Жаңалықтар

Мәскеуде алғаш рет домбыра-пати өтті

Ұлттық құндылықтар
27.04.2016 04:18 3376

Таяуда Мәскеудегі қазақстандықтар Абай ескерткішінің жанында домбыра-пати өткізді. «Мұрагер» ақпараттық-мәдени орталығы ұйымдастырған шараға жүзден астам адам қатысқан.

Суреттер «Мұрагер» орталығының ғаламтордағы тобынан алынды

Естеріңізге сала кетейік, домбыра-пати – Астанадан бастау алған бейресми шара. Ол қазақ тiлiндегi «Керекинфо» сайтының белсендi қолданушыларының бастамасымен дүниеге келдi.

 «Уикипедияның» ашық энциклопедиясында бұл шара туралы «қазақтың ұлттық аспаптарын, соның ішінде жалпыхалықтық саз құралы ретінде домбыраны, ұлттық музыканы, ұмытыла бастаған игі дәстүрлерді қайтадан сәнге айналдыру және жалпы қазақшылықты насихаттау мақсатында туындаған флеш-моб форматындағы қозғалыс. Домбыра патилер, әдетте, аптаның белгіленген бір күнінде бұқара көп шоғырланатын қаланың қоғамдық орындарында open-air, яғни ашық аспан астында ұйымдастырылады. Шарада домбырада күйлер тартылады немесе аспап сүйемелдеуімен әндер шырқалады. Қозғалыстың ерекшеліктерінің бірі – аспаптарда тек өнер шеберлері немесе арнайы оқу бітірген мамандар ғана емес, сонымен қатар кез келген адам ойнай алардай дәрежеге жеткізуге үлес қосу. Қозғалыстың саяси астары жоқ.

Мәскеуде алғаш рет домбыра-пати өтті

Шараға тек домбырашылар ғана емес, сонымен қатар өзге ұлттық аспаптарда ойнай алатын өнерпаздар және тыңдармен-көрермендер қатыса алады. Шара жайлы, қатысушыларды шақыру әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады. Шараларда түсірілген бейнематериалдар жиі ғаламторда бөлісіледі» делінген.

Алғашында домбыра-пати Қазақстанның Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Түркiстан, Өскемен, Петропавл, Көкшетау секiлдi 13 қаласында өткiзiлген-дi. Кейін бұл қатар Талдықорған, Қызылқоға, Сағыз, Орал, Ақсай, Бөкей Орда және Екiбастұзбен толықты. Сондай-ақ, бұл флеш-мобты Ұлыбританияда, Португалияда, Түркияның Анкара және Стамбұл қалаларында, Моңғолияда тұратын қазақ жастары бiрнеше рет ұйымдастырды. Ең қызығы, Португалиядағы домбыра-патиді жағажайда өткізген бiр топ қазақ қызы шекарашылар тексеруiнде көзге күдiктi көрiнген домбыраны екi бөлуге мәжбүр болған. Өнерлі арулар қасиеттi аспапты қайта жалғап, ән айтып, португалдықтарды қазақ әндерімен таныстырыпты.

Осыдан үш жыл бұрын домбыра-пати Қазнеттегi «Халықтың сүйiктiсi – 2013» ұлттық сыйлығының «Таңғажайып пати» аталымы бойынша марапатталды.


Әзірлеген Роза ӘРЕН

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға