Жаңалықтар

Мәжілісте майнерлерге салық төлеуге міндеттелетін заң жобасы мақұлданды

Жоба Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде әзірленді
Мәжілісте майнерлерге салық төлеуге міндеттелетін заң жобасы мақұлданды
Фото: parlam.kz 12.10.2022 11:49 1764

 Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң жобасы және оған ілеспе бес заңнамалық актіге енгізілген түзетулер мақұлданды, деп хабарлайды El.kz.

Майнерлердің қызметін реттейтін заң жобасы Мемлекет басшысының цифрлық майнинг өндірісін құқықтық реттеу мәселелері бойынша тапсырмаларын орындау мақсатында Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляеваның айтуынша, «Цифрлық активтер туралы» заң жобасын әзірлеу екі себепке байланысты болды. Біріншіден, ел аумағында цифрлық майнингті реттеу қажеттілігі, екіншіден, Мемлекет басшысының Digital Bridge форумында Қазақстан аумағында криптовалюталық экожүйені дамыту туралы берген тапсырмасы негіз болып отыр.

– Майнерлер Қазақстан экономикасының толыққанды қатысушыларына айналады. Негізінен бұған дейін майнинг жұмыстарын резидент емес адамдар бұлтты сервистерде жүзеге асырған. Қазақстан блокчейн индустриясының шикізат қосымшасы ретінде пайдаланылды. Заң жобалары арқылы біз майнерлерді Қазақстанда лицензиялауға, яғни, заңды тұлғаларды құруға және толыққанды салық салу субъектілеріне айналуға міндеттейміз», – деді Е.Смышляева.

Жоба Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде әзірленді. Бұл жұмысқа мемлекеттік органдар мен сарапшылар тартылды. Жаңа заң жобасы Салық кодексі мен Әкімшілік кодексті, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарды, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңды қамтиды.

Заң жобасында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын, соның ішінде оларды шығару мен айырбастауды реттеудің ерекше тәртібін енгізу, сондай-ақ криптовалюта айырбастау кезеңінде майнинг компанияларының халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-әрекет тәртібін айқындау ұсынылды. Бұдан басқа, қамтамасыз етілген цифрлық активтердің түрлері бекітіледі және бұрын Қазақстан заңнамасында бекітілмеген қамтамасыз етілген цифрлық активтер айналымының тәртібі айқындалады.

Ал басты жаңалықтардың бірі – осы уақытқа дейін салық төлемеген майнерлерге салық салу болады. Криптоиндустрияға салық салу жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады: жабдықты әкелу кезіндегі қосылған құн салығы, лицензия үшін төлем, киловаттқа цифрлық манинг ақысы, алынған сыйақыдан корпоративтік табыс салығы, пулдан түскен корпоративтік табыс салығы, криптабиржаларда айырбастау ақысы.

Бүгін жалпы отырыста заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, Мәжілісте жұмыс жалғасуда.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға