Жаңалықтар

Мұрат Қалматаев

ҚАЛМАТАЕВ Мұрат Дүйсенбіұлы (8.9.1936 ж.т., Шығыс Қазақстан обл. Жарма ауд. Мариновка а.) – әскери және саяси қайраткер, генерал-майор (1986), журналист.
31.08.2014 06:25 5261

ҚАЛМАТАЕВ Мұрат Дүйсенбіұлы (8.9.1936 ж.т., Шығыс Қазақстан обл. Жарма ауд. Мариновка а.) – әскери және саяси қайраткер, генерал-майор (1986), журналист. Әкесі Дүйсенбі Омбыдағы кадет корпусында оқып, әскери фельдшер мамандығын алған соң Жарма, Көкпекті аудандарында жаппай емдеу ісін ұйымдастырып, жергілікті тұрғындарды жұқпалы шешек, оба ауруларынан сақтап қалуға көп еңбек сіңірген, шөптен дәрі жасап, дәріхана ашқан, суы мен батпағының емдік қасиеті күшті көлді тауып, санаторийлік емдеуді ұйымдастырған. Сол “Дүйсенбі көлі” қазіргі уақытта да халық емдеу ісіне пайдаланылып келеді. Қ. 1959 ж. ҚазМУ (қазіргі Қазақ ұлттық ун-т), 1967 ж. Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. 1959 – 65 ж. Семей обл. Көкпекті ауд. комсомол к-тінің 1-хатшысы, осындағы ауд. “Жұлдыз” газетінің редакторы болды. 1967 – 75 ж. Семей обл. партия к-тінде нұсқаушы, партиялық-ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1967 – 75), Қазақстан КП ОК-нің инспекторы (1975 – 80), Орал обл. партия к-тінің хатшысы (1980 – 83) қызметтерін атқарды. 1983 ж. респ. ІІМ-нің жаңадан  ұйымдастырылған саяси бөлімінің бастығы болып тағайындалып, 1986 жылғы қарашада генерал-майор атағы берілді. Қ-тың азаматтық тұлғасы осы жылғы желтоқсан айында Алматыда өтіп, Кеңес Одағының әміршіл-әкімшіл басқару жүйесін, отаршыл империяның шаңырағын шайқалтқан оқиғалар кезінде айқын көрінді. Ол көтерілісші жастар жағына ашық пейіл танытып, жазалаушы отрядтардың қимылдарын тежеуге, жарақат алған қыздар мен жігіттерге мед. көмек ұйымдастыруға барынша күш салды. Республика Бас прокурорына, Қазақстан КП ОК-нің 2-хатшысына кіріп, алаңда “заңсыздыққа жол беріліп жатқанын” айтып, бұл тағылықты тоқтатуды талап етті. Әділдік жолындағы  осы заңды әрекеттері үшін “өз қызметіне лайықсыз адам” ретінде дереу Ауғанстан соғысына жөнелтілді. Қ. 1988 – 89 ж. Ауғанстан соғысында бірнеше жауапты операцияларға қатысып, басшылық етті. Майданнан аман-есен елге оралып, Семей обл. Ішкі істер басқармасын басқарды (1989 – 94). 1995 ж. ҚР ІІМ-нің кеңесшісі болып тағайындалды. Қ. 12-13 сайланған Қазақстан Жоғ. Кеңесінің депутаты болып сайланып, Құқықтық реформа және заңдылық жөніндегі к-ттің төрағасы болды. ІІМ-нің еңб. сің. қызметкері, “Құрмет белгісі”, “Қызыл Жұлдыз”, “Халықтар достығы”, “Отан күзетінде” ордендерімен, 8 КСРО және шет ел медальдарымен марапатталған.

Әдеб.: Оңғарбаев Б., Генерал Қалматаев, А., 1995; Кенжегулова Н.С., Дорогу осилит идущий, А., 2000.

Т. Рсаев

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға