін тапқанда, біз даудың, пәле-жаланың жаңа түрін таптық. Қазақтың істері өз билерінің алдында қаралған шақта ат-шапан айыбын беруден әріге аспас еді, енді орыстың сотына арыз беруді үйренген қазақтың ел билейтіндері ат-шапанмен қанағаттанбайтын болды. Қадалған адамын қаматпай, айдауға жібермей тынбайтын болды. Осылай ел басына алмағайып заман туып, тағдырымыз тарылған тұста жаманымызды жасырып, бір жұдырықтай бірігіп елдік көрсетер шақта ездігімізге орыс үкіметі күле қарап куә болды. Дау ел түбіне жете қоймаса да ерлердің түбіне жетіп жатты. Ел үшін туған азаматтар осындай пасықтардың жаласымен ел үшін құрбан болды.
Қазақтағы партия деген дертті бұл күнде кім білмейді! Әркім көңіліндегі мақсатына жетуге өзінің алдына шығатындарды мұқатпақ үшін атаның ақ малын шашып, ар-иманын аяққа басып, ағайынмен қас болып, осалдыққа бас болып, елдің берекесін кетіреді. Қазақ араз болған кісісін бүгін жеңіп айдатқанына мәз болып, сол хал ертең өз басына келейін деп тұрғанын сезбейді. Ондай низам сол кісінің дұшпаны үшін ғана шыққан секілді түсінеді. Дұрыстық аяқ асты болып, адамның істеген істерінің негізі өтірікке құрылған соң, халық та күннен-күнге кейін кетпесе, ілгері баспақшы емес. Біздің қазақтың оңбай тұрғаны да ар-ұят босағада қалып, өсек, өтірік төрден орын алып, халыққа бапсыз нәрселерді бірін-бірі мұқатуға қару қылып жұмсаудан... Өзімен-өзі жауласқан жұрт қанша көп, қанша мықты болса да, азып-тозып, әркімнің қолының ұшында олжа боп кететін сиқын көз көріп тұр. Кінәсіз адамның сотталғанын білсе де, орыс үкіметі білмеген сыңай танытты. Болып жатқан оқиға олар үшін ойларының жемісі еді. Әрбір қазақты жалғыз бауырыңдай көріп бірікпесе тозып кететіні айқын. Орыс үкіметіне ең қарсы қару ол – қазақтың береке-бірлікте болуы, бір адамдай ойы бір жерден табылып, бір адамдай қызмет атқаруы еді. Біз олардың қолына осы берекеміздің жоғынан қарап қалған болатынбыз. Қазақтың саналық тұрғыда бірігуі орыс үкіметінің сананы шырмаған шынжырының күл талқан болуымен тең.
Қазақ өзі көріп отыр емес пе, һүкіметтің бұл туралы қанша пайдалы іс көрсетіп тұрғаннын. Соңғы жылдары қазақ жеріне мұжықтар келіп орныға бастап еді, оларға ауруханалар ашып беріп, доқтырлар, фельдшерлер жіберіп жатыр. Өгей қазақ үшін бұл күнге шейін арнап салған бір аурухана бар ма? Халықтың шаруасын һүкімет басқарғандағы күніміз осы. Билесе, өзінен жиылған ақшаны өзіне жұмсаса, сонда ғана жұрт ілгері баспақшы. Ал жұрт өз шаруасын өзі билеуге земствосыз болмайды.
Міржақыптың еліне емеурінмен сездірген бұл ойын даудың қызығына түсіп алған қазақ керек те қылмады.
«Қазақ» газетінің материалдары тарихшы ғалымдар үшін мынадай екі түрлі тұрғыдан құнды. Біріншіден, газет материалдары ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамындағы болып өткен түрлі қоғамдық үрдістерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер көзі болып табылады. Екіншіден, ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың қалыптасып, даму арнасында өмірге келген бұл басылым, ең алдымен, бостандық үшін күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті. Демек, отарлық езгі мен феодалдық мешеулікке қарсы ұлт зиялылары жүргізген азапты күрестің негізгі идеялық бағыттары мен кезеңдерін «Қазақ» материалдарынсыз мейлінше тура түсіну, әрине, мүмкін емес», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор - Қойгелдиев Мәмбет Қожабайұлы. Ал «Қазақ» газетін Міржақыпсыз елестету мүмкін емес. Қазақ пен Алаш мағыналық жағынан бір ұғым болғанда, «Қазақ» пен Міржақып осы дәрежеде үндеседі. «Қазақ» газеті сол кезеңнің адасқанда жол сілтейтін темірқазығы еді.
«Қазақ» газетінің басына үй сүгіретін орнатуда мынадай мағыналар бар еді: Киіз үй – киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық беретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішінде Еуропа ғылым-өнері тарасын деген мағына еді. Үйдің есігі қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі сырт жұрт жағынан күзетші болсын делінген еді». Бұл міндетті газет толық атқарды. Еліне шамасы келгенше жақсы дүние кіргізіп, нашарын тосқауылдап қалуға тырысты. Орыс үкіметінің газетті жабуға тырысуы елге кірер тұста мұндай мықты есік тұрғанда ішке бойлай ену мүмкін еместігінде еді. Еуропа жақтан түндік ашқаны мемлекеттік жүйесі қалыптасқан, білім саласы дамыған осынау елден қазақ үйренсе тез-ақ түзелер деді. «Саясат жөнінде жұрттың бәріне ұстаз – Еуропа халқы. Біз өрнекті Еуропа халқынан алуға тиістіміз. Бірақ аз уақыттың ішінде қанша сүйрегенмен, жалпы жұрт Еуропа болып кете алмайды. Жүре-жүре түзу жолға түспек». Қазақ естіп-білмеген депутаттыққа сайлау басталды. Бұл баяғы болыстыққа талас емес. Енді ру атынан сөйлейтін емес, ел атынан, күллі қазақ атынан сөйлейтін азамат керек. Білгір саясат керек. Саясат болыстың барымтасы емес, бүгін кегі кетсе ертең қайтарып алатын. Бүгін бекітілген заң заман өзгергенше өзгермек емес. Сондықтан да депутаттыққа білігі мен ақылы жарасқан адам қажет болды.
«Ақ жүрек таза болса. Жұртты иә сатып, иә алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде жанын қиярлық ер жүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді, шешен, көсем, оқыған болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса. Міне, депутат болуға осындай адамдар лайық». Бұл заман қалай түрленсе де, қанша уақыт өтсе де өзгермейтін қағида. Бүгінгі депутаттармызға да тура осы талаптар қойылуы тиіс. «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт».
Міржақыптың өзі қойған талаптарға өзінің толық сай екеніне ешкім күмән келтірмес. «Адам бір сәтте жеке тұлға болып та, әлеуметтік тұлға болып та өмір сүреді. Әлеуметтенудің /социализация/ формалары көп. Адам – міндетті түрде әлдебір әулеттің, тайпаның, партияның мүшесі, белгілі бір діннің, конфессияның өкілі. Жеке басқа тән қорғану рефлекстері мен топтық қорғану рефлекстерінің арасы жер мен көктей. Олар кейде бір-бірімен жарасады, кейде бітіспес жаулыққа барады. Кейде жеке басын сақтау үшін адам өз тобының мүддесіне нұқсан келтіреді немесе керісінше топтың /әулеттің, шіркеудің, партияның, мемлекеттің, ұлттың/ мүддесі жеке адамнан құрбандыққа баруын талап етеді». Талап етер сәт туса Міржақып даяр еді. Тіпті оның жеке өмірін елестету қиын. Барлық уақыты күреспен өткен ол өзін ешқашанда жеке ойламаған. Елі барда өзі бар. Елі үшін қандай да қиыншылыққа бел байлаған азамат.
Абақты қабырғасынан жолдаған «Ұрпаққа хатында» автор өткен өміріне шолу жасайды. «Өткенім мен бүгінім осы ғана. Өзім өскен ортадан шыққан, өзім алған білімді сіңірген бір адам үшін бұл аз шаруа деп санамаймын. Көп те емес болар. Әйтсе де, бар міндетімді осымен біттіге санап қол қусырар жайым жоқ. Ғұмыр болса, дәм жазса – ұлтымның келешегі үшін күш-жігерімді аямай еңбектене беруге борыштымын. Адассам – халқыммен бірге адастым, сәулесі жарық жолға ұмтылсам – ұлтыммен қосыла ұмтылып бағамын». Ұлтына өзін бөліп қарамайтын ол әлеуметтік тұлға ретінде бізге үлгі. Тіпті Алаш зиялыларының түрмеде берген жауаптарының, Әлиханның атылар алдындағы соңғы сөзінің өзі қазақ рухы жолында қызмет атқарып келеді. Жүрегі ұлт деп міндеті санаған Міржақып халықтың көзін ашуды өзінің борышы санайды. «Біз хайуанды мінеміз, жұмысқа саламыз, етін жейміз, сүйегін кеміреміз.
– Неге?
– Хайуанда тіл жоқ, білім жоқ, ақыл жоқ, өнер жоқ. Сондықтан ол
қарсыласа алмайды.
Біз байларға, жиһангерлерге, білімді жуандарға құл болдық.
– Неге?
– Хайуан секілді тілсіз, көзсіз надан болдық. Айтқанына көніп,
айдағанына жүріп, жарлығына бойсұндық. Хайуан секілді құл болдық». Бұның бәрі де халықтың қараңғылығынан, білімсіздігінен. Автор оқысаң ған теңдікке жетесің дейді.
« - Оқыса, көзі ашылып, адамшылыққа, теңдікке ұмтылып, құлдықтан құтылатын еді. Бір байдың рахаты үшін мыңдаған адам хайуан есебінде азап шегуден азат болатын еді».
Қазақ оқыса өзіне билікті өзі айтар еді. Қазақ салтын білмейтін орыстың қолында қор болмас еді. «Сот түзелмей, халық түзелмейді. Сот халықтың жайын, рәсімін, тілін білмесе, сот емес, ол – сор». Орыстың соты сор болғаны анық. Бірақ та қазақтың өзі де сот билігін қолына алғанда арыздан көз ашпап еді. Орыстың соты сол олқылықты түзеуге емес, халықтың алыс азаматтарын сүзуге келген сор болатын.
«Ешкімге бағынбаған, тірі жанға жалынбаған, еркі өзінде ерке жауынгер, ержүрек, жігерлі, өзі көсем, серке еді. Ақ көңіл, ақ жарқын, уағдашыл, айтқан сертке берік еді.
Бұл кім десеңіз?
Қазақ еді.
Сарыарқаны жайлаған, есепсіз мал айдаған, соны қоныс, тұнық су: шалғынға бие байлаған, көл жағалай ел қонып, ат шаптырып, той қылып, мереке қызық күн сайын, жарыс салып, жас ұлан, қыз-бозбала ойнаған, уайым жоқ, қайғы жоқ.
Бұл кім еді десеңіз?
Бұл қазақ еді.
Құл болды, қор болды. Жайылып, жатқа бас ұрды. Басынан ерік, малынан билік кетті. Жер мен судан айырылды. Жігері қатты жасыды. Қоян жүрек қорқақ болды. Партия деген пәлеге жолықты.
Бұл кім?
Бұл да – қазақ. Неліктен мұндай күйге түсті. Ерлігінің жоқтығынан емес, бірлігінің жоқтығынан, тексіздігінен емес, ессіздігінен, білімсіздігінен.
Езілген жұртты Еуропалық үлгі де қайта гүлдендіру үшін күрес алаңына Абай және Абай жолын берік ұстанған Алаштықтар шықты. Ұстанған бағыттары – жәдидтік жолы болатын.
Біз жазып отырған сана күресі ертеде басталған. Алаштықтар сол күрестің жарқын көрінісі. Жаңаша ойлауғ ұлтты жаға сатыға шығару жолында болған бұл күрес тарихта «жәдиттік бағыт» деп аталады. «Жәдидизм «усул-ү жәдид» (жәдит тәсілі) алғашқы түрік зиялылық қозғалысы болып табылатын жәдитшілік қозғалысы он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысының басында тіл, оқу-ағарту және дінмен байланысты салалардағы жаңару қозғалысы ретінде басталған. Бұл қозғалыстың көшбасшылары Абдүлнасыр Курсави (1770-1814), МуҺабеддин Маржани (1815-1889), Абдулкаюм Насыр (1824-1907), және Һусейн Феизһани (1826-1866) болды. Жәдитшілік – Ресейдегі түрік халықтарында болған экономикалық өзгерістердің нәтижесінде және осы өзгерістердің ықпалымен жанданған ояну, жаңалық қозғалысы. Кейінірек «Усул-ү жәдид» қозғалысы бүкіл түрік әлеміне тарау жолын іздеді. Қазақ даласыда Абайдай арыстың өлеңдерінде көрініс тауып, «Оян қазақ» болып жанданды.
Бұл қозғалыс ең алдымен ағарту саласында жаңалықтар енгізуді мақсат еткен. Татар мектептерінде жаңа оқу әдісінің қолданылуының талқылануы кезінде ескі әдісті қолдайтын «қадимшілер» жаңа әдісті қолдайтын «жәдитшілдер» арасында бір тартыс басталған болатын», - деп Яшар Шахиноғлы «Жәдитшілік және Исмаил Гаспаралы» деген мақаласында өз ойын ары қарай өрбітеді. Бұл пікірмен бізде толық келісеміз. Жәдитшілдер мен қадимшілдер арасында тартыс ұзаққа созылған. Бір-бірін үнемі сынап отырған. Бұл талас-тартыста дерлік жәдит бағытын ұстанған ғалымдар жеңіске жетіп отырған. Өйткені жәдитшілдер дін ілімдерімен қатар заманауи пәндерді де медреселерде оқытуды қолдаған. Қадим мектептері 1905 жылдан кейін күрт кеміп кетті. Оның себебі жәдит мектептері маңызы жағынан одан жоғары тұрды. Сабақ төте оқу бойынша жүріп, әдебиет, тіл, есеп, тарих, табиғаттану пәндері қамтылды. Мамандар Уфадағы Ғалия, Хусайния, Орынбордағы Мухамедия мен Қазан медреселерінен келді. Жәдит мектебін бітіргендердің болашағы да болды. Өйткені одан кейін Уфа, Қазан медреселерінде оқып, тілмаш, хатшы қызметтерін атқаруға мүмкіндік туды.
Л.Жұмалиеваның жоғарыдағы пікірін әріптесі ғалым Д.Қыдырәліде қолдайды. Ол өз ғылыми зерттеуінде былай жазады: Жәдитшілердің пікірінше, мұсылмандардың артта қалуларының негізгі себебі мұсылмандардың дінді, соның ішінде діннің қайнар көзі Құран Кәрім мен хадисті дұрыс түсінбеуінің және ағарту ісінің заман талабына сай жолға қойылмай отыруынан туындаған еді. Ал, ескілікті жақтаушы қадымшыл молдалар болса, жәдитшілдердің бұл пікірімен келіспейтін еді. Міне, сондықтан, жаңашылдар мен қадымшылдар арасындағы алғашқы келіспеушіліктер де дін негіздері мен мектеп медреселер төңірегінде бас көтерген болатын. Ескішіл бағытпен жүріп сан ғасыр артта қалған қазақ елі тіршілік бәсекесінде орын алуы үшін Еуропалық үлгіде дамуы тиіс. Міржақып Дулатов осы пікірді ұстанған болатын.
Д.Қыдырәлінің пікірімен үндес келетін пікірлер көп, солардың бірі зерттеуші ғалым Қ.Жамалов. Қ.Жамалов 2003 жыл «Ұлт тағлымы журналында» берген ғылыми зерттеуінде мынадай қызықты дерек келтіреді «Қазақ даласында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында кең тарай бастаған тағы бір әлеуметтік қозғалыс татар халқының алдыңғы қатарлы зиялы қауымының арасында пайда болған жәдидшілдік «жаңашылдықтың синонимі... оның жақтастарының кертертпалыққа қарсы күресі» болды. Жәдид – қоғамдық өмір жаңаруы, ол араб сөзінен аударғанда «жаңа» дегенді білдіреді.