М.Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасындағы Баянның шыққан тегі
Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы Ноян – Сары батырдың бәйбiшесi Мақпалдан туған кенжесi Қыстаубай болатын. Шындығында тұтқын қыз Құралайды алып қалмаққа қашқан Қыстаубайды (поэмадағы Ноянды) батыр Баян Жолдыөзек деген (қазiргi Аққайың ауданында) жерде қуып жетедi. Бiрақ Баян Қыстаубайды да, Құралайды да өлтiрмейдi. Жағалбайлы елiнде Қыстаубайдың нағашы жұрты болатын, соған жол сiлтеп, батасын берiп қоя бередi. Екi жастың киiмдерiн атып алған аңның қанына былғап, ағасы Сары батырға өлтiрдiм деп баяндайды. Кiшi жүзге сiңiсiп, қол бастаған батыры болып кеткен Қыстаубай – Ноян әкесi Сарыменен осындай жағдайда кездесiп қалған екен. Сары батырдың өлiм аузында тұрса да, баласының жас кезiндегi ағат iсiне кешiрiм жасай алмағаны бiрбеткей қайсарлығы ма екен? Әлде баласының қалмақ елiне қашты деген ойынан арыла алмағаны ма? Қалмақтармен болған осы соғыста ауыр жараланған Сары батыр елiне жеткенмен, жарадан сауыға алмай, 1771 жылы қайтыс болады.
Қыстаубайдың ұрпақтары нағашы жұртымен қоштасып, 1888 жылы Ақжайықтың Қызылжар деген жерiнен жетi шаңырақ болып елiне оралады.
Қазiр олар Шал ақын, Тимирязев аудандарында (Солтүстiк Қазақстан облысы) тұрып жатыр. Сары батырдың үлкен баласы Сексенбайдың ұрпақтары да осы облыстың Шал ақын ауданында. Ал батырдың қалған бес баласының ұрпақтары бiзге беймәлiм.
Баян батыр 1714 жылы қазiргi Мағжан Жұмабаев ауданы Аралағаш деген ауылда туған, әкесi Қасаболат момын адам болған. Темiрден түйiн түйген ұста, бiрақ зергерлiк өнерi басым екен. Баянның шешесi Ажар – Байбақты Шопан батырдың қызы, Сырымның әкесi – Даттың қарындасы. Шоң ТорайғырЕдiге бидiң балаларының анасы – Ақкенже Даттың екiншi қарындасы (бiреулер қызы деп жүр).
Баян Уақтың Шоға руынан тарайды. Шоға баласы Бәйiмбеттен екi ұлы болған. Қырғызәлi, одан – Баян, Қозымерiктен Сары батыр тарайды. Баян батыр он төртiнен жорыққа қатысқан, он жетi жасында аты шыға бастаған. Абылай ханмен жасы тетелес болғандықтан ба, ханның жорықтарына түгел қатынасқан. Абылай батырларының iшiнен көзсiз ерлiгiне сүйсiнiп, жақсы көретiнi Баян екен. Шоқан өзiнiң жоғарыда аталған еңбегiнде: «Когда спросили у Абылай хана, кого он из своих батыров более уважает из всех 3 орд, он ответил…
«Из моих батыров Басентине МалайСары, по богатству и по характеру и Уаковец Баян по уму и храбрости стоит выше всех» (Ч. Валиханов. Избр. произв. – Алма-Ата, 1958 г. – С. 126) деген Шоқанның сөзiн растағандай Мәшһүр Жүсiп Абылай хан туралы әңгiмелерiнде мынадай жолдарды келтiредi:
Ғақыл тұрмас қашқанда,
Дегбiр тұрмас сасқанда.
Баяндай ердi көрмессiң,
Бұрылып жауды шанышқанда.
Үйде батыр көп едi,
Жау жолында Баяндай
Көзге түсерi жоқ едi.
(Абылай хан. Тарихи жырлар. 1-том, 1993 ж.).
Баян батырдың ерлiгi, батырлығы, қол бастаған беделдi сардар екендiгi туралы қазақжоңғар шайқастарына бiрге қатысқан ақынжыраулардың толғауларында ғана емес, тарихи шығармаларда да айтылады.
Iлияс Есенберлиннiң «Жанталас», Қ. Жұмадiловтың «Дарабоз» шығармалары соған дәлел. Баян батыр туралы айтқанда қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевқа соқпай өте алмайсың, өзiнiң атышулы «Баян батыр» поэмасында:
Қанайым, ойың удай, тiлiң шаян,
Амал не, келген жоқ қой Батыр Баян.
Көп жаудың албастысы, ел еркесi –
Баянның батырлығы Алашқа аян.
Баянның аруақты құр атынан
Көп қалмақ болмаушы ма едi қорқақ қоян.
Жас Баян жауды талай көрмеп пе едi,
Сорғалап сұңқардайын төнбеп пе едi.
Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап,
Сан қолға аш бөрiдей кiрмеп пе едi? – деп жырлаған. Көркем шығарма болғанымен, осында көп шындық бар. Шоқан келтiрген Абылайдың бағасымен Мағжанның толғауы үндесiп жатқанын көру қиын емес. Жауапты жорықтарға аттанарда Абылайдың Баян батырды iздейтiнi шындық сияқты. Абылай хан жинағында: «Абылай хан атақты, ардақты, бақытты хан болған күнде Уақ Сары, Баянсыз, Балта Керей Тұрсынбайсыз, Шанышқылы Бердiқожа, Көкжал Барақ, Сырым, Малайсарысыз жорыққа аттанбайды екен», – деген тұжырым ойымызды бекiте түседi («Абылай хан». Тарихи жырлар. 1-том, 1993 ж.).
«Батыр бiр оқтық» дегендей, талай шайқаста «жауларын қойдай қырған» батыр Баян 1759 жылы ауыр жараланады. Сол кезде шартарапқа аты шыққан Еруәлi деген емшi болған екен, батырдың сарбаздары найзаға салып майдан шебiнен Қарқаралы өңiрiне қарай жолға шығады. Бiрақ еңбектерi еш болып, емшiге жете алмай, Баян батыр көз жұмады. Батырдың жерленген жерi Шекшек (Қаракесек) бейiтiнде, Қарқаралыда бұрынғы «Нүркен Әбдiров» кеңшары деген пiкiрге көпшiлiк ден қойған сияқты. Оны айтып отырған себебiмiз, Баян батыр қазасы туралы басқа да пiкiрлер бар. Шоқан өзiнiң жоғарыда аталған еңбегiнде: «Баян батыр 1000 сарбазымен қалмақтарды қытай шекарасына дейiн қуып тастайды. Ендi елге оралып келе жатып жоңғарлардың өлiмтiк тастап уландырып кеткен құдығынан су iшiп, қара тышқақтан бiраз жауынгерлерiмен бiрге Баян батыр да өлген», – дейдi. Тағы бiр жерiнде: «Қалмақтардың бiр шабуылы кезiнде өзiнiң ағасы батыр Сарымен бiрге өлдi», – дейдi. Бұл да қате пiкiр, өйткенi Сары батыр көп кейiн (1771) өлген. Мiне, бұл қазақтың қос батыры туралы сақталған әңгiмелерден үзiндi ғана.