Мәскеуде қазақ суретшілерінің көрмесі ашылды
Мәскеудегі Иванов Ұлттар үйінде қазақстандық қылқалам шеберлерінің бірқатар еңбектері қойылған көрмесі өтіп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Нақтырақ айтқанда, экспозицияда қазақстандық қылқалам өнерінің негізін қалаушы Қанафия Телжановтың, қалың көпшілік мойындаған пейзаж шебері Жанатай Шәрденовтың, белгілі суретші-аномалист Нұрлан Бәжіровтың, далалық бай мәдениеттің иллюстрацияларының авторы Нэлли Бубэнің, Досбол Қасымовтың (тақырыбы философия, адам мен табиғаттың үйлесімдігі) және лирикалық пейзаж көріністерінің авторы Қойшыбек Мамақовтың шығармашылығы ұсынылған.
Сонымен қатар, Иванов Ұлттар үйінің ұжымы көрме аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өтті. Кеңес Одағының екі дүркін батыры, ұшқыш, генерал-майор Талғат Бигелдинов туралы «Әуеге көтерілу» атты деректі фильмінің көрсетілімі болды.
Жоғарыда аттары аталған қазақстандық суретшілердің арасында қазақ бейнелеу өнері мен ондағы ұлттық мектептің негізін қалаушы ірі тұлға ретінде Қанафия Телжановқа аз-кем тоқталып, шығармашылығы туралы айта кеткенді жөн санадық.
Қанафия Телжанов – КСРО халық суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, КСРО Көркем академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының Құрметті академигі, ЖАҚ-профессоры, Қазақстан халық суретшісі, «Отан» және «Парасат» ордендерінің иегері, белгілі қылқалам шебері Қанафия ТемірБолатұлы Тельжанов бүкіл саналы өмірін ұлтымыздың ұлылығын ұлықтауға арнаған ұлы тұлға.
Қанафия аға қазақ жеріндегі кескіндеме өнерінің дамуындағы шынайы өмірдің көркем бейнесін игерудің жаңа кезеңін ашқан қылқалам шебері. Қазақ кескіндеме өнерін алға жылжытып, жүздеген көркем туындыларды дүниеге әкелген, ол бүкіл шығармашылығын қазақ халқының тыныс-тіршілігіне арнап, ондағы халқымыздың рухани дүниетанымының өзіндік ұлттық сипатын жазбай танып, жаңылмай көрсете білді.
Қылқалам шеберінің поэтикаға толы, бояу сезімі кең, ұлттық мазмұнға қаныққан «Шопандар», «Домбыра үні», «Күншуақты өлкеде», «Жайлауда», «Жамал», «Өнері өркендеген мекенде», «Қарлығаш», «Қыз қуу», «Бозарал адамдары», «Тыныштық» және т.б. көптеген көркем туындылары өзінің өнегелі өміршеңдігімен танылған шығармалар.
Бүкіл қазақ жұртында Қанафия ағаның шығармашылығындағы ең шоқтығы биік «Көкпар» мен «Атамекен» сынды ұлы көркем туындыларын білмейтіндер кемде-кем. Қылышынан қаны тамып тұрған Кеңес заманының билігі жүріп тұрған 1950-60-шы жылдары бейнеленген осы екі шығармасында халқымыздың бүкіл намыс-жігерін, күш-қуатын, ой-парасатын сомдаған.
Қанафия Тельжанов тек қана кәсіби қылқалам шебері емес, көптеген жылдар Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы, Қазақтың Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайының директоры қызметтерін атқарды. Отанының адал ұлы ретінде тәуелсіз еліміздің гүлденуіне ерекше үлес қосқанын атап айтуымыз қажет.
Әзірлеген Айша КЕРЕЙ